Сөз қадірі – өз қадірің
«Тілім – тілім-тілім, жырым – жырым-жырым». Қазақ қоғамында көп айтылып, жиі жазылатын осы бір тіркес алғашында күлкілі болып естілгенімен, тереңіне бойласаңыз, мұңға батасыз. Өйткені ана тіліміздің мерей-мәртебесін көтеруге мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатса да әлі күнге тілдің қадірін сезіне алмай келеміз. Әсіресе жастар бір-бірімен сөйлескенде, жазбаша хат алысқанда «нест? оз? киммен?» деп қазақ тілінің қадірін қашырып жүр және оны қалыпты әдетке айналдырған...
ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – МӘДЕНИЕТТІЛІК ӨЛШЕМІ
Жұмыс үстеліміздің үстінде Мұхтар Әуезовтің кітабы тұрады. Қолымыз қалт еткенде емес, күнделікті оқып, санаға тоқып, қажетімізге жаратып келеміз. Ұлтымыздың дара тұлғасы бір естелік жазбасында «Әдепті, тәрбиелі, мәдениетті адам, ол – өзінің ана тілінде дұрыс сөйлей білетін адам» депті. Жазушының сүбелі сөзінің расында да жаны бар. Мұны Ғабит Мүсіреповше айтсақ, өзінің ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа таптайды... Бұдан асырып не айтуға болады? Қазақ зиялыларының салмақты пікірі бізге тіл тазалығын сақтауымыз мәдениетіміздің өлшемі екенін айшықтап тұрғандай.
Иә, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтіп, дамытудың басты шартының бірі – тіл тазалығын сақтау. Ал тіл тазалығын сақтаудың да өзіндік міндеті бар. Біз ең алдымен сауатты жазып, сауатты сөйлей алуымыз қажет. Тіл заңдылықтарына қарама-қайшы келетін мәселелерді де тереңірек зерттеп, зерделей білсек, онда ұтарымыз көп болмақ. Өзіміз шығармашылықпен күнделікті айналысқаннан кейін әрі ана тіліміздің жанашыры болғандықтан түрлі сауалға назар аударып, азды-көпті зерттеп келеміз. Сонда байқайтынымыз, қоғам мүшелерінің жасы да, жасамысы да тіл тазалығына мән бермейді. Әрине, бәріне бірдей кінә тағуға болмас. Сөйлегенде сөздің мәні мен мағынасын ұштастырып, дәлел мен дәйекті сабақтастырып сөз саптайтын, өзінің ой-пікірін қарапайым тілде, ұғынықты түрде еркін жеткізетін аға буын өкілдері бар. Бірақ олар саусақпен санарлық. Жасы үлкен болғанымен тіл тазалығына жауапсыз қарайтын, тіл әуезділігін, дыбыс үндестігін сақтамайтын ардагерлер де бар. Кейде олар мінбеге шығып, халыққа сөз арнағанда ана тіліміздің аясын тарылтқан іс-әрекетіне іштей өкпелеп қаламыз.
Қастерлі Тәуелсіздік бізге, біздің халқымызға көп игілік сыйлады. Оның ең бастысы, ана тілімізде еркін сөйлеп, еркін жаза алуымыз десек, ешкім жоққа шығармас. Бұрын тоғыз қазақ пен бір өзге ұлт өкілі кезіге қалса, тоғызы түгел өзге тілде шүлдірлеп кететін-ді. Қазір бұл әдет аз да болса тыйылды. Парламент пен Үкіметтің отырысы да ана тілімізде жүргізілетін болды. Бір сөзбен айтқанда, ана тіліміздің сапалық мазмұнын арттыру бағытында саяси мәдениет қалыптасты. Ендеше тіл тазалығын сақтау мен оны насихаттап, дәріптеуде Мұхтар Әуезов айтқандай өзіміздің ішкі әдебіміз, тәрбиеміз, мәдениетіміз басты бағдар болуы керек. Сонда ғана сауатты жазып, сауаты сөйлеу мәдениеті қалыптасары анық.
ШАРА МА, ІС-ШАРА МА?
Қазір шара мен іс-шараны ажырата алмай, жұртты шатастыратындар көбейіп кетті. Сахнаға шығып құттықтау сөз сөйлейтіндер де сөзді қате қолданып жүр және ол әдетке айналған. Айтушы да, тыңдаушы да аса мән бермеген соң қате сөз қолданысқа еркін еніп кетті. Өткен жылы ауданымызда ұйымдастырылған облыстық деңгейдегі іс-шарада бұл туралы ашып айтқанбыз. Сонда қатысушылар бас изеп, мақұлдаған болатын.
Енді талдап айтар болсақ, шара «өтпейді», ол «қолданылады» немесе «қабылданады». «Тәртіптік шара көрілді», «Тәртіптік шара көрді» десек те қате емес. Яғни, адамдар шараға қатыспайды, іс-шараға қатысады. Өйткені шараның тура аудармасы – мера. Ал іс-шара дегеніміз – жиын, кеңес, концерт... Сондықтан ресми органдар ақпарат таратқанда «...әкімі шараға қатысты» деп емес, «...әкімі іс-шараға қатысты» деп жазса дұрыс болады. Мұны тіл тазалығын сақтауға жасалған қадам деп түсінуіміз керек.
Тағы бір мысал келтірейік. Бүгінде «...салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау...» деп жазып жүргендер көп. Қатесін түзетіп, салауаттың бөлек, саламаттың бөлек мағына білдіретінін, салауатты емес, саламатты деп жазу қажет екенін айтып-ақ жүрміз. Бір қарағанда анауайтқандай айырмашылық жоқ секілді. Бірақ тіл тазалығын сақтаймыз десек, мән берерлік тұсы бар. Оның үстіне біз «Салауатсыз ба» деп емес, «Саламатсыз ба» деп амандасамыз. Бұдан аман-саулықтың саламат деген сөзбен байланысты екенін аңғарамыз. Сондай-ақ салауат сөзі араб тілінде «құрмет көрсету», «кешірім сұрау», «игілік тілеу» дегенді білдіреді екен. Сол себепті, мемлекет тарапынан қабылданған «Саламатты Қазақстан» атты Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында «салауатты» емес «саламатты» сөзі қолданылған. Яғни, саламат – деннің саулығына, салауат – кешірім мен жақсылық тілеуге байланысты қолданылатын сөз. Мұны қазақ тілінің мамандары әлдеқашан-ақ айтып, түсіндіріп жүр. Енді «...салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау...» дегеніміз дұрыс па, әлде «...саламатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау...» дегеніміз дұрыс па, өзіңіз бағамдай беріңіз.
Жоғарыдағы сөз тіркестері жөнінде көп мысал келтіруге болады. Мәселен, «Асықпаған арбамен Қояндыға барады» дегенді «Асықпаған арбамен қоян алады» деп мүлде бөлек мағынада қолданып жүргеніміз туралы сөз айтудың өзі артық. Осыны ескерген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына себеп болатын – халықтың өзі. Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» депті. Қарапайым өмірде сөзді орнымен қолданбасақ, мәні мен мағынасын ажырата білмесек, ұлт ретінде жұтылып кетуіміз ғажап емес.
АЙТУҒА ОҢАЙ, ЖАЗУДА ҚИЫН
Сөзді қате қолданып жүргендердің көбісі «айтуға оңай, жазуда қиын» деген сылтау айтады. Содан ғой «келе жатырдың» орнына – «кел атыр», «келе жатырмыз» деудің орнына – «кел атырмыз» деп айтып жүр. Мұндай мысалды көп келтіруге болады. Мәселен, жастар жағы «сатып жатыр» дегенді «сатып атыр» дейді де «сондай ғо, көрдім ғо, естідім ғо, білдім ғо, ұқтым ғо» деп сөйлейді. Арасында «ойерде, сойерде, ойақта, бұйақта» деп шүлдірлейтіндер де бар. Мұнан бөлек хат алысқанда «нест?», «оз?», «киммен?» деп жазатындар көп. Осындай бір замандасымның пікірін білсем: «Онда тұрған не бар? Бастысы, түсінсе болды деп ойлаймын. Бәрібір ешкім дұрыс сөйлемейді. Жоғары лауазымды басшылардың өзі қағазға қарап айтады» дейді ол. Көрдіңіз бе, біз өз кінәмізді мойындағымыз келмейді және оны өзгенің қателігімен жасыруға тырысамыз. Осы ретте Ауғанның оты мен өртін көзбен көрген, терең сезінген ұлтжанды азамат Бақытбек Смағұлдың пікірін білдік.
«Еуропаның жүрегі саналатын Бельгия елінің тағдыры сабақ алуға тұрарлық. Бұл алып ұлыс қазіргі Бельгиядан әлдеқайда байтақ жерге – сонау Францияның теріскейі мен Германияның батысына дейін созылып жатқан үлкен аумаққа иелік еткен. Бертінде оны Рим империясы басып алып, біздің дәуірімізге дейінгі 16 жылы империя құрамындағы Белгика (Gallia Belgica) провинциясы пайда болады. Осы кезеңде белгилер жер бетінен жойылып кете жаздаған. Юлий Цезарь өзінің «Галл соғысы туралы жазбаларында»: «Белгилердің жартысын қырып салдық, қалғаны тілсіз құлға айналды» деп шабыттана жазады, – деген Бақытбек Смағұл Батыс Рим империясы біздің дәуіріміздің V ғасырында ғұн бабаларымыздың жойқын соққысына шыдамай, түпкілікті күйрегені жөнінде айтты.
Ол кезде қандықол империядан құқай көрген, құлға айналған талай ұлт пен ұлыс азаттығын алғанын білеміз. Заманауи Еуропа қалыптаса бастады деуге болады. Бұл белгилердің де еңсе тіктей бастаған кезі еді. Алайда көп ұзамай, бұл ұлыс Римнің мұрасын бөлісіп, тез нығайған герман, ағылшын, француз державаларының талауына түсіп, жұлма-жұлмасы шығады. Одан қалды орта ғасырларда біресе Нидерландтың, біресе Испанияның, біресе Францияның құрамына кіреді. Тілінен айырылып, түрлі дінге бөлініп, тоз-тоз болатын тұсы да осы кез. Ақыры 1830 жылғы 23 қыркүйекте Нидерландтан тәуелсіздік алып, жеке Корольдік құрғанда, бұл жұртта ата-бабаларының белги тілін білмейтін ұрпақ қана қалады.
Бүгінде Бельгияда 3 ресми тіл (француз, нидерланд және неміс тілі) бар екен. Алайда әлемде белги тілі деген жоқ. Тіліне қарай жік-жікке бөлінген Бельгия тіпті ХХІ ғасырдың басында мемлекет ретінде ыдырауға шақ қалды. Қазір де бұл қауіп сақталуда. Бүгінде осы бір мемлекетте бірін-бірі түсінбейтін «екі елдің» адамдары тұрып жатыр. Бельгияның Фландрия бөлігінде нидерланд тілінде сөйлейтін, ал Валлонияда французша ғана тілдесетін бельгиялықтар тұрады екен. Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Әрине, тіл тазалығына мән беруіміз керек. Біздің басты мақсатымыз – қазақша білмейтіндерге мемлекеттік тілді үйрету, қазақы ортаға баулу болуы қажет. Әйтпесе айтуға оңай, жазуда қиын деп жүре берсек, ана тіліміз жаһанданудың жетегінде жұтылып кетуі мүмкін.
БӘРІМІЗ БІРДЕЙ ЖАУАПТЫМЫЗ
Тіл үшін күрес кеше немесе бүгін басталған жоқ. Бұл ертең бітетін де жұмыс емес. Қазақ қалыптасқалы бері ана тілін ардақтап-ақ келеді. Мәселен, С.Сейфуллиннің тіл мәселесін тереңірек қаузап көлемді 50 мақала жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сондағы көтеретіні – тілдің шұбарлануы, ана тіліміздің өз деңгейінде қолданылмауы, қайткенде тілімізді таза сақтап қаламыз деген секілді өзекті мәселелер. Одан бері де біраз уақыт өтті. Өзгергенді де, сөзге ергенді де көрдік, көңілге түйдік.
Осы орайда былтыр облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттерінің бас редакторлары Қ.Шарабидинов және Ж.Исаевпен бірге Шымкент қаласына семинарға барып, сонда Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Т.Сұлтанбекпен танысқаным еске түседі. Сол таныстықтан кейін жамбылдық әріптестеріміз жарыққа шығаратын басылымды үзбей оқитын болдым. Бірер ай бұрын мерзімді басылымда «Өз тіліміз өгейдің күйін кешпесін» тақырыбында мақала жарияланыпты. Авторы Нұржан Әліш екен.
«Руслан Бейсен есімді тараздық тұрғын ана тілімізге деген алаңдаушылығын білдіріп, редакциямызға хабарласқан еді. Айтуынша, ол жеке көлігімен адам тасып күнелтетін болғандықтан қаны қазақ жолаушылардың дені өз тілін біле тұра көбіне орыс тілінде сөйлесетінінің талай куәсі болыпты. Ол мұны құлдық санамен байланыстырып отыр.
– Бір жолы қала ішінде екі әйел тоқтатып, көлігіме отырды. Анасы мен қызы екені сөздерінен білініп тұр. Ұлты қазақ болса да жолай бір-бірімен орысша сөйлесіп келе жатты. Діттеген жеріне жеткенше орысша шүйіркелесті. «Сіздер қазақсыздар ма?» деп сосын әдейі сұрадым.
«Қазақ екенімізді түрімізден танымай тұрсың ба?» дегендей анасы жақтырмай бажырая қарап, «Иә» деп жауап берді. «Қазақ бола тұра неге бір-біріңізбен орысша сөйлесесіздер?» деген едім, басым бәлеге қалды. «Біз демократиялық мемлекетте өмір сүреміз, қай тілде сөйлесек те өз еркіміз. Сіздің шаруаңыз болмасын, өз жөніңізді біліңіз, бізде неңіз бар?» деп жер-жебіріме жеткізіп айқайлап берді. Затым еркек болғандықтан онымен сөз салғыластырмадым. Сонда мен ұлттың, тілдің болашағына алаңдамауым керек пе? Қазақ тілінің қайтсек көсегесін көгертеміз деген ой әр қазақтың көкейінде тұруы керек деп ойлаймын. Осыны мәселе етіп көтеріңіздерші. Айта берсек, мүмкін мініміз түзелер. Бәріміз бұл мәселеге немкеттілікпен қарасақ, әрине, ертең тілден айырыламыз. Ал тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын қазақ зиялылары әлдеқашан айтып кеткен, – деді Р.Бейсен.
Сөзінің жаны бар. Ұлтымыз қазақ бола тұра ұрпағымызбен өзге тілде әңгіме айтар болсақ, болашағымыз не болмақ?» дейді мақала авторы.
Мақаланы оқып отырып, ойландық... Біз ана тіліміздің мерей-мәртебесін арттыруға расында да бәріміз бірдей жауапты екенімізді естен шығарып алдық-ау деп іштей өкпеледік. Бұған дейін айтыла-айтыла, жазыла-жазыла жауыр болған тақырып болса да оқырманға ой салу мақсатында сараптап, салмақтағанды жөн көрдік. Түптеп келгенде, тіл тазалығын сақтау жолындағы ұмтылысымыз – ұлттық ұйысуымыздың негізі болмақ. Ендеше, сауатты сөйлеп, қатесіз жаза білейік, құрметті оқырман!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ