Адалдық – адам болмысының айнасы
Адалдық – жан дүниенің мөлдір тазалығы, іс пен сөздің айнымас бірлігі және әрбір қадамымызды Жаратушы Иеміз көріп тұр деген биік жауапкершілік. Адамның шынайы келбеті мен рухани дәрежесі де оның іс-әрекетіндегі мүлтіксіз адалдығымен өлшенеді.Адалдық өмірлік ұстаным және қоғамның мызғымас тірегі ретінде қандай маңызға ие? Абай мен Шәкәрімдей даналарымыз бұл қасиетті қалай дәріптеген? Осы тақырыптардың төңірегінде ой өрбітіп, тарқатар болсақ:
Қоғамның әрбір мүшесі өз орнында адал болса, ол қоғамның болашағы баянды. Егер дәрігер – еміне, мұғалім – біліміне, құрылысшы – құрылыстың сапасына, ал басшы – халықтың аманатына адал болса, мемлекет іргесі берік болады.
Хакім Абай өзінің өлеңінде:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа? – деп, егер адамда (немесе тұтас халықта) тек қайрат пен ақыл болып, бірақ әділет пен шапағат (мейірім) болмаса, ол қасіретке алып келетіндігін айтқан.
Адалдық тек шындықты айту ғана емес, ол – ішкі дүние мен сыртқы бейненің, сөз бен істің бір жерден шығуы. Хакім Абай атамыздың 17-ші қара сөзінде: «Осы үшеуің (қайрат, ақыл, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» деп айтылғанындай, осы үшеуі бойында тоғысқан адам ғана нағыз адалдықтың үлгісін көрсете алады.
Шәкәрім атамыздың: «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл!» деген өсиетінен не түюге болады? Бұл сөздердің астарында рухани кемел адам болмысының үш негізгі борышы жатыр.
Бірінші, халқыңа еңбек қыл. Нағыз адалдық – тек өз басыңның қамын ойлау емес, қоғамға, елге пайдамды тигізу деп білу. Адал еңбек – ең үлкен ғибадаттың бірі. Халқына адал қызмет еткен жан Құдайдың алдында да ақ болмақ.
Екінші, ақ жолдан айныма. Ақ жол – адалдық пен шыншылдықтың жолы. Дүниенің азғантай жылтырағына алданбай, қиянатқа баспай, осы жолда табандылық таныту – нағыз ерлік.
Үшінші, ар сақта. Шәкәрім атамыз үшін «Ар ілімі» – ең жоғары ілім. Ар дегеніміз – адамның иманы мен рухани адалдығы. Ар сақтау – өзіңді Құдай көріп тұрғанын бір сәтке де ұмытпай, өз арыңның алдында таза болу.
Егер біз ақ жолдан айнымай, арымызды адалдықпен ұстасақ, біздің әрбір ісіміз адамдық борышымызды өтеген болады. Адалдық – бұл біздің халқымызға береке, отбасымызға бақыт сыйлайтын жалғыз жол.
Адалдықтың төресі – руханиятымыздың адалдығы. Бұл – адамның жалғыз қалғанда да, жұрт алдында да бірдей болуы. Нағыз адалдық – іші мен сыртының бүтіндігі, яғни адамның болмысы мен бейнесінің бір арнада тоғысуы. Кісінің руханияты адал болса, ол екіжүзділіктен ада болады. Оның өзгеге қолымен де, тілімен де зияны тимейді, айналасына тек сенімділік ұялатады. Бұл – рухани кемелдіктің айқын көрінісі. Егер біз руханият адалдығын өмірлік ұстаным етсек, қоғамда шынайы сенім, отбасында бақыт орнары ақиқат.
Қорыта айтқанда, адалдық – қоғамды біріктіруші күш. Ол жоқ жерде заң да, бақылау да қауқарсыз.
Құрметті аудан жұртшылығы!
Қазіргі уақытта қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтардың әлсіреуі, алаяқтықтың белең алуы, отбасындағы дағдарыс пен жастар арасындағы жат қылықтардың көбеюі бәрімізді алаңдатуда. Ислам діні адалдықты, әділеттілік пен аманатқа беріктікті қоғам тұрақтылығының негізгі шарты ретінде қарастырады.
Адалдық – заң талаптарын орындаумен ғана шектелмейді. Ол жеке тұлғаның мінез-құлқынан, еңбекке көзқарасынан, қоғамдық міндеттерге жауапкершілігінен және өзгенің құқығына құрметпен қарауынан көрініс табады.
Осы өзекті мәселелерді ескере отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) діни-қызмет аясында 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Негізгі мақсат – қоғамда әділдік пен адалдық құндылықтарын насихаттау, алаяқтық пен пайдакүнемдікке тосқауыл қою және жас буынды ар-ұят іліміне баулу. «Адал қоғам» тұжырымдамасы әрбір адамды өз ісіне, сөзіне және айналасына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Бұл бастама қоғам өмірінің барлық саласында адалдық қағидаттарын жүйелі түрде орнықтыруды көздейді. Адал еңбек мәдениетін қалыптастыру, әділеттілік пен жауапкершілікті күшейту, аманатқа қиянат жасамау және қоғамдық сенімді нығайту – жылдың басты басымдықтары болмақ. Бұл – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Біз тек заң алдында ғана емес, ар-ұятымыз бен Жаратушымыз алдында да жауаптымыз. Сондықтан адал қоғам әрбір отбасынан басталуы тиіс.
Нұрсұлтан Серікұлы,
Сырдария ауданының
Бас имамы










