Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі жарасқан елдегі мереке сән-салтанатты аталып өтті

Бірлігі жарасқан елдегі мереке сән-салтанатты аталып өтті

Аудан тұрғындарын бірлік мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев: «Тәуелсіздік жылдарында 130-дан астам ұлттың басын біріктіріп, татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болған Қазақстан – ұлтаралық келісімнің үздік моделіне айналды. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық – бейбіт күннің темірқазығындай ең басты құндылық. Байлық та, бақыт та – бірлікте», - екенін атап өтті.

Еліміздегі тыныштық пен келісімді бекітуге сырдариялықтардың қосып келе жатқан үлесі зор. Бүгінде ауданда орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, беларус, сынды 11 түрлі ұлттан барлығы 453 адам тату-тәтті өмір сүруде. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бауырластар аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді.

Ауданымызда этносаралық қатынастарды үйлестіріп, ұлттардың тілі мен дәстүрін ұлықтауды мақсат еткен арнайы бірлестіктер жұмысы жолға қойылған.

Достықты ту еткен ауданымыздағы этнос өкілдерінің ішінде Республикалық дәрежедегі шараларда мерейімізді асқақтатып жүрген Константин Луца, республикалық ән байқауларында жеңімпаз атанып жүрген Мясцов Никита және де ауданымызда өзге ұлттардың басын біріктірген «Достығымыз жарасқан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері облыстық, аудандық шараларымызда сахна төрінен көрініп жүр. Жерлестеріміздің жетістігін қашанда зор қуанышпен айтамыз.

«Түрлі этнос өкілдері арасында шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына жыл сайын аудандық бюджеттен қаражат бөлініп келеді. Аталған қаражат шеңберінде этнос өкілдері арасында сайыстар, патриоттық ән байқаулары, ұлттық тағамдарды әзірлеуден шеберлік сағаттары ұйымдастырылуда.
«Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады». Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз.

Мерейлі мерекеде отбасыларыңызға бақыт, құт-береке, бейбітшілік пен ізгілік, молшылық пен өркендеу тілейміз.

Мереке құтты болсын!

01 мамыр 2022 ж. 461 0