Жаңа Конституция жобасын қолдады
Жақында Сырдария аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Фракция отырысына партияның Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық мәслихат депутаттары, Фракция мүшелері, тиісті сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Өз кезегінде Фракция мүшелері Ата Заңның жаңа жобасына қолдау білдірді.– Өздеріңізге белгілі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды. Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов.
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, партия аудандық филиалының Атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаттары А.Есназар мен Г.Смайлова сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына енгізілген өзгерістер бойынша баяндама оқып, өз ой-пікірлерін білдірді.
– Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын тарихи құжат. Конституциялық реформаларды жүзеге асыру – тек биліктің емес, барша халықтың ортақ жауапкершілігі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана әділетті, қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптасады. Сондықтан осындай тарихи кезеңде баршаңызды бірліктің озық үлгісін көрсетуге шақырамын, – деді фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаттары бұл реформалардың түпкі мәні Тәуелсіздігімізді нығайту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру арқылы Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа Ата Заң жобасындағы бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді айтарлықтай жаңғыртуға, саяси-қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болғанына назар аударды.
«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөз










