Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалудың негізгі әдебі

Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!
Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталатын болады. Айт намазы Қызылорда облысы бойынша сағат 06:00-де оқылатын болып бекітілді.
Жалпы «құрбандық» сөзі «жақындау, жақын болу» деген мағыналарды білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан) шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деп, бұл күндері Аллаға ең ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген. Басқа бір хадисінде: «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар», – деп, барша құрбан шалуға ниет еткен мұсылмандарды осылайша сүйіншілейді.
Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты сол уақыттан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанда дейін жалғасады. Белгілі себептермен айт намазына бара алмаған жан айт намазы оқып болатындай уақыт өткеннен соң құрбан шалуына болады(мысалы сағат 06:30 да).
Құрбандыққа шалынатын малдарға кезек берсек: қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына, сондай-ақ жеті кісіге дейін бірігіп, ортақ шалуына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Құрбан айт мейрамы тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын да «жақындата» түсетін күн болуы тиіс. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстануы – бұл мейрамның негізгі сәнін кіргізеді. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал амал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, мейрамды сезіндіруіміз керек. Құрбан айт намазынан кейін барлық мұсылман ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен көрші-қолаңға «Айт қабыл болсын!» айттап шығады. Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды. Қазақ – айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған. Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады. Әр шаңырақта қазан асылады, бауырсақ пен шелпек пісіріп, мол дастарқан жайылады. Сырқат кісілердің көңілін сұрау, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру де сауабы мол іске жатады.
Алла Тағала осындай айтулы мейрамды кемел дәрежеде атқарып шығуымызды баршамызға нәсіп еткей!
Нұрсұлтан Серікұлы
Сырдария ауданының бас имамы