ЕРТЕГІДЕ ЕЛ ЕРТЕҢІ БАР
Қазақ халқының бала тәрбиелеу дәстүрі сонау ауыз әдебиетінен бастау алады. Қай ұлтта болмасын халық ауыз әдебиетінде ең алғаш пайда болған, ең тұңғыш айтылған өлең, жыр, әңгімелер балаларға, тәрбие мәселесіне арналған. Өйткені, кез келген ұлт бала тәрбиесін бірінші орынға қояды. Ал қазақ басынан қандай нәубет өтсе де ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық.
Еңбекші халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениеті мен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер ерекшелігі қамтылған халық ауыз әдебиетінің ерекше түрі – ертегілердің бала тәрбиесінде алар орны зор. Мұны көп ғасыр бойына халықтың ұмытпай сақтап келуінің, сүйе айтып, сүйсіне тыңдауының өзі-ақ дәлелдейді. Халқымыз ертегілерді өскелең ұрпақтың елін, Отанын сүюге, халыққа адал қызмет етуге тәрбиелейтін құралдың бірі есебінде пайдаланған. Ондағы алуан түрлі кейіпкерлердің іс-әрекетін, олардың тапқырлық, адамгершілік, ерлік істерін жастарға үлгі-өнеге еткен. Осының өзінен тәрбиенің төркінін көруге болады.
Бүгінде көпті «Қазақ ертегісінің байырғы маңызы сақталған ба?» деген сұрақ мазалайды. Әрине, бірден «иә» деп келісе кету қиынырақ. Өйткені, ертегімен ұйқыға кететін баланы көп деп айта алмаймыз. Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген екен. Сол айтқандай, қаһарман батырдың қорқынышы бұл кезде бірте-бірте айнымас шындыққа айналып келе жатқандай.
«Бірте-бірте» деп жылы жабамыз-ау! Шындығында, бұл бүгіннің бір өзекті мәселесі. Қазіргі таңда заманауи технология дамыған кезде балалардың қиялынан тек автоматтар мен роботтар ғана туады. Қазақтың бесік жырын шетелдің әуені алмастырса, ертегінің орнын телеарна мен компьютердегі ойындар, түрлі мультфильмдер басты. Қазіргі балалардың бір-біріне мейірімсіз, қатал болуы да содан болса керек. Ертегі тыңдап өскен бала басқа балаларға қарағанда арманы мен қиялы ұшқыр, шын қуана білетін ерекше қасиетке ие болады. Ертегінің негізгі қайнар көзі отбасындағы ата-әже болып табылады. Сол кісілердің айтқан ертегілері талай баланың арман-мақсатына қанат бітіріп, алыстарға жетелеген еді. Ата мен әженің берген тәлім-тәрбиесі ешкімді де ұятқа қалдырған емес.
Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Қазақ ертегілері – тәрбиенің айнымас көмекші құралы. Сондықтан да бала тәрбиесінде ертегі айтуды әдетке айналдырған абзал.
Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
ҚМУ-дың II курс студенті