«Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев: Қызылорда таза әрі жинақылығымен жақсы әсер қалдырды

– Айбек аға, өңірге келген сапарыңыз аясында облыс орталығында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар барысына өзіндік көзқарасыңызды білдіре кетсеңіз...
– Сыр елі – жыр еліне ең алдымен, Алла тағаланың қалауымен, елдегі аралас-құралас болған ақын бауырларымыздың шақыртуымен кем дегенде жылына 1-2 рет айтысқа келіп тұрамыз. Қай кезде де, Мамыр, Мұхтар, Нұрмат, Ержеңіс секілді ел азаматтарымен ұдайы байланысымыз үзілмегендіктен, Сыр елінің тыныс-тіршілігімен жақын таныспыз. Өңірге келген сайын көптеген жаңа бастаманың, тың жаңалықтың куәсі атанамыз. Қызылорда қаласының өзінде кәсіпкерлердің демеушілігімен салынып, есігін халыққа айқара ашып жатқан қаншама орталық пен ғимарат көзге түсіп жатады. Әсіресе, аудан орталықтарында бой көтеріп жатқанына қуанамыз. Осындай халық игілігіне жарайтын ғимараттар бізде де салынса деген оймен, арман-тілекпен қайтамыз. Осы жолғы сапарымда облыстың бірнеше ауданын араладым. Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданында болған сәтімде ең алдымен көңілге түйгенім – облыс және аудан орталықтарынан бөлек, әрбір ауылында тазалыққа аса мән беретіні. Өте таза, жинақы елді мекендерді көргенде көңіл марқаяды. Аудандарда бой көтерген «Руханият орталықтарының» бір типте салынғанын көріп, өзге өңірлер тәжірибеге енгізсе деген ойда қалдым.
– Асқар мен Қалтайды тудырған Сырдария ауданының әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Сырдария ауданы – қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, руханиятына сүбелі үлес қосқан ақын-жазушыларды дүниеге әкелген киелі мекен саналады. Жалпы тарихы терең өзен бойын жағалай орналасқан аймақтың 7 ауданы – алқадағы қаз-қатар тізілген 7 маржан секілді. Ауданды аралаған сәтте есімі елге белгілі, даңқты батыр Нағи Ілиясов ауылының сәулеті анау-мынау аудан орталығынан, тіпті шағын қалалардан кем түспейтінін, көркі жағынан алдына шығып тұрған ауыл екенін байқадық. Соның ізімен басқа ауылдарда көркейе бастағаны ерекше. Экономикалық және рухани жағынан бұл ауданның дәрежесі өсіп келе жатыр деп санадым. Жылдан-жылға даму көкжиегіндегі аудан ретінде көңілге түйдік.
– Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында көкейдегі ой-тұжырымыңызды айтып бересіз бе?
– Қазақ тілінің мәртебесі жөнінде айтып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Шешімін таппай жатқан түйткілді біршама мәселе әрине бар. Бірақ, батпандап кірген дүние мысқылдап шығатынын жақсы білеміз. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында оған деген қажеттілік деңгейін арттыруымыз керек. Яғни, ұлттың басты байлығына деген қажеттілікті жоғарылатсақ, өзге ұлт өкілі мен басқа тілде сөйлейтін әрбір азаматымыз тілді үйренуге құлшынысы артады. Мысалы, шетелге оқуға және сан түрлі жағдайда баратын көпшілік арнайы курсқа жазылып, сол елдің тілін меңгеріп жатады. Ал біз дәл сондай дәрежеде қазақ тілін үйренуге қажеттілікті туындата алмай отырмыз. Егерде осы мәселені нықтап қолға алатын болсақ, әрбір адам өзі үшін тілді үйренуге ұмтылатын еді. Себебі, жоғарыда аталған шетел тілдерін тәжірибе жүзінде қолданбай-ақ көпшілік үйренуде. Ал қазақ тілін меңгеруде практикалық тұжырым жеткілікті деңгейде.
– Ұстаз ретінде қазақ жастарының бойында жетіспей жататын кемшін тұстары не деп ойлайсыз?
– Жоғарғы оқу орнында ұзақ жыл бойы қызмет атқарғаннан кейін біздің алдымызға еліміздің түкпір-түкпірінен білім алуға жастар келеді. Жастардың таным түсінігі, өмірге деген көзқарасы сан түрлі деңгейде. Әрбір жастың өскен ортасына да байланысты. Әрине, біздің оқу орнына ұстаз, мұғалім боламын деген ел жастарының шоғыры жиналады. Қазақы ортадан келген студенттердің бойында ұлттық тәлім-тәрбие жақсы қалыптасқан. Өз студенттерімнің арасынан көз шығарып, бас жаратындай қатты кемшілік көрген емеспін. Жалпы қазақ жастарының бойында ұлтжандылықтың, мемлекетшілдіктің болғанын қалаймын. Мүмкін қажеттілік туындағаннан болар, жастар да әлеуметтік желіге тәуелділік басым. Әлеуметтік желінің жақсы жағын пайдаланған дұрыс дегенімізбен, оған деген бағыныштылықты азайтуымыз керек. Себебі, ізденіске, білімге жұмсайтын жастардың көп уақытын әлеуметтік желі құртуда. Шын мәнінде, олар алтын уақыттың қадірін түсінсе, игі.
– Қазақ айтыс өнерінің хас жүйрігі қазіргі жас ақындардан қандай үміт күтеді?
– Қазіргі уақытта жас ақындар қаулап өсіп келе жатыр. Бізден кейінгі айтыс аламанында бірнеше буын қалыптасты. Осы күні жас айтыскерлердің мүмкіндігі жоғары. Кейінгі жастардың өнерін жоғары бағалаймын. Оның ішінде, Сыр елінен шыққан айтыс жүйріктерінің шоқтығы биік. Кешегі Сыр сүлейлерінен жалғасып, бүгінде Серік Ыдырысов ағамыз, Елена Әбдіхалықова, Мамыр Бәйдаулетов, Айнагүл Әбуова, замандасымыз Айдос Рахметов, Әбілқайыр Сыздықов секілді аса дарынды ақындар жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Сонымен қатар олардан кейінгі толқында Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміров сынды ақындар жастарға қамқорлық танытады. Осы күні жұлдыздай жарқырап жүрген Бексұлтан Орынбасардың өнерін жоғары бағалаймын. Мектеп жасындағы балалардың өзіндік деңгейі бар. Мамыр ағамыз дайындайтын айтыс ақындары ертеңгі елдің мақтанышы екені даусыз. Жыл сайын Сыр елінде өтетін республикалық оқушылар айтысы жаңа есімдердің шығуына барынша зор ықпал етеді.
– «Руханият орталығының» жұмысымен танысу барысында құрылымдық жағынан нендей ерекшілік айтар едіңіз?
– Ауданға сапарымыз аясында «Руханият орталығына» аз ғана уақыт аялдадық. Маған ұнағаны – ғимараттың сәулеттік тұрғысынан ерекшелігі. Ұлттық нақыштағы келбетіне таңдандық. Руханиятқа қатысты саланың барлығы бір жерге біріккені – керемет әсер қалдырды. Мұражайдың, кітапхананың жастар орталығының, архивтің, неке сарайының аналар, ардагерлер, қоғамдық кеңестің ортақ шоғырлануы жақсы әсер қалдырды. Осы бастама барлық еліміздің облыстарына тарату керек деген ойда болдым. Шындығында, ұлт руханиятын көтеретін бірегей жоба деп білемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ