Ақпан-дақпан алты күн
«Қытымыр қыс келді, қамданайық» деп көпшілікті қапы қалмауға үндеп, ақпарат таратқанымыз күні кеше секілді еді. Әне-міне дегенше қыстың соңғы айына да қадам басқалы отырмыз. Ақпан – қыстың ғана емес, жылдың соңғы айы десек болады. Наурызды жыл басы деп, жаңа күннің бастауы ретінде күтетін халқымыздың танымына сүйенсек, сөзімізді дәлелдеудің қажеті болмас. Қазірде күн райы көпшілікке қолайлы болғанымен, асығыстық танытуға әлі ерте.
Ақпан күнтізбедегі ең қысқа ай саналады. Биыл да жылдың соңғы айы жиырма сегіз күнмен аяқталады. Бұл туралы түрлі аңыз-деректер сақталған. Юлий Цезарь бекіткен Григориан күнтізбесі қолданыста. Аңызға сүйенсек, бұрын жаздың үш айы 30 күннен есептеліпті. Кейін Юлий Цезарь қайтыс болғаннан кейін император туған айға оның есімі берілген. Шілде деп қазақшалаған «июль» айы императордың құрметіне аталған деседі. Цезарьдің құрметіне берілген айда отыз-ақ күн болу ерсі болар деп тапқан көпшілік шілде айына бір күн қосыпты. Сол кезде Римді Цезарьдің жиен немересі Август басқарыпты. Соның құрметіне тамыз айына да бір күн қосылыпты. Жыл 365 күннен аспайтын болған соң бұл күндерді өзге айлардан шегеруге тура келіпті. Сонда көпшілік ақылдаса келе екі күнді қыс мезгілінен шегеруді жөн санапты. Осылайша, ақпан айы 28 күнмен тәмамдалатын болыпты.
Қыстың соңғы айы төрт жылда бір рет 29 күнге созылады. Яғни әрбір төртінші жыл 366 күнді дөңгелектейді. Қазақтар оны «кібісе жыл» деп атайды. Халық арасында кібісе жыл туралы әртүрлі пікір бар. 2016 жыл, одан кейін 2020 жылға тура келген 366 күн 2024 жылға сәйкес келмек. Көбінесе, төрт жылда бір келетін кібісе жылында құрылыс бастауға, жолға шығуға болмайды, апатты жағдайлар жиі орын алады деген түсінік бар екен. Бірақ, бұл жай ғана түсінік және сенім екенін еске салғымыз келеді. Сөзімізге тарих парақтарын ақтара отырып, дәлел таба аламыз. Себебі, әр кібісе жылында халық тіршілікті түгел тоқтатып, сәтсіздік күтіп отырмас болар. Сол секілді кібісе жылында да әртүрлі игі істер орын алғанын байқаймыз. Керісінше, қазақ танымында төрт жылда бір келетін сәт ерекше орын алады.
«Ақпан» сөзі қазақтың «ақ ықпа», яғни «боран» деген сөзінен шыққан деген де дерек кездеседі. Олай деудің өзіндік себебі де бар. Қыстың соңғы айы болғанымен, қыс көктемге орнын оңайлықпен бере қоймайды. Керісінше, қыстың қытымырланып, күшіне енетін кезі де осы қыстың соңғы айына тура келіп жатады. Халық арасында «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген сөз де осыдан қалса керек. Қытымыр аяз бетті қаритын бұл жеті күн көбіне айдың нақ ортасына тура келеді. «Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан ақпан, қырлан» деп қаңтар ақпанға тапсырып кетеді екен» дегенді де естіген боларсыз.
Халық танымында «қоян жылы қыс қатты болады» деген түсінік те жиі ұшырасады. Есесіне, жазы жайлы, мамыражай, шөбі шүйгін болады деп күтіледі. «Қазгидрометтің» болжамына сүйенсек, биылғы ақпан айы халыққа қолайлы болмақ. Яғни Оңтүстік, Шығыс Қазақстан мен бірқатар өңірлерде, оның ішінде Қызылорда өңірінде ауа райы минус бір градусқа дейін ғана суымақ. Сондай-ақ жауын-шашын нормадан аз болады деген болжам бар.
Ақпан басталмай-ақ күн сәулесі мол болып, шуағы көпшілікті қуанышқа бөлеп тұрғаны рас. Десек те, «ақпан-дақпан алты күн» алда. Әлі де көктем шығып, күн жылып кетуіне ерте. Жердің сызы, қыстың ызғары әзір басыла қоймайды. Сәуір болмай тәуір болмас. Сондықтан да тұрғындарға қауіпсіздік сақтап, жылы киініп, денсаулыққа аса мән беру қажеттігін ескертеміз. Қыстан қысылмай шығайық!
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ