Тіл мүкістігін түзейтін тәжірибелі логопед
Логопед мамандардың айтуынша соңғы жылдары тіл мүкістігіне шалдыққан балалар көптеп кездеседі. Дұрыс сөйлемеген баласына кеш мән берген ата-аналар арнайы мамандарға уақыт өткізіп алып келеді. Сондықтан мамандар тарапынан тілдің, сөйлеу ақаулығының кемшілігін жою оңайға тимейді. Бұл жайында аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев мектеп-лицейінің логопед маманы Сәлима Аймбетова кеңінен айтып берді.
Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университеттің дефектолог-логопед мамандығы бойынша жоғарғы білім алған жас маман алғашқы еңбек жолын Алматыдағы арнаулы түзету интернатында бастайды. Білікті мамандардан тәжірибе жинаған дефектолог алғаш рет тіл мүкістігіне шалдыққан балалармен жұмыс істеуді үйреніп, алғашқы нәтижелерін де көреді.
Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университеттің дефектолог-логопед мамандығы бойынша жоғарғы білім алған жас маман алғашқы еңбек жолын Алматыдағы арнаулы түзету интернатында бастайды. Білікті мамандардан тәжірибе жинаған дефектолог алғаш рет тіл мүкістігіне шалдыққан балалармен жұмыс істеуді үйреніп, алғашқы нәтижелерін де көреді.
Туған елге оралған маман мамандық таңдауда қателеспегенін түсініп, мамандығы арқылы көптеген балаларға көмектесе алатынына көзі жетеді. Сол кездегі білім бөлімінің басшысының қолдауымен өзінің еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік алады. 2012 жылы аудандағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде сөйлеу тілінде мүкістігі бар балғындарға көмектесе бастайды.
– Осыдан 8 жыл бұрын ауданның білім саласын басқарған Баян Сүюбаева апаймен ұзақ сұхбаттасқаным есімде. Апай қайткен күнде де ауданда кенжелеп қалған мамандықты жандандыруға күш салды. Логопедтің қоғамға қажет екенін, жұмысты ілгерілету үшін қандай жағдай жасау керек екенін түсіндіріп, арнайы штат бірлігін ашты. Тіл мүкістігіне шалдыққан балаларды жинап, арнайы кабинет ашып, олармен жұмыс істеуге қамқорлық танытты. Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде сөйлеу тілінде мүкістігі бар 2,5-18 жас аралығындағы барлық балалармен жұмыс істеуге әзірміз. Қазіргі кезде арнайы кабинетке 40 бала және №36 мектеп-лицей жанынан ашылған логопункке 44 бала келеді. Барлық балалармен жеке дара арнайы сабақ кестесіне сәйкес әріптесім Маржан Жақсылыққызымен бірге жұмыс жүргізіміз. Бір баланың өзіне аптасына 2-3 мәрте түзету жүргізіледі. Жұмыс барысында тіл кемістігі бар балаларға ғана емес, ақыл-ойында ерекшелігі бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмектесеміз. Балаларды ата-аналары Шіркейлі, Шаған, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарынан әкеледі, – дейді логопед Сәлима Аймбетова.
Айта кету керек, маманға жазылу үшін арнайы дәрігердің жолдамасы қажет. Баласының бойында тіл мүкістігін немесе тірек-қимыл аппаратында ақауын байқаған ата-ана уақыт оздырмай Жалағаш ауданындағы психологиялық-педагогикалық медициналық кеңес беру орталығына барады. Орталықтағы дефектолог, психолог, сурдопедагог, психиатр, логопед мамандарына жүгініп, диагностикадан өтеді. Диагнозы анықталғаннан соң, орталық мамандары берген қорытындысымен аудандағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинетіне немесе №36 мектеп-лицей жанындағы логопункке жолдама береді. Жолдама арқылы балалар тұрақты түрде, тіл мүкістігінен айыққанша маманнан түзету көмегін алады.
Жалпы тіл мүкістігін бала ана құрсағында жатқан кезде алуы мүмкін, дейді мамандар. Мұндай дертке жүкті әйел тұмауратса, антибиотиктер қабылдаса, күйзеліске ұшыраса, туылу кезінде баланың басы қысылып қалса немесе шарана жатыр ішінде шамадан тыс соққы алса шалдығуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай тіл ақауы нәресте дүниеге келгеннен соң да пайда болады. Тілдің өз жасынан кеш шығуы бас-ми қысымының жоғары немесе кистаның болуы баланың сөйлеу тілінің қалыпты дамуына кері әсерін тигізеді.
– Қазіргі кезде балалардың арасында аутизмге шалдыққандар көп. Бала мұндай ауруға шалдыққанда басқа әлемде өмір сүреді. Оның түрі көп. Жеңіл немесе ауыр түріне байланысты емдеуге болады. Қазір маман ретінде бар күшімізді осындай дертке шалдыққандарға жұмсап отырмыз. Сондай-ақ, балалар арасында «Р» дыбысын айта алмайтындар өте көп. Ата-ана міндетті түрде осыған мән беруі керек. «Р» дыбысын айтқанда баланың тілі жоғары көтерілмейді. Бұл тіл асты желбезегінің қысқалығына байланысты және артикуляциялық аппараттардың дұрыс бағыттамауы салдарынан туындайтын ақаулық. Тіл асты желбезегінің ұзын-қысқалығының өлшеміне байланысты ем жүргізіледі. Қысқа болса ұзартамыз, ұзын болса жоғары таңдайға бағыттаймыз, – дейді маман Сәлима Алтынбайқызы.
Ауданда 2012 жылдан бері 280-ге жуық баланың тіл мүкістігін қалпына келтірген маман ең күрделі диагноз қойылған, яғни мүлде сөйлемейтін 100-ден астам баланы дертінен айықтырып, қатарға қосқанын мақтанышпен айтуға болады. Қазір балалардың барлығы қатарынан қалмай мектепте оқып жүр.
Логопед Сәлима Алтынбайқызы «ринолалия» диагнозына шалдыққан, яғни таңдайсыз туылған баланы арнайы ота жасалғаннан соң қалпына келтіргені – білікті маманның жетістігі. Осы жетістігі үшін облыстық білім басқармасы тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталды. Әдістемелік-оқу орталығында шеберлік сағатын өткізіп, тіл мүкістігін түзетуге арналған жұмысы әдістеме ретінде әріптестеріне таратылды.
Жақында маман жоғарғы санатты педагог-логопед, зерттеуші-педагог дәрежесін алды. Бұл өз ісінің білгірі, тәжірибелі маманның ізденісі мен еңбегіне берілген лайықты баға.
Бүгінде 3 перзенттің анасы атанған Сәлима балаларын бір өзі жеткізіп келеді. Жолдасының кенеттен дүниеден өткеніне біршама жыл болды. Отбасындағы Сезім, Сұңғат, Сұңқар есімді балғындар анасының қолқанаты.
Бақытын балаларынан, ел игілігі үшін жасаған сүйікті ісінен тапқан жас маман, сүйікті ана талай балаларға көмегі тиетініне, тіл мүкістігін қалпына келтіретініне, олардың да қоғамның белді мүшесі болатынына сенеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ