Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 10 газет

07 ақпан 2026 ж.

№9 газет

03 ақпан 2026 ж.

№ 8 газет

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
» » Миллион ұтыс –жігерлі жасқа берілген инвестиция

Миллион ұтыс –жігерлі жасқа берілген инвестиция

Болашақтың бетбұрысын қалыптастыратын жігерлі жас екені мәлім. Әрине, жастық – қайта келмес мүмкіндік, оны босқа өткізу – үлкен өкініш ретінде білетін біздің кейіпкеріміз – аймағымызға ғана емес, республикаға танымал Олжас Балтахожа. Жақында «Ауыл» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Бұл менің ауылым» атты бейне байқауда қоғалыкөлдік белсенді жас жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге ұтып алды. Бұл ретте жерлесімізбен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Олжас Айтхожаұлы, дәл қа­зір­гі уақытта қандай жобамен айналысып жатырсыз?

– Қазіргі уақытта әлеуметтік желі күннен-күнге көз ілеспес жылдам­дықпен өзгеріске ұшырауда. Адамның қалауы түрленіп, жаңа дүниеге қызыға бастады. Өз бизнесін ашып, мол табыс табуды көздейтін көптеген кәсіп иесі өз өнімін жарнамалауға жіті көңіл бөледі. Осы күні контент-маркетолог мамандығын меңгеріп, автосалон­нан бастап, сан түрлі кәсіп түрін жар­на­малаумен айналысамын. Бұл қызмет түрінде еркіндік бар. Үнемі шығар­машылықты дамыта отырып, өзімді жетілдіріп отырамын. Заманауи үлгі­дегі көп бағдарламаның көмегімен жекелеген компания мен кәсіп иесінің бизнесіне қан жүгіртеміз. Маркетолог мамандығы талдау мен зерттеуді қажет етеді. Нарықта бәсекелестікті арттыра білуіміз керек.

– Негізгі мамандық бойынша жұмыс жасайсыз ба?

– Негізгі мамандығым – «Техно­логиялық машиналар және жабдықтар» болса, екінші жоғары білімім – дене шынықтыру және спортқа қатысты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінде және «Ресей мем­лекеттік кәсіптік-педагогикалық универ­ситетін­де» білім алдым. Оқу бітірген жылы қоғамдық жұмысқа етене араласып, БАҚ саласына бет бұрдым. Жалпы алғанда, осы кезге дейін маркетология және қоғаммен байланыс негізінде жалақымды тауып жүрмін.

– Ауыл өмірін көрсете білген бейнероликті түсіруге қанша уақыт кетті?

– Өзім оқушы кезімнен тарих пәніне жақын болдым. Ауыл тарихына қызығушылық танытып, зерт­теу жүргізгенді ұнататын едім. Олим­пиа­даларға қатысып, жүлделі орыннан көріндім. Ауылдан шыққан танымал тұлғалардың өмір жолына қызықтым. Бір қызықты айта кетейін, «Ауыл» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған байқауға соңғы күні өтініш тапсырдым. Бір күннің ішінде бұрыннан жинақтап жүрген ауыл жөнін­дегі ақпаратты пайдаланып, бейнеролик түсіріп шықтым.

– Байқаудың жеңімпазы атан­ғанда, ерекше толқыныс болды ма?

– Әрине, толқыныс болды. Бір жағынан өзіме сенімді болдым. Туған жерім – Қоғалыкөлді жан-жақты көр­сету үшін осыған дейін жинақтаған тәжірибемді қолдана білдім. Бұл жерде мәселе қомақты қаржы ұтқаннан емес, елімнің патриот азаматы ретінде ауылымның тыныс-тіршілігін көрсете алғаныма шын қуандым.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу ай­рықша әсер қалдырды ма?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Сыр еліне жасаған сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесудің сәті түсті. Бұл уақытта мен облыстық жастар ресурстық орта­лығында жұмыс жасайтын едім. Сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев­пен бірге жастармен кездесуге келген еді. Еркін пікір алмасу бары­сында аз ғана уақыт Президентпен диалог орнады. Сол сәтте жайдарманшы екенімді айттым. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «КВН-ші жастар қазір Президент болып жатыр. Сен де алдағы уақытта Президент боларсың. Сәттілік!» деген болатын. Әрине, бұл ретте кездесудегі жауапкершілікті сезі­не білген мен облыс жастарының белсенді, мемлекетшіл екенін аңғарт­қандай болдым. Кездесудің видеосы әлеуметтік желіге жүктеліп, көптеген қаралым жинады.
– Балалық кезіңіз Қоғалыкөл ауылында өткені белгілі. Олжас белсенді бала болған шығар…

– Қоғалыкөл ауылын көлдер қоршап жатқанын жақсы білеміз. Киелі мекенде қаншама танымал тұлғаның кіндік қаны тамды. Елге белгілі жандар туған ауылда менің де талапты, белсенді бала болмауыма хақым жоқ. Бала кезімнен шығармашылық пен спортқа ерекше ынтам болды. Нарықтық заманда жаңа мамандық түрлеріне қызы­ғушылығым оянды. Фото түсіруді тұрақты әдетіме айналдырдым. Мектеп қабырғасында жүргенімде төрт мәрте жайдарман ойынының чемпионы атандым.

– Алдағы уақытта жүзеге асыратын жос­пары­ңызбен бөлісесіз бе?

– Жақын уақытта көпшіліктің сұранысы бойынша ауданға қарасты барлық ауылды видеоға түсіріп, арнайы контент жинақтағым келеді. Сонымен қатар қысқаметражды кино түсіріп, интернет кеңістігінде тарату ойда бар.


Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
07 ақпан 2026 ж. 71 0