ДӘСТҮРГЕ БЕРІК ОТБАСЫЛАР
Осымен 4 жыл қатарынан «15 мамыр – Халықаралық отбасы күні» мерекесі қарсаңында еліміз бойынша үлгілі әулеттердің қатарын толықтыру мақсатында және оларды кеңінен насихаттау негізінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қазақта тәмсіл бар. Қашанда абырой биігінен табылып, ғасыр тоғысында тектілердің династиясы атанған жанұялар Отанымыздың бірден-бір бөлшегіне айналып келеді.
Ауданымызда аталмыш байқау бастау алған сәттен құндылықтар көкжиегі кеңейіп, дәстүр сабақтастығы жаңғыру үстінде. Елді-мекендер мен кент орталығында тұратын тұрғындар арасынан белсенділік танытқан отбасылар қатары жетерлік. Олардың жүріп өткен жолдары, ұшан-теңіз жетістіктері көпшілікке дәріптеледі. Енді жанұя болып қалыптасып, шағын мемлекетке айналған жастар үшін бұл байқау өнегелігімен құнды. Өзегінен жарып шыққан ұлттық мүдде егеменді ел болашағының жарқын бастауы. Биылғы жылы аудан бойынша 10 отбасы қатысуға өтінім білдіріп, 6 отбасы талапқа сай іріктеліп алынды. Олар әулетінің имиджін қалыптастыруда қолтаңбаларын таңбалап келе жатқан жанұялар – жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов ашып, жыл сайын дәстүрге айналған байқаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Аудан мерейін көтеруге үлес қосқан отбасыларды құттықтады. Бұдан кейін «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева сөз алып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Өз кезегінде белсене қатысқан кент тұрғындары Смайловтар отбасы мен Сәбитовтер жанұясын марапаттады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, жүлдегерлер қатарынан көрінген аманкелділік Абдуллаевтар және сәкендік Төлебаевтар отбасына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы шіркейлілік Әбілқасымовтар отбасы мен байқау жеңімпазы атанған Бәйменовтер отбасына арнайы «Диплом» мен бағалы сыйлық тапсырды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген шара барысында аудан өнерпаздары өнер көрсетті.
Б.ОРДАБЕКОВ