Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті сырдариялықтар!

Сіздерді 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын!

Егемен еліміз бүгінде ырысты ынтымақ пен берекелі бірліктің мерейлі мекеніне айналды. Тәуелсіз Қазақстанның ұлтаралық келісім мен пайымды парасаттылыққа негізделген үйлесімді саясатын халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда.

Түрлі ұлттар мен ұлыстар мекен ететін мемлекетімізде өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылымның ұлттар мен ұлыстар, түрлі дін өкілдері үшін маңызы ерекше.

Бүгінде ауданда орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, беларус сынды 16 түрлі ұлттан барлығы 463 адам тату-тәтті өмір сүруде. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бауырластар аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Мұның бәрі халқымыздың берік достығы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбіршілігінің нақты нәтижесі.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір аудан азаматының міндеті болып табылады.

Құрметті жерлестер!

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қазақстандықтардың ынтымағын жарастырып, ырысын арттырсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Баршаңыздың отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,
Берік СӘРМЕНБАЕВ
Сырдария ауданының әкімі
01 мамыр 2023 ж. 153 0