Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі отбасы – ұлттың байлығы

Мерейлі отбасы – ұлттың байлығы

Елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігімен көпшілікке үлгі болған жанұяларды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» сайысы өтеді. Әр жылы жо­ғары дәрежеде ұйымдастырылып келе жатқан сайыс биыл да жалғасын тапты. «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық бай­қа­уы­ның аудандық кезеңі аяқталды. Аудан әкімі М.Ергешбаев «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының ау­дандық ке­зеңіндегі жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысып, жүл­дегерлерді құттықтады.

Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының те­мір­қазығы, ардақ тұтар қазынасы. Қо­­ғамдағы әр отбасының босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының мығым әрі кемелдігінің кепілі. Қазақ халқы қа­шанда отбасын қасиетті құрылым ре­тінде қабылдап, зор маңыз беріп, мәнін қорғаған. «Ел болам десең, бесі­гіңді түзе» деп отбасындағы ұрпақ тәр­бие­сі­нің маңызын айқындаған.

Берекелі отбасы – мықты мемлекет­тің ірге­тасы. Отбасы беріктігін алдыңғы орынға қойып, жанұяның құндылығын насихаттайтын сайыс 2013 жылдан бері тұ­рақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алды­мен ауылдардан ұсынылған мерейі арт­қан жанұялар аудан бойынша іріктеу ке­зеңінен өтіп, облысқа жолдама алады. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған бай­­­қауға қатысуға өтініш берген отбасы­лар саны ауданымызда жыл өткен са­йын­ артып келеді.

«Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық бай­қауының аудандық кезеңінің қоры­тын­дысына сәйкес 5 отбасы жүлдегер атанды. Іңкәрдария ауылынан қатысқан Есдәулетовтер отбасы мен Аманкелді ауылының Құдайбергеновтер отбасы­ жүлделі үшінші орынды жеңіп алса, С.Сей­­фуллин ауылынан қатысқан Есе­кеев­­­тер отбасы екінші орынды қан­жы­ға­ға байлады. Шаған ауылынан қатыс­­қан Сарыбаевтар отбасы бірінші орынмен мара­патталса, бас жүлде Шіркей­лі ауы­лының өнегелі жандары Есенхожаевтар отбасына бұйырды. Сондай-ақ 13 отбасы арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды. Аталған іс-шараға қатысу үшін аудан орталығы мен елді мекендердегі 20-ға жуық отбасы өтініш білдірген. Же­ңім­­паздарды құттықтап, сайыстың мәні мен маңызына тоқталған аудан басшысы:

– Қоғамда осындай рухани-әлеумет­тік діңгегі берік отбасылық құндылық­тарды тереңдету мақсатында 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» байқауы өт­кізіліп келеді. Бұл – мазмұны мен тәр­биелік жағынан өзгеше іс-шара. Яғни аға буынға «Артымда қандай ұр­пақ қалдырамын?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен же­тіл­­­діру­ге жетелейтін, рухани байытатын «Мерейлі отбасының» мәні тереңде жатыр. Бұл ұлттық конкурс ұрпақтар сабақтастығын жария етіп, елге қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, өне­ге алатын сайыс болуымен де қоғам ал­дын­дағы құндылығы арта түспек, – деді құттықтауында.

Айта кетейік, аудандық кезеңнен топ жарған отбасылар облыстық, одан ке­йін республикалық кезеңге жолдама алады. Ауданнан байқаудың облыстық кезеңі­не жолдама алған Шіркейлі ауылының бе­ре­кесі мен бірлігі жарасқан Есенхожаев­­тар отбасы мен Шаған ауылының көпке үлгі болған Сарыбаевтар отбасына сәт­тілік тілейміз.




Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 маусым 2022 ж. 2 889 0