Нашақорлық – шын қорлық

Тәрбиелік мәні зор іс-шараға аудандық емхананың психологы Мейірбек Махамбетжанов, «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» маманы Құралай Бакирова, аудандық ІІБ жасөспірімдер инспекторы Мардан Оспанов және ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Мектеп акт залына оқушылардың өз қолдарымен салған қабырға газеттері ілініпті. Онда мектеп оқушылары қиялдарына ерік бере отырып, есірткінің зиянын, болашақта қандай жағдайға апаратынын бейнелеген. Сонымен қатар арнайы видеоролик арқылы оқушыларға мағлұмат берілсе, жүргізушілер өз кезегінде нашақорлық сөзінің мағынасын түсіндіріп өтті.
Жиын барысында арнайы қонақтарға сөз берілді.
– Жасыратыны жоқ, нашақорлық қоғам дертіне айналып отыр. Есірткіге адам әуес болайын демейді. Барлығы бір ғана кішкене татып көруден басталады. Бір көрген адам екінші рет көруге де дайын тұрады. Оның үстіне есірткі құрамындағы тәуелді етуші қоспалар адамды елітіп әкетеді. Осылай бірнеше мәрте есірткі тұтынған адам ақыры соңында тәуелді болып қалады. Ал тәуелділік соңы қолдағы бардан айырылуға, айналадағы достар мен туған-туысты жоғалтуға әкеледі. Адам өмірі қара түнекке айнала бастайды. Бірақ нашақор адам оны өзі білмейді. Ең сорақысы, өлімге дейін әкеледі. Сондықтан ғасыр дертіне айналған нашақорлықпен күрес қоғаммен бірлесе жүргізілуі қажет. Жасөспірім шақтан оның зиянын түсініп, бойларыңды жаман әдеттен аулақ салуларың керек. Сонда ғана жарқын болашаққа қол жеткізесіңдер, – деп түсіндірді сала маманы М.Махамбетжанов.
Одан кейін сөз алған құқық қорғау саласы қызметкері оқушыларға түнгі уақытта беймезгіл көшеде жүрмеуді ескертті. Сондай-ақ электронды темекі сияқты «трендтегі» зиянды әдеттерден аулақ болу қажеттігін айтып өтті.
Ал кездесуге қатысқан БАҚ өкілі мектеп оқушыларына ортаның дұрыс болуы жақсы өмірге жетелейтінін, айналасы қандай болса, адам солай қарай бағытталатынын айтып, түсіндірді.
Жиын барысында оқушыларға топтық жұмыс тапсырылды. Білім алушылар үш топқа бөлініп, арнайы плакаттарға есірткінің зияны туралы өз ойларын жобалап түсірді. Сондай-ақ замандастарына кеңес айтып, жаман әдеттен аулақ болу қажеттігін айтып, пікір алмасты. Кездесу соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Друмова сөз алып, сынып жетекшілерге бірқатар ұсынысын жеткізді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ