Бала тілінің кеш шығуы баршаны алаңдатады
Цифрлық технологиялар заманы келіп, қарышты дамып, адамдар кітаптан, бір-бірімен жақынырақ сөйлесуден алшақтаған уақытта логопед мамандардың қызметіне сұраныс артты. Бүгінде еліміздегі әр мектепте, тіпті әрбір балабақшада баланың тіл мүкістігін түзететін логопед мамандар жұмыс істейді.
Ойлы оқырманға «Балалар жылы» аясында кішкентай балғындарға қатысты бірнеше мәселені көтеріп келеміз. Осы кезге дейін әрбір ата-ананы жиі ойландыратын көптің көкейіндегі жағдайдың анық-қанығына қол жеткізу маңызды.
Негізінен, 1 жасқа келген бала 10-15 сөз анық айтса, 3 жастан асқан уақытта толықтай сөйлеп кетуі тиіс екен. Бүгінде 4-5 жасқа келген баланың сөзді дұрыс айтпауы барынша алаңдатады. Жалпы, бүлдіршіннің сөйлеуі туабітті құбылыс пен психологиялық, физиологиялық факторға байланысты. Өз кезегінде осы саланы тереңнен зерттеп жүрген мамандар әріптерді дұрыс айта алмау салдарынан туындайтын «сигматизм», «лямбдацизм», «дизартрия» секілді терминдерді қолданады. Кейбір жағдайда «сақаулық» мен «быдықтық» баланың дұрыс сөйлемеуін анықтайтын терминнің бір түрі саналады. Сонымен бірге баланың ауыз аппаратында ауытқулар болуы тілдің кеш шығуына едәуір әсер етеді. Оған тістің қисық шығуы таңдай мен тілдің жырығы секілді тағы да басқа көптеген жағдай жатқызылады.
Шындығында бала тілінің кеш шығуының бірнеше нақты себебі бар. Мысалы, жүктілік барысында ананың көңіл-күйі болмай, күйзелісте жүруі, тұқым қуалаушылық, дыбыс шығару жүйесінің бұзылуы бала тілінің мүкістігіне тікелей әсер етеді. Ал ауыз қуысының бұлшық еті дұрыс жұмыс жасамаса, қатты қорыққаннан тұтығу салдары орын алса, өзге диагнозға байланысты қолданылған дәрі-дәрмектің салдарынан да сөйлеу жүйесі едәуір бұзылады. Ең бастысы, құрсақ көтерген ана жүктілік кезінде денсаулығына деген күтімді күшейту керек. Бұл ретте, баланы кішкентайынан ұрып-соғу да психологиялық жетілуін тежейді. Сондықтан балаға ертегі, бесік жырын айтып, өсе келе көп әңгімелесуге тырысқан жөн. Баланың 5-6 айында адамның іс-қимылын қайталау қасиеті басым болады. Мұндайда ата-ана балаға сөйлемді анық, түсінікті тілде жеткізе білуі тиіс.
Айта кетейік, жыл сайын «14 қараша – халықаралық логопедтер күні» аталып өтіледі. Бұл ретте, мереке барысында аудандық емхананың логопед маманы Жандос Қалмаханов өз жұмысы жайында пікір білдірді.
– Қазіргі уақытта аудан бойынша тілі кеш шыққан немесе сөйлеу жүйесі бұзылған 500-ге жуық бала бар. Әрбір науқаспен 10 күндік ем-шара 4-5 рет жүргізіледі. Күніне 35-40 минут жасалатын ем-шараға баланың бетіне, ауыз қуысы мен тілге массаж жасау, әріптерді дұрысынан қою секілді тәжірибелік жұмыс кіреді. Біз ем-шара кезінде зонд құрылғысын пайдаланамыз. Тілді қайыру арқылы бірнеше мәрте жаттықтырамыз. Көбіне р, с, л, ң әрпі зондпен қойылады. Сонымен бірге баланың сөздік қоры таусылуымен де, жан-жақты жұмыс жасалады. Анығында, аутизм, ДЦП диагнозымен ауыратын балалармен қатар, дизартрия, ОНР, ОНМК, моторная афазия секілді сырқаты бар жандарға көмектесеміз. Барынша емдеуге тырысамыз. Бүлдіршіндерден бөлек, мидағы қан айналымының бұзылуы салдарынан сөйлеу қабілеті төмендеген ересек кісімен жұмыс жасалады. Күрделі мамандықпен шұғылдану кезінде ата-ана артқан сенім үдесінен шығу басты орында тұрады. Жауапкершілікті сезініп, баланы қалыпты жағдайда сөйлеуге дағдылау ұзақ ем-шараны қажет етеді. Мұндайда ата-анаға сабырлық танытуын сұраймыз, – дейді аудандық емхананың логопед маманы.
Әсілінде, логопед 3 жастан асқан балалармен тығыз байланыс орнатады. Осы күні ақылды гаджеттің де баланың сөйлеуін тежейтіндігін жасармаймыз. Ал ата-ананың өз перзентін түсініксіз тілде еркелетуі де, тілдің кеш шығуына зардабын тигізеді. Кішкентайынан тілді жаттықтыру үшін қатты затты жегізудің пайдасы зор.
Қазақта баланың тілі кеш шыққан жағдайда жасалатын ертеден келе жатқан ырым бар. Мезгілінде тілі шықпаған баланы нағашысы арнайы қой сойып тоқ ішегімен немесе өңешпен қылғындыратын болған. Ұлтымызда «Өңеш қылғындыру» ырымы осыдан қалған. Жиен аталған ырым жасалғаннан кейін, өздігінен сөйлеуге дағдыланған деседі.
Қай кезде де, баланың бойынан кемдік немесе ақау анықталған уақытта дереу дәрігер кеңесіне жүгінген дұрыс. Сөйлеуге ықылас танытпаған баланың іс-әрекетін еркелікке баламай, оның болашағы үшін ертерек қамданған ұтымдырақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ