Білім саласында бәсі биік
Тарихы тым әріден, яғни «Хан мектебінен» бастау алатын Қоғалыкөл ауылындағы іргелі білім ордасының білімді ұрпақ тәрбиелеп, түлетіп отырғанына биыл 83 жыл толды. №44 орта мектебінің негізі алғашында 9 жылдық мектеп болып қаланған.
Содан араға жарты ғасыр уақыт салып мектеп ғимараты, яғни 1987 жылы типтік жобадағы жаңа мектепке көшті. Қос қабатты білім ошағы 624 орындық. Білім ордасының типтік жобадағы жаңа ғимаратқа көшкеніне де ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында тағылымды білім ұясынан 3500-ге жуық оқушы түлеп ұшқан. Олардың қатарында атақты профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары бар. Мектепке аудандық мәслихаттың ІV, V, VІ шақырылым депутаты, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері Сламбек Қаюпов басшылық етеді. Білікті басшының білім беру саласындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде соңғы жылдары мектепті 32 оқушы «Алтын белгімен» және осынша оқушы «Үздік аттестатқа» тәмамдаған. Бұл іскер басшының ұйымдастырушылық қабілетінің және ұстаздардың білім деңгейінің жоғары екеніні білдіреді.
«Ұстаз – мектептің жүрегі» демекші, руханият ордасында 86 мұғалім оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Олардың ішінде 18 ұстаз жоғарғы санатты болса, 27 мұғалім бірінші санатты. Сондай-ақ, екінші санатты 15 ұстаз бар. Аттестацияның жаңа жүйесі бойынша 25 мұғалім педагог-зерттеуші, 23 мұғалім педагог-сарапшы, ал, 10 мұғалім педагог-модератор санатына ие болған. Қазіргі кезде мектепте 525 оқушы білім алуда. 1-4 сынып оқушылары дәстүрлі оқыту жүйесімен оқыса, қалған сыныптар карантин талаптарына сәйкес қашықтан оқытылуда. Дәстүрлі оқу жүйесі негізінде білім алып жатқан 283 оқушы 17 кезекші сыныпта оқыса, 53 оқушы даярлық сыныбына барады. Мектепте соңғы үлгідегі робототехника, мультимедия, физика, химия, биология кабинеттері жұмыс жасайды.
Жыл сайын «Алтын белгі» иегерлерін түлетіп отырған білім ордасындағы ұстаздардың еңбегі елеусіз қалған емес. «Ұстаздар күні» мерекесіне орай ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың «Құрмет грамотасымен» жоғары санатты педагог-зерттеушілер П.Сұлтанова мен Т.Жусупова марапатталды. Ал, 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің алғашқы ұстаздары З.Утепова, Г.Сейілханова, Н.Нурыллаева аудандық білім бөлімінің басшысының қабылдауында болып, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Шәкірттері шыңға шыққан ұстаздарға Түркістан облысындағы «Бір көлік» шипажайына демалуға жолдама берілген.
Ғалым да, батыр да ұстаздың алдынан өтеді. Осы ретте, ауыл инвесторлары Қайрат Нұрсейітов пен Ғалым Қауқанов ұстаздар мерекесі қарсаңында 11 мұғалімге сый-құрмет көрсетті. «Мәді қажы» ЖШС төрағасы Сейткамал Сұлтанов пен Болат Рүстемов те ұстаздарға тұрақты түрде құрмет көрсетіп келеді. Соның негізінде мұғалімдер «Алғыс хатпен» және заттай сыйлықтарға ие болуда. Қазіргі пандемия жағдайында саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында денсаулығы мен уақытын аямай жұмыс жасап жатқан ұстаздар қауымына деген көпшіліктің айтар алғысы шексіз.
Ауылдағы іргелі білім ордасында ауыл тарихынан, мектепті басқарған азаматтардың еңбек жолынан сыр шертетін мұражай жұмыс істейді. Бұл мұражай «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мектептің 1962 жылғы түлектерінің қаржылай қолдауымен ашылған. Сонымен қатар білім ордасының 1982 жылғы түлектері елді мекен кіре берісіне ауыл келбетін айшықтай түсетін арка орнатып, мектеп ауласына алма ағаштарын отырғызған. Мектеп бітіргеніне он жыл болған түлектер де аға-апаларынан қалыс қалмай мектепке ту тұғыр сыйға тартқан. Педагогикалық ұжымда алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек.
Айдана ҚАЛИЕВА