Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған күні – 25 қазан!

Туған күні – 25 қазан!

Ұлттық мереке Республика күні дүниеге келген мына бүлдіршіндер – кішкентай тереңөзектіктер. Бұл балақайлар еліміз үшін айтулы күні дүниеге келіп, отбасын қуанышқа бөледі. Бүгін тура бір жасқа келген балалардың тәтті қылықтары туралы олардың аналары айтып берген болатын.

Әйгерім Уайсова, Раяна Сан­сыз­байқызының анасы: «Раяна – отба­сымыздың төртінші перзенті. Оның алдында екі әпкесі мен бір ағасы бар. Он айлы­ғында тәй-тәй басып, қазір екі аяғына мініп кеткен балапанымыз – көз қуанышымыз. Қызымызға есімін әке­сі берді. Осындай ерекше күні дүниеге келген бала­па­нымыздың болашағы жарқын болсын.»

Бір қызығы Раянаның әкесі Сансызбайдың туған күні – 24 қазан. Төртінші перзентін қараша айының басын­да күтіп жүрген Әйгерім дүниеге ертерек келіп қуантқан бөбегін толғағы ерте келіп, 25 қазанда аман-есен босанған. Төртінші перзентінің келуімен көп­ба­лалы отбасы атанған Сансызбай мен Әйгерімге ұзақ ғұмыр тілейміз.


Меруерт Темірхан, Сафина Исламқызының анасы: «Отбасымыздың тұңғыш қызы. Есімін Сафина деп абысыным Ұлболсын қойды. Ата-әжесінің төр­тін­ші не­мересі. Бір жасқа келіп, енді ғана тәй-тәй басып жүрген Сафинаның әрбір қадамы бізді бақытқа бөлейді, күн сайынғы тәтті қылықтары шаңы­рағымызға қуаныш әкелуде.»

Тереңөзектік балақай Сафина атына заты сай әдемі, ақылды қыз болып өсе берсін демекпіз.

Самал Әбділдаева, Муслим Маратұлының анасы: «Муслим – көпбалалы отбасымыздың кен­жесі. Республика күні өмірге келген ұлымыз бесінші перзентіміз. Оның алдында үш әпкесі мен бір ағасы бар. Егіз қызым бар. Есімін отбасымызбен ақылдаса келіп Муслим қойдық. Әрбір баланың болашағынан үміт күтеміз. Адамгершілігі мол, бауырмал, білімді болып өссін.»


Анасы Самалдың айтуынша батыр балапан әзірге еңбектеп жүр. Алғашқы қадамын жасауға да талпынысы бар. Ата-анасын мереке күні дүниеге келіп қуантқан ер-ұлдың денсаулығы мықты болсын.

Ұлттық мереке – Республика күнін атап өтетін сырдариялық отбасылар бұл күні қос мерекені атап өтеді. «Қос тойың қабат болсын» деген тілекпен біз де оқырмандарымыздың атынан бүлдіршіндерді алғашқы жасымен құттықтаймыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ

25 қазан 2025 ж. 61 0