Үмбетаевтар отбасы – І орын иегері
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Иә, шаңырақ шаттығын бар бақыттың бастауы деп білетін халқымыз үшін Отан мен отбасы егіз ұғым, қасиетті құндылық. Осы ретте, елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Дәстүрге айналған байқау жергілікті жерде де аудандық, облыстық деңгейде ұйымдастырылып, өнегелі, үлгілі, парасатты отбасылар марапатталуда. Биыл Шаған ауылындағы Үмбетаевтар отбасы ұлттық байқаудың облыстың кезеңінде жүлделі І орынды иеленді. Бұл ауыл үшін ғана емес, ауданымыз үшін де жақсы жаңалық, мерейлі қуаныш, ортақ жетістік.
Ақдәулет Үмбетаев... Аламесек ауылдық советінде 1920 жылы дүниеге келіп, жалынды жастық кезеңі сұрапыл соғыспен тұспа-тұспа өткен майдангердің есімі аудан халқына етене таныс. Небәрі 19 жасында елді қорғаймын деп әскерге аттанып, кейін соғыс басталғанда пулеметшілер ротасында пулеметші болған жауынгердің ерлігі мен еңбегін ел жақсы біледі. «Жеңіс үшін» деп ұрандатқан майдангер Қырым маңайындағы кескілескен шайқастардың бірінде ауыр жарақаттанып, тұтқынға түседі. Тұтқынға түсудің қияметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Талай тауқыметпен бетпе-бет келіп, қиын күндерді бастан өткерген сарбаз қанша қиналса да жау әскеріне сырын да, шынын да айтпай, өз антына адал болып, соғыс аяқталарға бір жыл қалғанда тұтқыннан қашып шығады. Сөйтіп Чехославакия партизандарына қайта қосылып, немістерге қарсы соғысады. Майдан даласындағы ерлігі, өрлігі еленіп, «За Отвагу», «Ерлігі үшін» медалдарымен наградталады және елге жеңіспен оралады.
Тәртіп пен тазалық тегінде бар азамат бейбіт күнде ұстаздық қызметті абыроймен атқарған. Ақдәулет Үмбетаевтың тиянақтылығын, талапшылдығын шағандықтар әлі күнде аңыз қылып айтса, ол азаматтың тәрбиесінің, тәлімінің және адал еңбекті ту еткен азаматтық қарым-қабілетінің айнасы деп ұғуға болады. Үмбетаевтар әулетінің тірегі ұстаздық қызмет ете жүріп Ташкент қаласындағы ауылшаруашылығы институтында агрономия мамандығы бойынша білім алады. Жиырма жылға жуық уақыт Қызылорда облыстық өсімдік қорғау станциясының маманы, сондай-ақ «Тереңөзек» күріш совхозында күрішші болып қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққаннан кейін де ел ісіне етене араласады. Бір қызығы, шаруашылықта жүрсе де шығармашылықпен айналысып, қолынан қара қаламын тастамай, аудандық газетпен тығыз байланыста болады. Бұл туралы біз «Сыр журналистикасының тарихы» кітабын жарыққа шығарғанымызда анық байқап, айқын бағамдап, Ақдәулет Үмбетаевтың «Еңбек туы» газетінің штаттан тыс тілшісі болғанын аңғарғанбыз. Мұның бәрін біз неге айтып, неге жазып отырмыз? Мақсатымыз – әулеттің негізін қалаған, үлгілі үрдісін кейінгі ұрпаққа аманат еткен азамат туралы оқырмандарымызды хабардар ету. Бірақ, 1982 жылы бейнетінің нағыз зейнетін көрер 62 жасында А.Үмбетаевтың өмірден өткені көңілге қаяу салады. Замандасы Яхия ақсақал секілді ғасырлық белесті бағындырып, халыққа ақ батасын арнап, ортамызда жүрсе қанекей деп ойлайтынымыз да сондықтан. Ал, осындай азаматпен 16 жасында бас қосып, он үш құрсақ көтеріп, ақ жаулығын кірлетпей, ұл-қыздарына аяулы ана, немере-шөберелеріне ардақты әже бола білген Ибагүл Шәкірқызы туралы айтпай өту мүмкін емес. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан, өмірден өз орындарын тапқан ұл-қыздарынан және ұрпақтарынан тараған елуге жуық немере мен қырыққа жақын шөберенің ортасында шаңыраққа шаттық сыйлап отырған ардақты жанды «Ел анасы» деп айтуға болады. Міне, осындай өсіп-өнген әулеттің, берекелі отбасының «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының облыстың кезеңінде жүлделі І орын иеленуі қай қырынан алсақ та орынды, лайықты. Бұл туралы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын облыстық деңгейде дайындау және өткізу, жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов ерекше айтып өтті.
– Біз – ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Өзіме Сырдария ауданының атынан қатысқан Үмбетаевтар отбасының дайындығы, жалпы отбасылық жетістіктері ұнады. Комиссия да қолдау білдіріп, еңбектерін лайықты бағалап, ортақ шешім негізінде бұл отбасыға І орын берілді. Үлкен әулеттің берекесі, ырыс-несібесі болып отырған Ибагүл Шәкірқызына және отбасының барлық мүшелеріне абырой-амандық, зор денсаулық тілеймін. Баршаңызды жеңімпаз атануларыңызбен тағы да құттықтай отырып, шаңыраққа шаттық, бақ-береке орнауына тілектеспін, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Енді отбасынан тараған ұл-қыздар жөнінде жазсақ. Ақдәулет Үмбетаев пен Ибагүл Шәкірқызының тұла бойы тұңғышы – Ұмытпас Байдәулетов. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері бүгінде еңбек демалысында. Ауданға белгілі ардақты азамат қазір Ақтөбе қаласында бала-шағасының ортасында жүрсе де ауылдан қол үзген емес. Ағайынның тойына, әріптестері мен замандас достарының қуанышына ортақтасып, қай кезде де игі істердің басы-қасынан табылып жүр. Көршілес облыста тұрып жатса да аудандық газетті алдырып оқитын ыждағаттылығының өзі көпке үлгі. «Тіршілік тынысы» газетін оқысам, өзімді ауылда жүргендей сезінемін. Аудан жаңалықтарымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болып отырамын» деп бізге дем беріп, шабыт сыйлап, тілеулестік кеуілмен хабарласып тұратыны да жақсы әулеттен, өнегелі отбасынан шыққанының белгісі шығар. Бұл мақала жалпы әулетке арналғаннан кейін тек Ұмытпас Байдәулетов туралы кеңінен жазсақ, онда мақаланың көлемі артып кететіні анық. Өйткені, білікті де білімді азаматтың Іңкәрдария мектебінде мұғалім, Тереңөзек аудандық советі атқарушы комитетінде комиссия хатшысы, аудандық әкімшілікте инспектор, ҚР Баға және монополия комитетінің облыстық департаментінде бас маман, аудандық пошта торабы мекемесі басшысының орынбасары, Шаған ауылының әкімі, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінде бас маман болғанын жеке дара бір мақалаға арқау етуге болады. Айтпақшы, бірер жыл бұрын Шаһарбек Нұрсейітов «Ұмытпастың ұмытылмас жылдары мен жолдары» тақырыбында арнайы мақала жазып, ол газетімізде жарияланған еді. Бүгін тек Ұмекеңнің «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» және «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері екенін, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен талай рет марапатталғанын жазуды жөн көрдік.
Отбасының екінші қызы Қыдыргүл – ардагер-ұстаз. Жолдасы Мұратбек екеуі Айзат, Меруерт, Алтынай есімді үш қыз тәрбиелеп өсірген. Қыздарының үлкені Айзат Жаңаөзен қаласындағы қалалық ауруханада дәрігер және күндізгі бөлімнің меңгерушісі болса, Меруерт Ақтөбеге қарасты Темір ауданындағы Қопа ауылындағы орта мектеп директорының орынбасары ретінде жұмыс істеуде. Кенже қыздары Алтынай компьютер тілін терең меңгерген білікті бағдарламашы. Ал отбасының екінші қызы Алмагүл Ақтөбе қаласында тұрады, ұлдары Ернар мен Нұрдәулет жеке кәсіпкер болса, кенжесі Жантөре әскери қызметкер. Шаңырақтың төртінші перзенті Әмір осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған. Бүгінде келіншегі Ақмарал жоғары санатты ұстаз болса, ұл-қыздары мектепте білім алып жүр. Бесінші ұл Тимур «Эко-компас» мекемесінде диспетчер, жұбайы Зухра ұстаз. Бұл отбасының үлкені Әсел Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын тәмамдап, бүгінде психолог болып еңбек етіп жүр, сондай-ақ Данияр мен Бексұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Ақдәулет Үмбетаев пен Ибагүл Шәкірқызының ұл-қыздарының есімдеріне қарап, есім қоюға ерекше мән беретінін аңғаруға болады. Мәселен, Көреген деген есімді мен осы әулеттің алтыншы ұлы Көреген ағамен танысқанда бірінші рет естіп, танып, білдім. Айтуынша, ерекше есімі қазақ халқының таным-түсінігінде жақсы атауға ие азаматтарға қарата айтылатын «көреген» сөзіне байланысты қойылыпты. Сол Көреген ағамыз қазір автокөліктің сырын, техниканың тілін терең меңгерген кәсіби маман. Жұбайы Қалдыгүл – білім саласының белді қызметкері. Отбасында Ақмарал, Аружан есімді қос қыз тәрбиелеп, екеуі де жоғары білімді маман атанған. Мұнан кейін Төлеген және Бөлеген деген екі азамат бар. Екеуі де жеке кәсіппен айналысады. Үлкен әулеттің тоғызыншы ұл Ербол ата-анасы секілді бақ қонып, құт дарыған көп балалы отбасы. Ол газ саласында оператор маманы болып қызмет атқарады. Ерекше айтып кету керек, білім саласында ұстаздық қызмет атқаратын жұбайы Әйгерім – үшемді дүниеге әкелген бақытты ана. Бізбен әңгімесінде Ибагүл әже «Арнұр, Ернұр, Ақнұр деген үш немерем бар. Ешеуінің де есімін өзім қойғанмын. Осы үшеуінің тойын көрсем арманым жоқ» деп ағынан жарылып, көңіліндегі керемет сезімді әсерлі етіп жеткізді. Біз ақ жаулықты анаға қызыға қарап, нағыз бақыт осы шығар деп ой түйдік.
Жоғарыда Ақдәулет Үмбетаевтың «Тереңөзек» күріш совхозында күрішші болып абыройлы қызмет атқарғанын жаздық. Әке жолын жалғаған Еркін де бүгінде күрішші. Жұбайы Роза – шаштараз, сұранысқа ие маман. Олар Рамазан, Марлен, Нұрбек есімді үш ұл тәрбиелеп, бүгінде екі немере сүйіп отыр. Отбасының келесі қызы Нұргүл ауылдағы «Алтын сақа» балабақшасының тәрбиешісі. Жолдасы Сәндібек екеуі Нұрай, Мадияр, Айсұлтан есімді ұл-қыз өсірген. Бүгінде кенже ұлдары Айсұлтан мектептің үлгілі оқушысы болса, студент Мадияр Қызылордада білім алып жүр. Нұрай Ақтөбе облысында тұрмыста. Қыздың кенжесі Гүлмира денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Жолдасы Серік екеуі Ақтолқын және Ақниет есімді екі қызды тәрбиелеп, өсірген. Ақтолқын жақында ғана Ақтөбе медициналық университетін қызыл дипломға бітірсе, Ақниет ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтап Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің шет тілдері бөлімінде оқып жүр. Үйдің кенже баласы Азамат туралы айтылар әңгіме бөлек. Атына заты сай Азамат бүгінде анасын аялап, мәпелеп, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Жарасқан ақын жырлағандай «Кенже бала – алатын сауапты да, Жауапты да беретін – кенже бала» дейтін болсақ, Азаматтың кенже ұл ретінде атқарып жатқан жұмысы, алыстан келген ағайын-туысты дастарханын кеңінен жайып қарсы алуы, шығарып салуы – өнегелі іс. Жұбайы Мөлдір де Құдайдан сұраған жан. Осынау әулеттің абыройын асырып, енесін құрметтеп, қайны ағалары мен абысындарын, қайны апалары мен жезделерін сыйлап жүрген ол үлкен отбасындағы он үшінші баланың ұрпағын өрбітіп отырғанын бақыт санайды. Дамир, Асылым, Мейірлан, Даниял есімді үйдегі ұл-қыздар да әжелерінің, ата-анасының көз қуанышы болып, өсіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, саялы бәйтеректей өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған, мерейлі отбасы деп атауға әбден лайықты Үмбетаевтар отбасынан үлгі алуға да, үлгі етуге де болады.
Шаған ауылының ғана емес ауданымыздың абыройын асырып, мерейін өсірген, ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде жүлделі І орынды жеңіп алған отбасының алдағы уақытта да абырой биігінен көрінетініне сенімдіміз.Лайым, Ибагүл әжейдің өмір жасы ұзақ болып, ұрпақтарының қызығына тоймай, үлкен әулеттің, бірлігі жарасқан ауылдың тілекші анасы, жанашыр панасы бола берсін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі