ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ ТҮЙСІКТЕ БОЛУ ТИІС
ТУМЫСЫНДА АДАМ БАЛАСЫ БІРДЕЙ. АЛАЙДА, ОЛАРДЫ БІР-БІРІНЕН ЕРЕКШЕЛЕЙТІН ӨЗІНДІК ТІЛІ, ДІНІ, МӘДЕНИЕТІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ. ОНЫҢ ІШІНДЕ, ҰЛТТЫҢ ҰЛТ ЕКЕНІН АЙҒАҚТАЙТЫН БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ТІЛ. МҰНЫҢ НЕГІЗГІ ҚЫЗМЕТІ – ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРУ, ҰЛТТЫ ҰЖЫМДАСТЫРУ. СОЛ НЕГІЗДЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ДЕ МЫҚТЫ ҚОРҒАНЫ ОСЫ ТІЛ БОЛМАҚ.
Тілдің маңыздылығын барша жұрт білетіні анық. Ол ұлттық сананы түзейтін құрал. Сондай-ақ, тек қарымқатынас құралы ғана емес, әр адамды сол тілді пайдаланушы халықтың тұлғасы етіп шығаратын құдыретті күш. Яғни, әр ұлттың өз тілі өзіндік қасиеттерімен ерекшеленеді. Осы орайда, Ұлы дала төсіндегі ұлттың ана тілі – қазақ тілі де ғажаптығымен, шұрайлылығымен айрықша. «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп баға берілген тілдің тегеуріні де мықты екені сөзсіз.
Десе де, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру басты мәселенің біріне айналғалы қашан. Туғанда дүние есігін өлеңмен ашатын халықтың тілге деген құрметі төмендеп бара жатқандай. Олай дейтініміз, Кеңес өкіметі кезінде орыс ұлтынан басқа ұлттарға орыс тілін екінші «ана тілі» ретінде насихаттау жүзеге асқанда тіл мерейі үстем болды. Ал тәуелсіздікке қол жетіп, азаттық таңының атқанына ширек ғасырдан аса уақыт өткенде тіл шұбарлығы үдей түсті. Оның үстіне қазақ бола тұра мемлекеттегі ресми тілді қолданушылар қатары тым көбейіп барады. Әрине, Елбасы үш тұғырлы саясатты ұсынып, ол Қазақстанды қарышты дамытудың тетігі екенін атап көрсетті. Дегенмен, Мемлекет басшысы басым бағыт ана тілі екенін әуелден айтқан.
Халықтың дана ақыны Абай да «Орыс тілі – дүниенің кілті» дегені рас. Бірақ қазақтың бас ақыны орысша сөйлеп, барлығын орыс тілінде жүргізу керек дегенді айтпаған. Тек қолданысы кең тілді керекке ғана пайдаланып, атап айтқанда ғылымды, ілімді үйренуге қолдану қажеттігін ескерген. Алайда, қазіргі қоғамда өз тілімізден гөрі өзгенің тілі жақынырақ болып тұр.
Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Аудан орталығында «Халық» банкінің банкоматы бар. Бір емес үшеу. Сол банкомат қызметінде үш тіл қатар тұр. Әрине, бірінші – қазақ тілі, екінші – орыс тілі, үшіншісі – ағылшын тілі. Әр айдың ортасына зейнетақы, аяғына таман еңбекақы берілетін кезде осы маңға көпшілік жиналып қалады. Сол кезеңде байқап қарасаң, әшейінде «қазақ тілінің тұғыры биік болу тиіс» дейтін жұрт барлық қызметті орыс тілінде қолданып жатады. Осыған арнайы мән беріп көрдік.
Әрине, әркімнің өз еркінде ғой. Алайда, бір банкоматқа кезекке тұрған он шақты адамның бәрі орыс тілін таңдауы алаңдатарлық жәйт. Мүмкін кездейсоқтық болар дедік алғашында. Содан келер айда тағы байқадық. Кезектілікпен ақша алып жатқандардың бәрі орыс тіліне жүгінді. Арагідік бір-екі адам ғана қазақ тілін таңдап көрді. Алайда, қазақ тіліне жүгініп, ақшасын алғанымен, төлем жүргізу үшін карточкасын қайта салып, орыс тілін таңдамасы бар ма?!
Мүмкін банкоматта бір-екі адамның қазақ тілін қолданғанын көрсе, ойланар дегенді де алға тарттық. Бірақ қанша жерден ишарат білдіргенімен бірінші емес, екінші тетікті басқанда бас шайқауға тура келді. Кейбіреулерінен «қазақ тілін неге таңдамайсыз» деп те сұрадым шыдамай. Жауап – қазақ тілінде түсініксіз. Ал қолданып көргенде барлық қызмет кәдімгідей түсінікті. Содан тіл мәселесіне келгенде кейбіреудің сөзі басқа, ісі тым бөлек екенін байқадық. Бұл қарапайым мысал болуы мүмкін. Десе де, мұның астары толғандырмай қоймайды.
Асылында, ана тілінің мәртебесі асқақ болып, тұғырынан таймауы қажет. Бұған келгенде сөз бен іс бір болғаны дұрыс. Тілге деген құрмет түйсікте болуы тиіс.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ