Бала қуанышы – жаңа ойын алаңы
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім!» – деп ақын Қасым Аманжолов атамыз айтқандай, аядай ғана ауылдың қуанышымен бөлісуді жөн көрдік. Баласының телефонмен жиі уақыт өткізуіне алаңдайтын ата-ана үшін бұл жағымды жаңалық болды. Яғни, Қалжан ахун ауылында жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта елді мекендегі Абай Құнанбаев көшесінде орналасқан ойын алаңы заманауи жабдықталып, балалардың алаңсыз ойнауына көп септігін тигізді. Осы уақытқа дейін Қалжан ахун ауылы «көгілдір отынмен» алғашқылардың бірі болып қамтылған елді мекен атанды. Сондай-ақ бірнеше көше асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдың электр желісін қайта жаңғырту жұмысы да жүргізілді. Бұл – ауылдың келешегі үшін тағы бір жарқын қадам.
Балалардың шат-шадыман күлкісіне себеп болған ойын алаңы бір және екі адамдық әткеншекпен, ойын кешенімен, карусельмен, жасанды төсенішпен жабдықталған.
Ел игіліне атқарылып жатқан жұмыс жоспарына сәйкес, ауыл әкімі Мақсұт Қаратаев балалар үшін жақында тағы бір ойын алаңын салатынын айтып өтті.
– Көп жастарымыз ауылдан қалаға көшуді жақсы көреді. Алайда Қалжан ахун ауылы бүгінгі таңда дамып, тұрғындарға қолжетімділік артып келеді. «Көгілдір отынмен» қамтамасыз етіліп, түнгі көше жарығы бар, ауызсумен толықтай қамтылып отыр. Балаларымыздың несібесіне ойын алаңы да бюджет қаражатынан жаңадан салынды. Осы ретте, өткен жыл соңындағы аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға сәйкес, ауылда балалар ойын алаңына қажет жабдықтар сатып алуға қаржы бөлінді. Келесі ойын алаңы ауылымыздың «Бейбітшілік» көшесінде орналасады. Алдағы уақытта ауылдың көркейіп, дамуы жолында жүйелі жұмыстар атқарыла береді, – дейді ауыл әкімі.
Балабақшадан шығып дереу ойын алаңына асығатын балалар өте көп. Шат-шадыман ойнаған балдырған балалар ауылдың көркін келтіреді. Таза ауаға балаларын бір мезгіл алып шығып, серуендетіп жүрген күміс алқа иегері, көпбалалы ана Венера Еркінбаева ауылда ойын алаңы салынғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Ауылымызда жаңадан бой көтерген ойын жабдықтары балаларымыздың уақытын тиімді пайдалануына септігін тигізіп отыр. Балалар бір-бірімен асыр салып ойнап, жадырап қалды. Түрлі әткеншектер мен ойын құралдары ыңғайлы етіп салынған. Тек күтіп ұстау керек. Ол үшін әр ата-ана балаларына айтып отыруы қажет деп ойлаймын. Ауылымыздағы ойын алаңы – баланың денсаулығы мен дамуына тікелей әсер ететін маңызды ортаға айналды, – деді ауыл тұрғыны.
Осы ретте, ойын алаңы балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып қана қоймай, қарым-қатынас жасауына, ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Қауіпсіз әрі талапқа сай жабдықталған ойын алаңы – әр баланың бақытты балалық шағының кепілі болады.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










