Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тілі дұрыс шықсын десеңіз – логопед кеңесі

Бала тілі дұрыс шықсын десеңіз – логопед кеңесі

Бала анасының бойына біткеннен бастап, шыр етіп дүниеге келген кезде де даму үстінде болады. Осы орайда ата-ана бала дүниеге келгеннен бастап оның ұсақ моторикасын және сөйлеу тілін дамытуға баса көңіл бөлуі керек.

Мамандардың айтуынша, бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып, ал үш жастан асқан соң еркін сөйлесе алатын жағдайда болуы қажет.

Қазіргі кезде тілі мүкіс не уақытынан кеш шығатын балалар саны көп. Бала тілінің кеш шығу себептері мен оларды емдеу жолдарын психолог, логопед маман Әлия Ерлан айтып берді.
 
"Ең алдымен әр ата-ана өзінен бастауы керек. Себебі, сөйлеу өздігінен пайда болмайды, оны үйрену және балаға үйрету қажет. Бұл тек қарым-қатынас процесінде ғана жүзеге асады. Егер сіз табиғатыңыздан үнсіз, көп сөйлемейтін жан болсаңыз да, балаңызбен міндетті түрде сөйлесіңіз. Себебі балаға өзіне қатысты жағдайды және айналасында не болып жатқанын түсіндірсе, балаға айтқаныңды түсіну оңай болады. Сондықтан өз әрекетіңізді сөзбен түсіндіріп отыруға тырысыңыз", – дейді маман.
 
Екіншіден, кез келген жағдайды баяндап отыруға тырысу керек. Бұл – бала сізді тыңдап, көріп отырғанына көз жеткізгенде ғана баратын әрекет. Өйткені бала үшін сіз – үлгі алатын бірінші адамсыз. Сөйлеген кезде сөзіңіз балаға бағытталуы тиіс. Одан бөлек көзіне қарап сөйлеңіз. Бұл балаңыз мазасыз, бір орында отырмайтын, көп қимылдайтын болса маңызды.

Маманның айтуынша, егер сіздің кішкентайыңыз әлі де тілі шықпаған болса немесе аз сөз айтса, артикуляциялық жаттығуды қолдануға болады. Ол дегеніміз – сөйлеу тілі аппаратының бұлшық еттерін шынықтыратын, оның мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын қалыптастыратын және нығайтып, жетілдіретін арнайы іріктеліп алынған жаттығулар болып табылады.

Сонымен қатар түзеу жұмысында белсенді қолданылатын логопедиялық массаж және өзін-өзі уқалауға үйрету артикуляциялық бұлшық еттердің тонусын тез қалпына келтіруге және үйлесімді артикуляциялық қимылдарды қалыптастыруға ықпал етеді. Тыныс алу жаттығуларының да берері мол. Тыныс шығару, үзіліс және тыныс.

Сондай-ақ логопед ата-ана әр сөзді, сөйлемді асықпай, анық, түсінікті айтуы керек, дейді. Балалар өте сезімтал. Тіпті бір сөзді тәртібін өзгертіп бірнеше рет қайталап айтыңыз. Бала жаңа сөзді меңгеруі үшін сол сөзді бірнеше рет түрлі бағытта қолданған дұрыс.

Бала тілінің даму ерекшеліктері

"Баланың тілі дұрыс шығу үшін ата-аналарға қандай кеңес айтасыз? " деген сауалымызға: "Баланың тілі тез және дұрыс шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Балаларға көбіне үлкендердің әңгімелесіп, тілдесуі жетіспейді. Сәби керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл – баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы", – деген жауап қатты.

Одан бөлек ұсақ моториканы дамыту жағын естен шығармаған жөн. Себебі саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді. Басында ата-анасы баласының дұрыс сөйлемеуін еркелік деп ойлауы мүмкін. Сол ойымен көп уақытын өткізіп алатын көрінеді.

Кейбірі әкесі бала кезінде кеш сөйлегендіктен тұқымнан деп топшылайды. Маманның айтуынша, бұл – қате түсінік. Мектепке барғанға дейін бала дұрыс сөйлемесе ата-ана дабыл қаққаны жөн.

"Әр ата-ана баласының үйлесімді дамығанын армандайды және соған ұмтылады. Баланың мықты және дені сау, ақылды, табысты, жақсы сөйлесе екен деп ойлайды. Сөйлеудің дамуы балада ерекшелігіне байланысты әртүрлі. Егер кейбірі 1,5 жасында тоқтамай сөйлеп, толыққанды сөйлем құрай алса, басқасы алғашқы сөздерін екі жасынан кейін ғана айта бастайды. Әрине алғашқы кезде сәби анасы не әкесінен естіген әр сөзді қайталауға тырысады. Әріптер мен сөйлемдер көңілді комбинация ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ балаға дұрыс үлгі көрсетсе, тілі тез шығады", – дейді Әлия Ерлан.

Логопедтің айтуынша, балада туылған сәттен бастап дыбыстық реакциялар пайда болады.

Бала тілінің 0-ден 2 жасқа дейінгі дамуын бірнеше кезеңге бөлуге болады.

Яғни:
 
• 2-3 ай: бұл уақытта бала уілдеп, былдырлай бастайды. Бала үндемесе, ата-ана дабыл қаға бастауы керек;
 
• 9-10 ай: ересектердің сөйлеуі мен алғашқы сөздер туралы түсінік қалыптасады. Бірақ бұл жаста бала ересектердің сөйлеуіне емес, жағдай мен интонацияға жауап береді;
 
• 11-12 ай: сөйлеушінің интонациясына және қоршаған жағдайға қарамастан, не айтып жатқанына реакция бар;
 
• 1-1,5 жас: баланың ситуациялық сөйлеуі дамиды. Сөздері жағдайға байланысты әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін. Бала дыбыстарды жиі шатастырып, бұрмалайды;
 
• 1,5-2 жас: ересектердің сөйлеуін түсінудің қарқынды даму кезеңі.

Баланың сөздің қорындағы сөз саны тез артады, алғашқы тіркестер пайда болады. Сөздер ситуациялық емес, жалпыланған. Осы кезеңде бала үлгі алуы және қайталауы үшін сөйлеудің қажетті көлемін қамтамасыз ету өте маңызды. Ми жасушалары сөздерді және оларды сөйлемге қосу ережелерін барынша меңгеруге дайын.

Бала қалай сөйлеп үйренеді?

"Әр балада тілінің даму ерекшелігі әртүрлі жүретінін айттық. Сол себептен баланы дамыту және тәрбиелеу мәселесін тиімді шешу үшін ересек адам өзінің дамуының белгілі бір кезеңінде баланың нені білуі керек екенін нақты түсінуі керек", – деген психолог маман екі жастағы баланың даму деңгейіне тоқталды.

Екі жастағы бала тілінің орташа даму деңгейі:
 
• Балалар қарапайым сюжеттік суреттерде көрсетілген әрекеттер мен заттарды және үстелге қой, диванға отыр деген сияқты сөздерді түсінеді;
 
• Екі бөліктен тұратын ересектердің өтініштерін орындай алады;
 
• Бір жарым жасқа дейін баланың сөздік қоры шамамен 50 сөзді құраса, екі жасында 200-400 сөз болады.
Баланың сөздік қорының басым бөлігі ойын және тұрмыстық тақырыптағы заттарды білдіретін зат есімдер, сондай-ақ қарапайым әрекеттерді білдіретін етістіктерден тұрады.

Бір жарым жастан асқаннан кейін балалар "бұл қалай аталады?", "бұл не?" деген тараптағы сұрақтарды жиі қоя бастайды. Десе де сөйлеу әлі де аграмматикалық тұрғыда, яғни сөздің грамматикалық құрылысындағы қателер болады.

"Балалар 2-4 сөзден тұратын сөз тіркестерін қолданады, қазіргі кездегі 3-ші тұлғаның етістіктерін зат есімдермен келістіреді. Кейбір жағдайлардың формаларын қолданады. Етістіктердің бірінші жағы және "мен" есімдігі пайда болады. Баланың сөйлеуіндегі қателік ана тілінің көптеген дыбыстарының дұрыс емес дыбысталуымен сипатталады (физиологиялық тіл сатысы). Баланың әрбір қимылын қадағалаңыз. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет. Оның денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп болуы мүмкін", – дейді психолог.

Балаға жаңа сөзді қалай үйретеміз?

"Балаға жаңа сөздерді үйрету кезінде есте сақтау керек бірінші нәрсе: "Жақсы көңіл-күй – сәттілік кепілі". Бала білмейтін жаңа сөздерді эмоционалды жағымды жағдайда айтыңыз. Психологтар мұндай жағдайда бала он есе жақсы оқып, тез үйренетінін байқаған. Сондай-ақ баланың көру, жанасу, иіс сезу, яғни тақырыпты әртүрлі тәсілдермен зерттеу мүмкіндігінің болуы маңызды. Егер сіз баланың бір затты алып, ұстап отырғанын байқасаңыз, зат атауын түсінікті, анық әрі мәнерлеп бірнеше рет айтыңыз", – деген логопед маман бала сізбен сөйлескісі келсе, көңілін қайтармау керек екенін айтты.

Маман баланың сөйлесуге деген ынтасын әрдайым қолдап отыруы керек дейді. Егер баланың былдырлауы бірсарынды болса, өзгертуге тырысыңыз. Нақтыласақ, басқа да дауысты, дауыссыз дыбыстарды (ля-ля-ля, ку-ку, дю-дя) пайдалана отырып, өзгешелеу керек.

"Жалпы бала 6 жасқа дейін барлық әріпті толық айтуға тиіс. Сөйлеуінде кедергі, ақауы бар балаларды 3-сыныпқа логопед мамандарға көрсетсе, түзеліп кетеді. Ал логопедтің жұмысынан кейін де әріптері дұрыс болмаса, ол баланы сөйлеу кемістіктерін түзейтін арнайы мектептерге берген жөн", – деп қорытындылады Әлия Ерлан.




19 маусым 2022 ж. 293 0