Алтын күз және Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдығына ісшара өтті
Сырдария ауданында Республика күні, Алтын күз және қазақтың көрнекті ақыны Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ардагерлер, шаруашылық төрағалары мен аудан меймандары және тұрғындары қатысты.Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев құттықтау сөз сөйлеп, барша жұртшылықты мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ел бірлігі мен ынтымағының маңыздылығына тоқталып, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Мәлібаевтың Құттықтауын жеткізіп, ауданның дамуына зор үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Мерекелік концертте ауданның белсенді азаматтары мен түрлі сала қызметкерлеріне облыс және аудан әкімінің “Құрмет грамотасы”, “Алғыс хаты” және еңбек адамдарына медальдар табысталды. Салтанатты іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен озаттары марапат тұғырынан көрінді.
Мереке барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, би және терме жанрларында өнер көрсетті. Сондай-ақ, ақын Ұлбике Жанкелдіқызының өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық композициялар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік шара аясында стадион аумағында ұлттық нақыштағы алтыбақандар, сәндік безендірулер мен фотозоналар орнатылып, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйланды. Балаларға арналған ойындар, қолөнер көрмесі және ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтар көтеріңкі көңілмен уақыт өткізді.
Бұл мереке Сырдария ауданының мәдени өміріндегі маңызды оқиға болып, тұрғындардың бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін арттырды. Республика күні мен Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойы аудан өміріндегі айшықты мереке ретінде есте қалды.








