Бірлесе атқарған жұмыс нәтижелі болады
Аудандық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясы өтіп, оған аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов төрағалық етті. Сессия жұмысына аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен БАҚ өкiлдерi қатысты.
Сессияның күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Оның біріншісі – «Сырдария ауданының кент және ауылдық округтерінің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №185 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлама жасады. Сондай-ақ екінші және үшінші мәселе – адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы және қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган құрамын бекіту туралы. Бұған қатысты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев баяндады.
Ал кезектен тыс сессияда күн тәртібіндегі төртінші және бесінші мәселеге негізгі басымдық берілді. Ол ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуы және ауданда «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы туралы болды. Осы жұмыстардың атқарылуына қатысты аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев хабарлама жасады.
Аудан әкімінің орынбасары алдымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асуына тоқталды. Бұл бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ол бойынша іс-шараларды іске асыру бағытында жыл сайын біршама жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, 2021 жылы бюджеттен 812,5 млн теңге қаржы бөлініп, Тереңөзек кентінде, Ақжарма және А.Тоқмағамбетов ауылдарында 8 нысан бойынша жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар 2022 жылы бюджеттен 850,2 млн теңге қаржы қаралып, Тереңөзек кентінде, Ақжарма және Н.Ілиясов ауылдарында 11 нысан жұмысы жүйелі атқарылған.
Ал биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ауданда 22 нысан бойынша бюджеттен барлығы 2037,0 млн теңге қаржы бөлінген. Атап айтқанда, Аманкелді ауылдық округіндегі Жанкина, Жалмұрзаева, Ағайдаров, Баймағанбетов, Қалымбетов көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу және елді мекенді электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен бірге Қоғалыкөл ауылындағы М.Шоқай көшесі мен тұйығында орташа жөндеу және М.Есмаханов, А.Тілеулиева көшелерінің бойындағы су құбыры мен көру құдықтарының құрылыс жұмыстары атқарылмақ. Шіркейлі елді Қ.Қожамжаров және Бейбітшілік көшелерін орташа жөндеу жұмыстары іске асатын болса, Шаған ауылдық округіне құны 1363,0 млн теңгені құрайтын 3 жобаға 305,9 млн теңге бөлінген. Оған Шағандағы тұрғын аймақтарды электрмен қамту жұмысын бастауға 150,0 млн теңге (өтпелі жоба), А.Құнанбаев, Р.Оразғалиева көшелеріне 48,8 млн теңге, Ғ.Мұратбаев, А.Иманов және А.Иманов жолақ көшелері бойындағы су құбыры мен көру құдықтарының құрылысын бастауға 107,1 млн теңге (өтпелі жоба) қаралып отыр.
Бұдан бөлек, Қалжан ахун елді мекенінде құны 330,6 млн теңгені құрайтын газ құбырлары және кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылысы жүзеге асырылуда. Ал аудан орталығы саналатын Тереңөзек кенті бойынша 11 жобаға 548,3 млн теңге бөлініпті. Тереңөзек кентінде бағдарлама аясында Қ.Бөдеев, Д.Қонаев, Ә.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, А.Әлиакбаров, Б.Өтепов, Т.Қозыбаев көшелерінің автомобиль жолдарына орташа жөндеу, «Сырдария спорт клубы» КММ-нің ғимаратына күрделі жөндеу, «Ботакөз №6 бөбекжай» ғимаратының бу қазандықтарын газ отынына қайта жабдықтау, Сырдария ауданының орталық аудандық ауруханасы оңалту бөлімшесінің қазандығы ғимаратын реконструкциялау жұмыстарына қаражат қаралған. Бүгінде 22 нысанның 14-і бойынша мердігерлер анықталып, жұмыстары басталуда.
– Жалпы айта кету керек, аудан бойынша 14 елді мекеннің 5-еуі (Тереңөзек кенті, Н.Ілиясов, Шаған, Ақжарма, Шіркейлі) тіректі, 5 елді мекен (Амангелді, Қоғалыкөл, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов) спутникті санатқа жатады. Ал қалған 4 ауылдық округ (Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Іңкәрдария) тіректі мен спутникті елді мекенге жатпайды. Бұған қатысты жылына бір рет ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мониторингіне сәйкес қорытынды шығады. Онда тіректі мен спутникті елді мекендер нақталанады. Айта кету керек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тіректі мен спутникті елді мекендерге қаржы бөлінеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Осы мәселеге қатысты депутаттар тарапынан сауалдар туындады. Аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының халыққа жағдай жасауға берілген жақсы мүмкіндік екенін жеткізді. Үкімет тарапынан елді мекендерді көркейтіп, гүлдендіруге қомақты қаржы бөлінгенде оларды игеруге, түрлі жобаларды жүзеге асыруға келгенде бірқатар ауылда жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Бұған қатысты жақында ауданға жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Н.Нәлібаев ауыл әкімдеріне арнайы ескерту жасап, шекті уақыт берген болатын. Осыны назарға салған аудандық мәслихат төрағасы Іңкәрдария, Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарының әкімдерін тұрғызып, мемлекеттік бағдарлама бойынша жобаларды ұсынып, ауылдардан сайланған депутаттармен бірге бірлесе жұмыс жасау керектігін айтты.
– Біз ауыл әкімдерінің мәселесін қарап жатқан жоқпыз. Біз осы ауданды дамытуға қатысты ортақ мүддені талқыға салып жатырмыз. Бұған атқарушы билікпен бірге аудандық мәслихат депутаттары да тікелей жауапты. Бұл – біздің бірлесе атқаратын жұмысымыз. Өйткені, ауданды дамыту, елді мекендерді көркейту – баршамызға ортақ жұмыс. Сондықтан депутаттар мен ауыл әкімдері бірлесе жұмыс жасап, инфрақұрылымдық жұмыстарға және тұрғындардың мәселелерін шешуге қатысты жұмыстарды бастапқы орынға қойып, жобалар әзірлеп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін көруіміз керек, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев 2,5 пайыздық несиемен берілетін «Ауыл аманаты» жобасына қатысты да ақпарат берді.
Бұл жоба халық табысын арттыруға арналған. Бұған облыстық бюджеттен 3 млрд қаржы бөлініп, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арқылы «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаны ауқымдау шеңберінде берілетін микрокредиттер» сенім білдірілген өкілді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны қаржыландыру басталған жоқ. Десе де, ауданда түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Соған байланысты аудан бойынша жобаларды қалыптастыру мақсатында 2 млрд 330 млн теңгеге (344 жоба) жоспар жинақталған. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру және қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді сүйемелдеу мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылған. Аталған топ қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді құжаттарын сүйемелдеу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал ғимаратында мамандар жұмыс істеуде.
Бұған қатысты да аудандық мәслихат төрағасы жұмысты жандандыру керектігін, тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі мол екенін түсіндіріп, ақпараттандыру қажеттігін атады. Яғни, кент және ауылдық округтерден көптеген жобалар ұсынылып, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат арқылы тұрғындар табысының артуына мол мүмкіндік жасау керектігін жеткізді.
Сессияның күн тәртібінде осы екі мәселе – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жобасына негізгі басымдық берілді. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралғаннан кейін аудан әкімі Б.Сәрменбаев сөз сөйлеп, халық қалаулылары мен бөлімдер және ауыл әкімдері бірлесе жұмыс жасау керектігін айтты. Бірлесе атқарған жұмыс нәтижелі болатынын атап, қазіргідей мүмкіндік барда мемлекеттік бағдарламалар арқылы барлық мәселені шешіп алу қажеттігін жеткізді.
Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.
Е.БЕРКІНБАЕВ