Құрбан айт – құтты мереке
Аса қамқор және ерекше мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын. Бүгін – Арапа, ертең – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағына беріп, жақсы амалдар арқылы Аллаға жақындау дегенді білдіреді. Ал «айт» сөзі – «мейрам» деген мағынаға саяды.
Шариғатымызда құрбандық деп – арнайы шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздауды айтамыз. Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп (міндетті). Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-аятында Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз оқы және құрбан шал!» деп әмір етіп, құрбан шалудың міндет екендігін білдірген. Аятқа мән берсек, бірінші намаз оқуды, яғни Құрбан айт намазын оқуды, сосын барып құрбан шалуды бұйырады. Демек, құрбандық шалуға айт намазы оқылып болғаннан кейін рұқсат етіледі. Ал намаз оқылғанға дейін шалып қойса, ол құрбандық болып саналмайды. Өңірімізде Құрбан айт намазы 16 маусым күні, сағат 06.00-де оқылады. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.
Қасиетті Құрбан айтта құрбандығымыз қабыл болуы үшін бірқатар маңызды мәселелерді білуіміз қажет. Құрбан шалу уәжіп болу үшін мына шарттар болу қажет: мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл (міндетті емес, өз еркіндегі амал) құрбан үкімінде болады.
Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына немесе жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.
Өмірден қайтқан кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен Құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өмірден озған адамның тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында: «(Құрбанның етінен) өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» деп айтқан. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Сол себепті де жоғарыдағы айтылып кеткен құрбандық шалу үшін қажетті шарттар болмаса, адамның нисап мөлшеріне жететін қаржысы болмаса, ол адамның құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ қажетті шарттардың барлығы орындала тұра, құрбандық шалмау да дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деген (ибн Мәжә).
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария аудандық орталық
«Мұсылмандар» мешітінің бас имамы