Төрт түлігін төлдеткен
Қытымыр қыстың беті қайтып, жердің тоңы жібіген тұста шуақты көктемге аяқ басамыз. Қыстан аман-есен шыққан жұртшылық төрт түлікті түгендеп, қора-қопсыны тазалауға кіріседі. Аязды күннен қиналмай шыққан шаруа адамы үшін көктем аққа қолы жететін берекелі кезең саналады.
Бүгінде көктемнің ерекше мәнін келтіретін төрт түліктің төлдеуі әрбір мал ұстайтын үйде көрініс табады. Үлкендер қауымы көрші-қолаңды жинап, уыз көжеден дәм таттырады. Келген қонақ үй иесіне ақжарма тілегін жеткізіп, ақ батасын беріп жатады. Жалпы малдың төлдеуіне байланысты қазақтың ырым-тыйымдары жеткілікті. Мәселен, буаз малды өріске қарай қуалауға болмайды. Себебі, төлдейтін мал іш тастап кетуі мүмкін. Мал төлдер алдында үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе беруге болмайды. Ондайда жас төлдің құты кетеді екен. Малшы көктем уақытында далаға жалаң аяқ, жалаң бас шықса, отарына суық тиіп ауырады деген ел арасында ырым бар. Сонымен қатар мал иесі немесе отбасында біреу қайтыс болса, төрт түлік сауылмайды, ағытып жібереді. Малдың алдынан бос ыдыспен шығуға болмайтындығын көпшілік жақсы біледі. Өйткені сүті азайып кетуі мүмкін. Көпшілік малының ортасына бөтен адамды көз тиеді деп кіргізбеген.
Бүгінде Тереңөзек кентінің тұрғыны Сәкен Бодыбаевтың сиыры мен қойы төлдеген. Жыл сайын көктем мезгілінде төлдерін аман-есен қатарға қосуды ойлайтын жергілікті тұрғыннан мал шаруашылығы жөнінде сұраған едік.
– Ежелден келе жатқан ата кәсіпті бірнеше жылдан бері меңгеріп келемін. Әрине «Мал баққанға бітеді» деген тәмсілді берік ұстанған жайымыз бар. Төрт түлік төлдеуі өз алдына қиындығымен ерекшеленеді. Қыстың екпіндеген аязы қайтқанымен, көктемнің ызғары біраз уақытқа дейін басылмайды. Осындайда қозыны жылы қорада ұстап, бұзауды енесінен ажыратпауға тырысамыз. Ағарғанға қолы жеткен адам сүт-айранның берекесін жақсы біледі. Төл басы көбейген сайын жем-шөпті молынан алып, малдың бабын табуға үйреніскенбіз. Мал баққан адам қашанда еңбекпен шынығып, кәсібін кеңейтсем деп тұрады. Жаймашуақ көктемде төл басы артып, жақсылық көбейе берсін, – дейді Сәкен Бодыбаев.
Өз кезегінде төрт түлігін төлдеткен барша шаруаға кәсібінің берекесін берсін дейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ