Материалдық база ұдайы жаңартылып отыруы тиіс
Апта ағымында Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлымен бірге әлеуметтік нысандардың жай-күйін бақылау мақсатында Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун, Іңкәрдария ауылдарына барды. Бұл сапар – Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей тапсырмасы негізінде жүзеге асып отыр.Өз кезегінде үш ауылға жасалған іс-сапар барысында аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы ғимараттардың техникалық жағдайына, санитарлық талаптардың сақталуына және тұрғындарға қызмет көрсету сапасына аса мән берді. Сәкен Сейфуллин ауылдық клубында мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жағдайымен, кітапхана және демалыс залдарының жұмысымен, сондай-ақ клуб қызметкерлерінің қызмет сапасымен танысты. Клубтың заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуі, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы және санитарлық талаптардың сақталуы тексерілді.
Ал Қалжан ахун ауылдық амбулаториясында медициналық қызметтердің қолжетімділігі, жабдықтар мен дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілуі, инженерлік желілердің жұмыс сапасы, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы және дәрігерлер мен қызметкерлердің жұмыс жағдайына ерекше назар аударды.
Аудан әкімі сондай-ақ жергілікті балабақшаның жұмысымен танысып, бүлдіршіндерге арналған оқу және ойын бөлмелерінің жай-күйін, қауіпсіздік шараларының сақталуын, тәрбиеленушілерге көрсетілетін қызмет сапасын бақылады. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты мекеме басшыларына барлық мәселені дер кезінде шешу және нысандардың тиімді, қауіпсіз әрі қолайлы жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Нысандардың тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі басты назарда болуы керектігін атап өтті.
Бұл ретте аудан әкімі Іңкәрдария ауылындағы амбулаторияны аралап, медициналық қызмет сапасын бағамдады. 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен ғимараттың жай-күйін қарап, әрбір бөлменің жасақталуы мен күтіп ұсталуы жөнінде тапсырма берді. Мұнан соң ауылдық мәдениет үйіне барып, үйірмелер жұмысын көрді. Мәдени нысанда үйірмелерді көптеп ұйымдастырып, балалардың шығармашылықпен айналысуына барлық мүмкіндікті қарастыру керектігін айтып өтті.
Бұл ретте, №191 мектепті аралау кезінде ғимаратты күрделі жөндеуге қатысты тиісті іс-шаралар қабылдау қажеттігін айтып, жылу қазандығын тексеріп көрді және мәселе туындамауы керектігіне баса назар аударды. Тиісті сала басшыларына барлық ғимаратты күтіп ұстап, кемшіліктерге жол бермеу жөнінде қатаң тапсырма берді.
«Тт» ақпарат










