Баланың тілі шықпаса...
Бұрындары қоғамда көп атала бермейтін «логопед» мамандарына бүгінде сұраныс артқан. Қазір мейлі ол мемлекеттік болсын, мейлі жекеменшік болсын әр балабақшада, әр мектепте логопед мамандар жұмыс істейді. Оның негізгі себебі – көп балаларда тіл мүкістігінің болуы яки жасы екіден асса да сөйлей алмауы. Бүгін біз «Балалар арасында бұндай жағдай неге жиі кездесіп жүр?» деген сауалға жауап іздеп көреміз.
Жас сәби екі жасында «ана», «әке», «ата», «әже» деген бір буынды сөздермен қатар қысқа сөз тіркестерін де айта алуы қажет. Олай болмаған жағдайда арнайы маманның көмегіне кеш болмай тұрып жүгінген дұрыс. Өйткені дені сау, өсуі қалыпты бала бұл кезде атын атап шақырғанда қарап, өзінің нешеде екенін саусақпен көрсете алуы керек. Әр баланың даму ерекшелігі әр түрлі дегенмен де, психологиялық даму жас ерекшелігі бойынша жүзеге асып отырады.
Ең бірінші себеп қазіргі баланың көзін ашқаннан ұялы телефонға әуес болуында. Тіпті енді еңбектеген баланың да алдына түрлі-түсті шетелдің мультфилімі қосылған телефонды сағаттап қосып қоятындар бар. Бесікте жатқан баланың бас жағына ән қосып телефон жастап қойғанды да көріп жүрміз. Ондағысы бесік жырын яки баяу әуен қосып қояды. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Біріншіден, түрлі энергия тарататын ұялы телефон жас сәбиге зиян болса, екіншіден, бесік жырын өзі айту арқылы ана мен бала арасында тығыз байланыс орнамақ. Бесікте жатып анасының даусына қаныққан сәби анасынан нәр алып, оған жан дүниесімен жақындай түседі. Ол дәлелденген.
Тіпті бірнеше танысымның тілі орысша шыққан балалары бар. Ойлаңызшы, әкесі, анасы – қазақ. Ол отбасыда қарым-қатынас тек қазақ тілінде жүреді. Бірақ бесіктен белі шыққан сәбиі орысша сөйлейді. Ал қазақшаға шорқақ. Екі сөздің басын жалғаусыз әрең құрайды. Таңғажайып жайтқа таңданған ата-ана баласына, оның іс-әрекетіне талдау жасаса, ол үйде кішкентай баламен ешкім сөйлеспейді, бала өз бетінше теледидар, телефоннан керегін көріп отырады. Ал кішкентай бала оны түсінбейді деп ойлау – қате. Себебі бала туылғаннан оған айтылған сөз баланың миында қалады. Бір жастан асқан соң баламен үлкен кісіше сөйлескен абзал. Тіпті ол түсінбесе де, әрине сізге жауап бермесе де. Баланың түпкі санасында сіздің айтқандарыңыз сақталып қалады. Өз кезегінде ұдайы коммуникация құру бала тілінің тез шығуына ықпал етеді. Бұл тұста балабақшалардың пайдасы зор. Себебі онда балалар өзі қатарлас баламен сөйлесіп, түсінісіп, тез сөйлеп кетеді.
Және байқасаңыз, қазіргі кішкентай балалар ағылшынша сөздерді де еркін айтады. Оның басты себебі баланың ұзақ уақыт бойы ұялы телефоннан орысша, ағылшынша мультфильм мен бағдарламаларды, ойындарды көруі. Теледидар ұлтты тәрбиелеуші құралға айналғалы қашан?! Қазір ұялы телефоннан кез келген дүниені тауып алып көруге болады. Бірақ оның балаға қай жағынан әсер етіп жатқанын аңдап отыру – ата-анаға міндет. Ақпараттық технологияның, техниканың дәуірі шығар, десек те сол ұялыдан ең болмаса, қазақы ертегі мен мультфильм қосып беру де оңтайлы.
Жас балалардың арасында тіл мүкістігі кездесуінің негізгі себебінің бірі – ішкен тағамның зияндығынан. Иә, қазір тағамның көбі табиғи емес деп дабыл қағамыз. Оның ішінде, кішкентайлар әуес қуырылған картоп, тәтті су – бұның бәрі ағзаға тіпті зиян. Үлкен мәселенің шешімін алысты орағытпай-ақ, ұлттық құндылық саналатын ұлттық тағамдардан іздеуге болады. Қарапайым ғана мысал – қолдан жасалған құрт. Құрт жеген баланың тілі қозғалыста болып, тілінің тез шығып әрі анық сөйлеуіне ықпал етеді. Кезінде әжелер күбі пісіп, май алғанда балалардың алақанына май салып беретін болған. Бұл баланың асқазан, ішек жолдары майланып, өз кезегінде ауру-сырқаудың алдын алатын көрінеді. Бірақ қазір май жейтін бала да, күбі пісетін әже де аз...
Бала тілінің уақытында шықпауының медициналық себептері де болуы мүмкін. Мысалы, тістің қисық шығуы, есту қабілетінің нашар болуы, тілдің жырық яки тіл астында артық сіңір болуы немесе тілдің жырықтығы. Сондай-ақ басты себептің бірі баланың жүйке жүйесінің зақымдалуы болуы мүмкін. Кішкентайында қатты қорқып немесе шошыған баланың тілі де уақытылы шыға қоймайды. Сөйлеуі кешеуілдейді. Тек сөйлеу емес, оған сәйкес баланың ойлау қабілеті мен есте сақтауы да артта қалады.
Баланың тілі екі жастан асқанша шықпаса, қазақы ырымдарды жасап жататындар да бар. Нағашы жұрты қой сойып, бата қылып, малдың тоқ ішегімен баланың мойнын байлап, ырымын жасайтын болған. Сондай-ақ жас балаға тіл, таңдай беру де наным-сенімге негізделген. «Ырымға сенсең, қырын кетпейсің» деп жатады. Жасалған ырымнан кейін кей баланың расында да сөйлеу қабілеті дамыса, кей балада еш өзгеріс болмайды. Ең дұрысы – арнайы мамандардың көмегіне жүгіну. Сондай-ақ әр мәселенің жауабын – ұлттық құндылықтардан іздеу орынды. Мысалы, қазақтың ауыз әдебиеті, оның ішінде ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш жаттатып, қайталатып үйрету баланың тілі анық шығуымен қатар есте сақтау қабілетінің дамуына да оң әсер етеді.
– Қазіргі ата-аналардың баласымен сөйлесуге уақыты жоқ. Әңгіме, ертегі оқып беретін әжелер де жоқтың қасы. Бұның бәрі баланың дамуына қажет, – дейді логопед маман Н.Бақтыбай.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден