Тағылымды білім ордасы
Бесарықтағы жетпіс жылдан астам тарихы бар тағылымды білім ордасы 1948 жылы «Қазрис» мектебінің бөлімшесі ретінде ашылған. бастауыш мектеп сол кездегі Балжан сайында, Досбол кепесінде орналасқан екен. Жамбыл колхозы тұрғындарының ұсынысымен 1953 жылы Жаңадарияның бойынан сегіз жылдық мектеп үйі салынып, пайдалануға берілген.
Мектептің директоры болып Ақәйнек Түменбаев тағайындалған. Сол кездегі жұмысшы жастар үшін кешкі мектеп қоса ұйымдастырылады. Ал көпшілік тілегімен 2007 жылы қос қабатты мектеп ғимараты жаңадан бой көтерді. Жаңадан салынған білім ордасының лентасын сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған ел азаматтары қиған.
Ауылдағы мектепке биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «ДаренСтройСервис» мекемесі жалпы сомасы 92 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізді. Соның аясында мектептің шатыры мен терезелері ауыстырылып, асхананың едені жаңаланды.
Қазіргі уақытта мектепте барлығы 569 оқушы екі ауысыммен білім алуда. Ал карантин жағдайына байланысты бастауыш сыныптың 214 оқушысы кезекші сыныпта оқып жатыр. Даярлық сыныбы мен жоғарғы сынып оқушылары онлайн режимде оқытылуда. 2016 жылдан бастап мектепті осы ауылдың тумасы Ғалым Муталов басқарып келеді. Мектепте қазіргі уақытта 84 мұғалім бар. Оның 12-сі жоғарғы санатты педагог-зерттеушілер.
Әлемде болып жатқан пандемияға байланысты барлық мектеп оқушылар қашықтан оқытылды. Өткен оқу жылында мектеп бітірген түлектердің 6-ы «Алтын белгі» иегері атанды. Атап айтар болсақ, Жансая Абдрахманова, Жанерке Есіркеп, Нұрайым Молдашева, Әмина Жұманова, Мерейлім Жұмабай және Ғани Сейдалы ұстаздар үмітін ақтады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар қалаған мамандаықтары бойынша жоғары оқу орындарына түсті. Яғни, 10 талапкер мемлекеттік грантты жеңіп алса, 1 оқушы облыс әкімі грантын иеленді. 1 оқушы Қорқыт Ата атындағы университеттің ректорының грантымен, 2 оқушы жоғарғы оқу орнына ақылы негізде оқуға тапсырса, 5 оқушы колледж грантымен оқуға түскен.
– Мектепте математика, биология, информатика, химия, физика, өзін-өзі тану және мультимедия кабинеттері бар. Бұл заманауи кабинеттер сапалы білімнің негізі. Саналы ұрпақтың сапалы білім алуы үшін ұстаздар қауымының атқарар еңбегі орасан. Биылғы мектептің жеткен жетістігі осы ұстаздардың нәтижелі жұмысы, – дейді орта мектеп директоры.
Ауыл мектебінде озат оқушылармен қатар саламатты өмір салтын ұстанған спорт жеңімпаздары да білім алуда. Білім ордасында «Абай Дәулет» ЖШС-нің демеушілігімен спорттың дзюдо, таеквандо, бокс түрлерінен үйірмелер ашылып, мектеп оқушылары түрлі жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Айдана ҚАЛИЕВА