Бас екеу болмай, мал екеу болмас
Қазіргі уақытта отбасын құру мәселесі қоғам өмірінде өзекті мәселеге айналған. Осы тақырып кімді болса да ойландыратыны рас. Қазір байқап қарасаң әр әулетте сұр бойдақ ұл мен оң жақта отырып қалған қыз жетіп артылады. Әрбір ата-ананың арманы – қызын ұзатып, ұлын үйлендіру екені даусыз. Әрине, олардан немере сүйіп қызығын көргісі келетіні белгілі. Бұл жағдайда, әркім әртүрлі ой айтады. Кейде олар ата-ананы, тұрмыс билеген заманды, өзге де көптеген дүниені айтып, кінәліні іздеп жатады. Дегенмен бір жағдай анық. Алла Тағала барлық тіршілік иесін қосағымен жаратқанын ұмытпаған жөн.Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Қанша тырыса да, жоқшылықтан құтыла алмапты. Әбден қажыған ол бір данышпаннан ақыл сұрай барыпты.
– Уа тақсыр, Сізден бір өтінішім бар. Жоқшылықтан әбден шаршадым. Қанша әрекет етсем де, бірім екі болмайды. Бұған не кеңес бересіз?
Сонда данышпан: – Үйлен – депті.
– Мұның қалай, тақсыр? Ішерге ас, киерге киім таппай жүргенде үйлену менің немді алады?! – деп таңғалыпты кедей.
Данышпан оны егіндікке ертіп барып, пісіп тұрған бидайды оң қолымен ғана сол қолын тигізбей оруды бұйырады. Орғаныңды бір жерге жинай бер деп, өзі кетіп қалыпты. Сәлден соң қайтып келіп:
– Өндіре алмапсың. Бұл қалай?
– Сыңар қолмен қиын екен, тақсыр.
– Ендеше, енді қос қолмен орып көр.

Қос қолдап ора бастаған кедей жұмысты әп сәтте ілгерілеп тастайды.Сонда данышпан «Есіңде болсын, жігітім. Оң қол – ер, сол қол – әйел. «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Әйелің өзіңе сүйеніш, сырлас, жәрдемші болса, кедейшіліктен құтыласың» деп ақылын айтқан екен. Қазақ салт-дәстүрдің арқасында екі баласын атастырып, құда-жекжатты болғаны белгілі. Ілгеріде «Жеті жарғы» заңында балалардың үйленіп, ұрпақты көбейтіп отыруын биліктегі би мен болыс қадағалап, оған әкені жауапты қылған.
Ең бірінші ата-бабаларымыз елді қорғайтын ұрпақтың, әскердің көп болуын алдыңғы орынға қойған екен. Ол – ұлттың, ұрпақтың қауіпсіздігі екені анық.
Расында, қазіргі уақытта бір-бірімен құда болуға тартынып, жастардың еркіне салатын үлкендеріміз баршылық. Негізінен, текті, көргені мол, әулетімен елге сыйлы бола білген отбасының қызына ертеректен ер жігіттің ата-анасы көзі түсіп, айттырып баратынын естен шығармаған дұрыс. Қазіргі уақытта жастық жалынның буымен бір-бірімен ынтызарлық сезімін білдіріп, отау құрған жас отбасының шаңырағы шайқалуда. Екі ортада түсіністік таппаған ерлі-зайыптыдан бөлек, балалар жапа шегуде. Бала қашанда толық отбасында тәрбиеленген дұрыс. Өмір жолымда мемлекеттік қызметте талай мәрте сыналдық. Көппен араластық. Сонда сөз байласқалы отырған жігітін еркіне қоя беріп, әкесі айтқан отбасының ұлына тұрмысқа шығып, ұрпақ өрбіткен қарындастарымды білемін. Әйтсе де, адамның қалауына қарсы шыға алмаймыз. Дегенмен әке мен шеше ұл-қызына жаман адамды ұсынбайды.
Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі









