Тіл тазалығы – мәдениетті қоғамның айнасы

Қазақ тілі – сан түрлі ұлттың басын қосқан, халықтың рухани тірегі. Қазақстан республикасы көп ұлтты мемлекет. Осы орайда ұлт пен ұлысқа бөлінбей қазақ халқымен қатар «Тіл туралы» Заңын берік ұстанып жүрген өзге ұлт өкілдері қаншама. Бұл әрине, қуантарлық жағдай. Өзге ұлт өкілі қазақ тілінде сайрап тұрғаны ерекше толқытып, тебірентеді. Бірақ бір қынжылтатын нәрсе, басқа ұлт қазақ тілінде сөйлеп тұрғанымен қатар өз ұлтыңның азаматы қазақ тілін бұрмалап, орысша аралас сөйлегені көңілге кірбің түсіреді. Тіпті кейбір жас буын өз ана тілін білмейді де. Қоғамдық орындар мен автобустарда өзіңе орысша сөйлеген адамға қазақша жауап қайтарсаң, ол мейлі қазақ болсын, өзге ұлт болсын сөзіңді түсінбейді. «Өтінем, Мен қазақша түсінбеймін, орысша айтыңызшы» деп орысшалап, бақырайып тұратынына қатты қапаланатынмын. Иә, бұл жағдай осыдан 5 жыл бұрын оқу оқып жүрген кезімде бірнеше рет орын алған. Одан бері қазір «Тіл туралы» Заңға өзгертулер енгізіліп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тіл мамандары жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, тіл жанашырларының бастамасымен қазақ тілін дамытуға арналған бірнеше жобалар қолға алынып, өз деңгейінде тиісті жұмыс атқарылуда. Ол білім, ғылым, мәдениет саласында да айрықша байқалуда. Атап айтатын болсақ, қазіргі таңда білім саласы бойынша аудармалар қарқынды даму үстінде. Сондай-ақ ғылым бойынша белгілі ғалымдардың еңбектері қазақ тіліне аударылып, түрлі тәжірибеге септігін тигізуде. Ал мәдениет бойынша, қазақ тілінде ән шырқап елді өзіне қаратып жүрген өнер адамдары, Еуропа аралап халық әндерін әлемге танытып жүрген Сыр саңлақтары қаншама. Бірақ бұл біздің ана тілімізді дамытудағы бастаманың бірі.
Ал, енді тіл тазалығына тоқталсақ. Қазіргі таңда ауызекі сөйлеу кезінде ана тілімізбен қатар бірнеше жаттанды кірме сөздер, қазақ тілін қысқартып қолдану мен орыс тіліндегі сөздер көптеп қолданылады. Бұл айқын байқалмауы мүмкін. Өйткені ол жаттанды сөздер тіпті құлғымызға да етене таныс. Мысалы, «проблема жоқ», «потом сөйлесейік», «әкеп берш», «еш етпид», «қоя салш» және тағы да басқа сөз тіркестері мен сөздер. Бұл мысалдар жастар арасында кеңінен қолданылады. Тіпті әлеуметтік желіде де жазуына мән бермей қысқартып жаза беретіндер қатары аз емес. Қоғамдағы тіл мәселесінің ахуалына бей-жай қарамай бір шара қолдану керек. Осы тұста, әлеуметтік желінің белсенді тіл мамандары да құр қол отырмай, жүрген жерінде қызықты ақпараттармен бөлісіп, сөйлегенде тіл тазалығын барынша ұстанып, көпке үлгі болуда. Олардың көшін бастап тұрған белгілі журналист – Әлия Әшім көпшілікке таныс. Өткір тілі мен жан-жақты зерттеуімен және де сөз саптауымен ерекшеленеді. Осындай әлеуметтік желі белсенділері мен телебағдарламалар арқылы тіл тазалығы бойынша жас буын қызығарлықтай ойындар мен челледж және байқаулар ұйымдастырылса ауызекі сөйлеу мен жазу стилінде жас буындар қатеге жол бермеуге тырысар еді. Сондай-ақ оны қоғамда әдетке айналдырса нұр үстіне нұр болатыны анық. Өйткені бір қалыптасқан әдетті бұзу оңай емес. Сондықтан бұл ұсыныс әр тіл жанашырының бір мақсаты болуы керек. Қазақ тілі – рухани байлық пен ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлы даланың ұлағатты ұрпағы боламыз десек, ең алдымен сөзімізді түзеп, сөзіміз арқылы өзімізді түзеуіміз парыз. Себебі, мәдениетті қоғам – әуелі мәдениетті сөйлетін қоғамнан бастау алады.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото. Ашық дереккөзден