Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазаққа бала күтуші қажет пе?

Қазаққа бала күтуші қажет пе?

Әлеуметтік желі­лерде бала құқығының тапталып, ересек адамдардан зәбір көре­тіндігі жөнінде ақ­па­раттар жарияланып жатады. Ба­ла бабын таба білетін күту­шілерге сұраныс жо­ға­ры бол­ға­нымен, сенбестік те ту­ын­дайды. Себебі, баланың кү­ті­міне жауапты мамандар қыз­ме­тіне салғырт қарап, дауыс көтеруден, ұрып-соғудан, зор­лық белгілерін жасаудан тайсалмайды.

Шын мәнінде, бала күтуші ананың орнын баса алмасы анық. Дегенмен, тәулік бойы жұмысқа байланған ата-ана бала күтуші жалдауға мәжбүр. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» дейтін қазақтың сәбиін жыр­мен жұбатып, әнмен әлдилеген кездер күні бүгінге дейін сақталған. Ертеректе үлкендер немересін бауырына басып, тәрбиенің алтын діңгегін қалыптастырған. Расында, атаның ғибратты әңгімесі, әженің ертегісін тыңдап өскен бала құймақұлақ болып өседі. Қазақылықты бойына сінірген баланың мінез-құлқы, ой-танымы ата-әженің тәрбиесі арқылы мүлдем бөлек қалыптасады. Осы ретте, қазақ­қа бала күтуші қажет пе? деген заңды сауал туын­дайды. Әйтсе де, отауын сайлап, қара шаңырақтан бөлек шыққан ата-аналар баласын күтушіге табыстауды әдетке айналдырған. Ғаламтор желісіндегі бала күту­шілердің пікіріне сүйенсек, мамандық бойынша диплом алғанымен, жұмыс көзі табылмай жатады екен. Сондықтан жалданып жан баққан бала күтуші қарауына сеніп тапсырылған баланың барлық жағдайын жасауға тиісті болып табылады.

Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі бала күтуші болуға әуес. Негізінен, 19-21 жас ара­­лы­ғындағы студенттер жаз мезгілінде бала күтушілікті қосымша жұмыс ретінде қарастырады. Бұл ретте, еңбек өтілі аз күтуші бала қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарамайтыны сөзсіз. Бүгінде кез келген ата-ана күтушінің жұмысын бақылау мақсатында үйіне бейнебақылау орнатуға дағдыланған. Ең алдымен, кісіні жұмысқа қабылдамас бұрын оның психикасын, соттылығын анықтайтын анықтама, алкоголь мен есірткіге тәуелділігі жоқтығын растайтын, қауіпті және жұқпалы дертпен ауырмайтындығын растайтын медициналық анықтама талап ету керек.

– Бірнеше жылдан бері бала күтіміне байланысты арнайы маманның көмегіне жүгініп келемін. Жалпы, бала қарау ісіне аса жауапкершілік керек. Қай кезде де, кішкентайларымыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, үлкен азамат болуына барымызды саламыз. Расында, ел көлемінде орын алып жатқан балаға қатысты оқиғаларды көріп, жүрегіміз ауырады. Шын мәнінде, балаға барынша мейірім төксе, айналасынан жасқанбай өсетін болады. Өмірде сан түрлі жағдайдың алдын алу үшін бала құқықтарын сақтауымыз керек. Әрине, жұмысбастылығын алға тартқан ата-аналар бала күтушісінен бөлек, перзентінің тәрбиесіне көңіл бөлуі – маңызды, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Л.Рысбаева.

Жалпы, ҚР баланың құқықтары туралы №345 заңында 10 тарау, 52 баптан тұратын негізгі қағида бойынша еліміздің балғындарының әлеуметттік жағдайын қамтамасыз ету, ата-ана мәртебесін бекіту, білім алуға арналған мүмкіндігі қарастырылған. Оның ішінде, бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының атқаратын қызметтері тізбектелген.

Өз кезегінде көптеген баланың өсуіне тікелей себепкер атанған тереңөзектік П.Нөкеева айталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

– Расында, ата-әженің тәрбиесін көрген баланың ұлттық әдет-ғұрыпты жадына тоқитыны жасырын емес. Біздің уақытта оннан аса немерені жалғыз өзі бағып, жеткізе білген жандар баршылық болатын. Қазіргі нарық заманында зейнет демалысына шыққан ата-әженің қосымша жұмыс жасап жүргенін көзіміз көріп жүр. Отбасының күнкөрісін жақсар­ту мақсатында уақытынан ертерек жұмысқа шығатын жас аналар баланың күтіміне мұқият қарайтын бала күтуші іздейді. Мен бірнеше жылдан аса уақытта бала күтуші ретінде еңбек етіп келемін. Әрбір ата-ана баласын өзіме сеніп тапсырғаннан кейін аса ыждағаттылықпен қарауға тырысамын. Кей жағдайда сәбидің денсаулығына аса мән берген абзал. Сәби кезінен оларды күтімге алу қиындыққа соқтыратыны жасырын емес. Олардың уақытылы тамақтануы, ұйықтауы, ойнауы барлығын қадағалап отырған дұрыс. Дегенмен, артылған жауапкершілікті мүлтіксіз орындау үшін бала күтімін мұқият жасауға міндеттіміз. Шындығында, бала күтушілік қызметтің айтарлықтай ауыртпалығын сезініп келеміз, – дейді П.Нөкеева.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 тамыз 2023 ж. 184 0