Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі

Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген екен Мағжан Жұмабаев мектеп жайында. Газеттің бүгінгі санындағы «Білім» беті Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылындағы №139 орта мектепке арналады. Биылғы жылы мерейлі 90 жылдығын атап өтетін мектептің тарихы, тыныс-тіршілігі, жеткен жетістіктері жөнінде мектеп директоры Гүлбану Смайлова баяндап берді.

– Гүлбану Жақсылыққызы, тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгі­сі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы демекші, алғашқы сұрағымызды білім ордасының 90 жылдық тарихына арна­сақ?

– Бастапқыда «Құмшығанақ» колхозындағы Әбу молданың үйінде 4 жылдық алғашқы мектеп болып ашылған мектептің тарихы сонау 1934 жылдан бас­тау алады. Мектептің алғашқы ұстаздары Әлбатыр Бижанов, Әбсадық Тәжекеев, Бекназар Тоқымов болса, ал алғашқы түлектері Ыдырыс Бекенов, Қалдыбай Колхозов, Әлібек Асылов, Шопанбай Рахменшеев, Төлеген Дүйсебеков болған. Алғашқыда 4 жылдық болып құрылған мектеп, 1938 жылы 7 жылдық орталау мектебі болып ауыстырылды. Мектептің ең бірінші директоры – Қалмақ Сексенбаев болған. 1950 жылы мектепке қазақтың батыры, Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Аманкелді Имановтың есімі берілді. 1960-1961 жылдары мектепте шағын құс фермасы ұйымдастырылып, 250-ден аса тауық өсірілді. Мектеп мұғалімдері күшімен кіші колхоз ұйымдастыра отыра 10 гектар жүгері егілген. 1968 жылы 10 жылдық жаңа орта мектеп салынып, сол жылы қазан айында пайдалануға берілді. 1969-1970 оқу жылынан бастап «№139 Аманкелді Иманов атындағы орта мектеп» болып аталынды. 1971 жылғы орта мектептің алғашқы түлектері 1954 жылғылар 20 оқушы (10 ұл, 10 қыз) болып бітірді. Шалғайдағы малшы отбасы балалары үшін 1966-1990 жылдары мектеп жанынан ашылған 30 орындық интернат жұмыс істеді. 1984 жылы 624 орындық типтік мектеп салынып, 1985 жылы 1 қыр­күйекте жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2011 жылдың 5 желтоқсанынан бастап мектепке дейінгі балалар үшін мектеп жанынан 2 топпен 40 орындық шағын орталық ашылды. 2012 жылы мектепке меценат Нәлібаев Махмуттың демеушілігімен мектеп игілігі үшін газель автокөлігі сыйға берілді.

Алтын ұя мектептің 90 жылдық тарихында түлек­тердің, ұстаздардың жеткен жетістіктері мен марапаттары жетерлік. Әркез үздіктер қатарынан табылады. 2019 жылдан бері мектеп ҰБТ қорытындысы бойынша аудан мектептері арасында «Үздік үштік­» қатарында. Мектеп тарихында 4 «Алтын» медаль, 7 «Күміс» медаль, 9 «Алтын белгі», 5 «Үздік» аттестат иегерлері бар. 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша №139 орта мектеп ұжымы «Үздік жаңашыл мектеп» номинациясын иеленді.Тарихы тереңнен тамыр жайған мектебіміздің шәкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде еліміздің түрлі салада дамуы мен өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар. Білім орда­сының бүгінгі деңгейге жетуіне үлес қосқан аяулы ұстаздарымыз бен білікті басшыларымыздың есімі мектеп тарихында мәңгі алтын әріппен жазылып қалары анық.

– Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғаны­мен тарихтағы ең ұлы істің бірі екені белгілі. Осы ретте мектеп мұғалімдерінің құрамы және жетістіктері туралы айтып берсеңіз?

– Иә, ұстаз – ұлағатты есім. «Мектептің жаны мұғалім, мектеп қандай болса мұғалімдері де сондай. Яғни мұғалім білімді болса, балалар да көп білім алады» демекші, мектебіміздің мұғалімдерінің барлығы да өз ісінің білікті маманы деп ауыз толтырып айта аламын. Олай деуіме де толық негіз бар. Алтын ұямыздың құрамында тәжірибелі ұстаздармен қатар жас та болса білікті әрі білімді жас мамандарымызбен толығып, бүгінде жақсы көрсет­кіштер көрсетуде. Кемел келешек кілті осы жастарымыздың қолында деп білеміз. Тәжірибесі мол ұстаздарымыз кейінгі буынға әркез үлгі-өнегесін көрсетіп, бар білген-түйгендерін үйретіп келеді. Осы тұста осындай үлгі-өнеге көрсетіп жүрген мектебіміздің ұстаздарымен мақтана аламын. 2023-2024 оқу жылы бойынша мектеп құрамында жалпы мұғалімдер саны – 57. Оның ішінде жоғары білімді – 53, арнаулы орта – 3, педагог зерттеуші – 8, педагог сарапшы – 20, педагог модератор – 14. Мектепалды даярлық сыныптың тәрбиешісі Шаттық Паттеева қайта даяр­лау курсынан өтіп, сертификатталған. Бүгінде мұғалім­деріміз түрлі кәсіби байқауларда бақ сынап, жоғары нәтиже көрсетіп, біршама жетістіктерге жетіп жүр. Солардың бірі математика пәнінің мұғалімі – Ерсұлтан Шайхысламовты ерекше атап өтуге болады. Жас та болса біліктілігі мен білімінің, сонымен қоса жан-жақтылық ізденімпаз қасиетінің арқасында біраз жетістікке жетіп, бүгінде мектебіміздің бетке ұстар ұстаздарының бірі. Математикалық рагета олимпиадасынан 1 орын, үздік математика пәні мұғалімі – 2023, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жас педагогтар арасында ұйымдастырылған сайыста 1 орын, жас мұғалімдер арасында өткізілген «IQ BAIGE» интеллектуалдық сайыста 1 орын алған. Бастауыш сыныптарда сабақ өткізу әдістемесін жақсы меңгерген, ерінбей ізденетін тәжірибелі ұстаздарымыз жетерлік. Ұстаз­дары­мыз өз ісіне тиянақты, әрбір сабағын даяр­лықпен тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып мазмұнды да қызықты етіп өткізеді. Одан бөлек аудандық, қалалық, республикалық байқауларда топ жарып мектебіміздің атын шығарып, мәртебесін көтеріп жүрген Г.Смайлова, Ғ.Айтбаева, М.Тәжекеев, А.Ибраев, Б.Бахыт, Б.Кенжеғараева, Н.Аханова, А.Әбілдаева, А.Базаров, Б.Рау­шанбек, С.Маханбетов, С.Торғаева, Б.Құнан­баева, Т.Сүлейменова, Ф.Сер­жанова, А.Дүйсенбаева, Ш.Абдрасилова, Ә.Рах­менкулова секілді білікті ұстаздарымыздың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Білім мен тәрбие егіз ұғымын бір арнаға ұштастырып, шәкірттеріне сапалы білім беруде аянбай тер төгіп жүрген ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі өлшеусіз. Бар мадақ пен құрметке әбден лайық жандар.

– Оқушылардың жеткен жетістігі және пән­дік олимпиадаларға қатысу деңгейі қандай?

– Бүгінгі таңда мектепте жалпы 340 оқушы білім алуда. Мектепалды даярлықта 33 оқушы болса, ал мектеп жанынан ашылған «Толағай» шағын орталығында 20 бала бар. Биылғы жылы 11 сыныпты 15 оқушы тәмамдайды. 15 оқушының барлығы ҰБТ-ға қатысады. 1 «Алтын белгі» және 2 үздік аттес­тат үміткері бар. Шәкірт жетістігі – мектеп мерейі демекші, оқушыларымыз түрлі білім, спорттық, ғылыми байқауларда, сонымен қоса пәндік олимпиадаларда бой көрсетіп, жақсы жетістіктерге жетіп, мектебіміздің мерейін үстем етіп жүр. Шәкірттері биік шыңнан көрініп, мектеп абыройын арттырса, бұл кез келген ұстаз үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш.

– Мектеп басшысы ретінде өзіңіз туралы және қандай басшы екеніңізді айтып берсеңіз.

– 1991 жылы Қызыл­орда қала­сын­дағы М.Мә­метова атындағы педагогикалық учили­щесін үздік дипломмен аяқтап, алғашқы еңбек жолымды Сыр­дария ауданы, Ай­дарлы ауы­лындағы №139 орта мектебінің баста­уыш сынып мұғалімі болып бас­тадым. Ұстаз – адалдықты, ізденімпаздықты, еңбекқорлықты басты мұрат тұт­қан мамандық. Осы тұста басшы әрі ұстаз ретінде өзімнің бойымда осы қасиеттердің болуы міндетті деп санаймын. Мен үшін жауап­кершілік пен ұқыптылық әрдайым бірінші орында. Осы қасиеттер­дің арқасында біршама жетістікке де жеттім. Мек­теп­ті басқару қызметінде өзі­ме де, өзгеге де талап қойып, тәртіпті бірінші орынға қоямын. Біліктілігім мен білімімді жетілдіру мақсатында түрлі курстар мен семинарларда жиі бой көрсетемін. Педагогикалық технологияны жүйелі пайдалану нәтижесінде 2012 жылы 4-сыныптың қазақ тілі пәніне арналған «Жаңа технологияның тиімді қолданысы» атты әдістемелік құралым жарық көрді. Сонымен қоса ғылым мен білім саласының дамуына елеулі үлес қосқаным үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кеңес мақұлдаған республикалық «Мәртебелі маман» медалінің иегері атандым. Бұл жылдар бойғы қажымас қайрат пен тынымсыз еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. «Ұстаз – шәкіртімен ғана ұстаз» демекші, өзімнен бөлек шәкірттерімнің жетістіктері де жетерлік және олардың жетістіктерімен мақтанамын. 2013 жылдан бері қарай осы басшылық қызметтемін. Қазіргі таңда басшы-ұйымдастырушы санаты бар зерттеуші-педагог әрі мектеп директоры қызметіндемін. Жолдасым – жеке кәсіпкер. Екеуіміз 4 ұл тәрбиелеп, бүгінгі күні 2 немеренің ата-әжесіміз. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деп бекер айтылмаса керек, ұлдарым мен келінім де менің ізімді жалғап осы ұстаздық жолында.

– Алдағы уақытта оқушылармен қандай жұмыстар атқару жоспарда бар?

– Алдағы уақытта жоспарда атқарылатын біраз жұмыс бар. Биыл мектебіміздің құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан көлемінде атап өтіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты мектепте мектеп тарихы жайын­да музей жасақтаған болатынбыз. Одан бөлек мектеп алаңын абаттандыру бойынша құны 25 миллион теңгелік жобаның сметасы дайын тұр және осы жоба іске асса деген үлкен үмітіміз бар.

Өз кезегінде мұғалімдердің шеберлігін арттыру мақсатында алдағы уақытта «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік сынып сағаты» және «Үздік педагогикалық-инновациялар» байқаулары өткі­­зілетін болады. Сонымен қатар 2024-2029 жылдарға арналған мектептің даму бағдарламасын дайындаған болатынбыз. Бұл бағдар­лама педагогтардың біліктілік санаттарын көтеру мақсатында ұйымдастырылды. Яғни осы бағдарлама аясында 2 педагог-шебер шығарып, зерттеуші-педагог­тардың үлесін арттыруды жоспар­лап отырмыз. Одан бөлек күні кеше «бір мектеп, бір жоба» байқауына қатысып, ауданнан үздік деп танылып жолдама ұтып алдым. Осы жоба аясында оқушылрдың білім сапасын арттыруға білікті кадр, білікті маман қажет. Сондықтан мұғалімдердің теория­лық білімін арттыруға байланысты жоба­лар жасалды. Ендігі басты мақсат – осы жобадағы іс-шараларды іске асырып, оң нәтиже көрсету болып табылады. Алдағы уақытта оқушыларды шыңдау мақсатында халықаралық, республикалық дең­гейдегі байқауларға дайындап, жақсы нәтиже көрсетуді жоспарлап, іске асыруды көздеп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рақмет. Мектепті басқару қызметінде өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, еңбек ету мен ізденуді мұрат тұтқан, барлық күш-жігерін шәкірт тәрбиесіне арнаған мәдениеті жоғары, парасаты биік басшы ретінде өзіңізге және ел ертеңін тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымына алдағы уақытта толағай табыс пен шы­ғар­машылық шабыт тілей­­міз!


Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
27 сәуір 2024 ж. 220 0