Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан мектептері арасында алғаш рет тың жоба жүзеге асырылуда

Аудан мектептері арасында алғаш рет тың жоба жүзеге асырылуда

Жаһанда болып жатқан қандай да өзгерістер білім беру саласын айналып өтпесі анық. Бүгінгі қоғам адам ойының ерекше креативті алғырлығын, қарым-қабілетін пайдалануға күш салуда. Еліміздегі білім мен ғылымның ең алдымен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізгі мақсат ретінде қойылып, соған сәйкес ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Осы ретте аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің №137 орта мектебінде «ІТ бағдарламаларының үйірме жұмыстарындағы мүмкіндіктері» тақырыбын арқау еткен облыстық семинар өтті. «Бағдарламалау мектебі» жобасы аясында өткізілген ауқымды басқосуға Қызылорда облыстық білім басқармасының Қызылорда облыстық оқу орталығының басшысы Сырым Асқаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков арнайы қатысты. Сондай-ақ, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарының, аудандық білім бөлімдерінің ІТ бағытына жауапты мамандары семинар барысында көп тәжірибе жинақтай алды. Тәжірибе алаңына айналған ауқымды семинардан ауданға қарасты мектептердің информатика пәні мұғалімдерінің де алары мол болды.

Ең алдымен мектеп фойесінде 11-сынып оқушылар көтеріңкі көңіл-күймен қонақтарды күтіп алды. Және өздері санаулы айлардан соң таңдап, бағыт бұрғалы отырған мамандықтары туралы айтып, өз мақсаттарымен бөлісті. Өз кезегінде қонақтар жас түлектерге сәттілік тілеп, семинардың негізгі бөліміне көшті. Одан кейін мектеп президенті Назым Серікқызы білім ордасының оқу-тәрбие үдерісіндегі жетістіктеріне тоқталып, мектеп жанынан құрылған ІТ үйірмелері жайлы нақты ақпарат беріп өтті. Ал мектеп абыройын республикалық байқауларда үстем етіп, жыр бәйгелерінде топ жарып жүрген 9-сынып оқушысы Нұрахмет Мансұров жоба маңызын арнау жырымен көркемдеді.

Өткен жылдың сәуір айынан бастап аудан мектептеріне негізделген жеті жобаны жүзеге асыру жоспары бекітілген. Соның бірі осы – «Бағдарламалау мектебі» жобасы. Қазіргі заман талабына сай үлкен сұранысқа ие білімдерді игертуге арналған жоба ақын атын иеленген ауыл мектебіне берілген. Жобаны мектеп ұжымы өзара талқылай отырып, жаңа оқу жылынан бастап қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Яғни аталған жобаның мектеп жанында үйірме ретінде жұмыс жасап тұрғанына жарты жылға жуық уақыт болған. Апта ағымында өткен облыстық семинар мектеп ұжымы мен оқушылардың осы уақыт аралығында аудан бойынша бірінші рет қолға алынып отырған тың бастама аясында тыңғылықты жұмыс жасап келе жатқанын көрсетті.

Биылғы оқу жылынан бастап жоба аясында «Мобилография», «Видеография», «Вебдизайн», «Python», «Андроид», «Телестудия», «Stop motion» үйірмелері жұмыс жасауда. Семинар барысында үйірмелер жетекшілері – Ләйлә Қалыбай, Айзат Жалғасбекова, Сұлтан Әбжаппар, Жеңісбек Фазылов, Жансая Жаздауқызы, Меруерт Жақанова, Ақтоты Аралбайқызы үйірме жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып келеді. Аталған бағыттарға деген оқушылардың ынтасы өте жоғары, қызығушылықпен үйреніп, дамып келе жатқандары айқын аңғарылып тұр. «Үйірме жетекшілері ақысыз, қоғамдық негізде жұмыс жасауда. Оқушылардың үйренуге деген ынтасы мен ерік-жігері ұстаздарға күш береді» дейді мектеп директоры.

Семинардың «Ақпараттық технология – бүгінгі сұраныс» бөлімінде «Creative Videography» және «Mobilography Ideas» үйірмелерінің жұмыстары таныстырылды. Қазірдің өзінде кәсіби маманнан кем түспейтін үйірме мүшелері бірінен соң бірі үйірме жұмыстары, бағыттары, ақпараттық технологиялардың бүгінгі күнгі сұранысқа ие екендігі, видео, жарнама жасауды, қысқа метражды фильм түсірудің қыр-сырын айтып, пайдалы кеңестермен бөлісті. Сондай-ақ оқушылардың өздері жасаған жұмыстары көрермен назарына ұсынылды. Видео мен сапалы суретке түсіруді шебер меңгерген оқушылар мектепте өткен түрлі іс-шараларды таспаға түсіріп отыруға да машықтанған. Өз кезегінде үйірме мүшелері түсірген «Соқыр ана» қысқа метражды фильмі ұсынылып, семинар қатысушыларын толқытты. Сондай-ақ заман талабына сай кәсіпкерлерге өз өнімін тиімді жарнамалай алу маңызды. Бұл тұрғыдан да оқушылар жұмысы тыңдарманды таң қалдырмай қоймады.

Одан кейін семинар қатысушылары «Web сайттар жасау», «Мobile App», «Python» программалау тілі үйірмелерінің жұмыстарымен танысты. Оқушылар арнайы сайт құру, электронды кітап жасау, видеокамера арқылы адам жүзін сканерлеп, ол туралы түгел ақпаратқа қол жеткізуге болатын бағдарламалар туралы айтып, робототехниканы дамытуға жұмыс жасайтындықтарын жеткізді. Сонымен қатар Абзал Бектібаев жетекшілік жасайтын «Кәсіпкерлік мектебі» жобасының жұмыстары да қатысушыларды таңдандырмай қоймады. Бұл жобада оқушылар түрлі логотиптер жасап, оны арнайы саптыаяқ, жейде, қаптамаларға басып шығару жұмыстарын үйренген. Қазіргі таңда мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдау білдіріп, кәсіпкерлік саласын жандандыруға жол ашуда. Сондай-ақ түрлі жаңашылдықтарға бағытталған кезеңде аталған құрылғылар негізінде жұмыс жасай алудың маңызы зор. Оқушылар өздері компьютермен эмблема, логотип құрастырып, оны арнайы құрылғылардың көмегімен басып шығарады. Осы ретте айта кетейік, мектеп жанынан құрылған үйірме жұмыстарына қажетті құрылғылар мен техникаларды сатып алу үшін аудандық білім бөлімі ұдайы қолдау көрсетіп келеді.

Мектептің бір бөлмесі студия ретінде жабдықталған. Онда арнайы жарықшамдар, үлкен экрандар, бағдарлама алаңдары орналасқан. Бұл жерде «Телестудия Project» үйірмесі жұмысын үйлестіреді. Семинар барысында оқушылар арнайы дайындаған жаңалықтар топтамасымен таныстырып, ауа-райы және сыр сұхбат, балаларға арналған бағдарламалар көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Stop motion» үйірмесінің жұмыстары семинар қатысушыларын расында да таң қалдырмай қоймады. Бұл үйірме балаларды аннимациялық жобалар жасауға үйретеді. Ол үшін қажетті бейнелердің мүсіні ермексаздан және арнайы заттардан жасалады екен. Сол негізде оқушылар аннимациялық мульфильм түсіріп, оны дыбыстап, монтаждап шығарады. Үйірме жұмыстары да осындай жолмен таныстырылды. Сондай-ақ оқушылар өздері ойлап тауып, дыбыстап, құрастырған мультсериалдың бірінші бөлімін семинар қатысушыларының назарына ұсынды. Бұл ретте болашақта үлкен жобалармен айналысуға мүмкіндіктері жоғары оқушылардың таудай талабы мен таланты қатысушыларды таңдай қақтырмай қоймағаны рас.

Айтпақшы, семинар ортасында қатысушыларды сергіту мақсатында кофе-брейк үзілісі ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылардың шеберлігі мен озық идеяларының негізінде кішігірім кофе-таймның өзі жаңаша технологиялардың көмегімен, арнайы техникалармен ұтымды ұйымдастырылған.

Сондай-ақ үйірме жұмыстарын бағалауға орай семинар қатысушыларымен кері байланыс ұйымдастырылды. Оны мектеп психологы Айсәуле Шайшаева дайындады. Қатысушылар ұялы телефон бейнесіне келтірілген парақшаларға өз пікірлері мен көңіл-күйлерін жазды.

Семинар жұмысын қорытындылаған Сырым Құрманғазыұлы мен Берік Съездұлы ІТ саласына негізделген жоба жұмысының жетістіктерін айтып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

– Бүгін міне Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепте «ІТ бағдарламаларының үйірме жұмыстарындағы мүмкіндіктері» тақырыбында «Бағдарламалау мектебі» жобасының алғашқы жұмыстарын көріп отырсыздар. Сәуір айында негізінен жеті мектепке жеті түрлі жоба бергенбіз. Ал осы мектепке аталған бағытты берген кезде ең алдымен материалдық база мен педагогтер әлеуетін басты назарға алдық. Көріп отырғандарыңыздай, қай жоба болса да, мұғалімнің біліктілігі үлкен маңызға ие. Мықты мұғалім оқушыны қызықтыра да алады, бастаған ісін нәтижелі етіп дамыта да алады. Мектеп директоры Бағдат Мансұрұлы жобаны қолға алып, ұтымды жұмыс жүргізсе, аудандық білім бөлімінің әдіскері және ІТ саласының білікті маманы Ербол Сайлауұлы аталған жобаның негізгі үйлестірушісі болып бекітілді. Аталған жобаға қаржы бөлінбеген. Біз үнемделген қаржының осындай бағытта қажет екенін көрсетіп, нәтижесінде қажетті құрал-жабдықтар мен аппараттарды алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Артылған үміт пен жасалған жұмыстың нәтижесі – көз алдарыңызда, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Одан кейін  Қызылорда облыстық білім басқармасының Қызылорда облыстық оқу орталығының басшысы Сырым Құрманғазыұлы оқушылардың ынтасы мен ІТ бағытына деген қызығушылықтарын жоғары бағалап, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Көтеріңкі көңіл-күй. Әсем безендірілген фойе мен арнайы кабинеттер. Жүзінен ризашылықтың табы айқын сезілген білім беру саласының мамандары, үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып шыққан оқушылар. Бұның бәрі – сол күнгі облыстық семинардан алған жағымды әсерлер. Аудан мектептерінен арнайы қатысқан ұстаздар ұйымдастырушыларға зор алғысын білдіріп жатты. Кейін қатысушылар ұялы телефондағы әлеуметтік желі түрінде жасалған арнайы бетке өз алған әсерлері мен пікірлерін жазып, қалдырды. Біз де өз кезегімізде «Өте керемет. Жоғары деңгейде өткен семинардан ұмытылмас әсер алдым» деп пікір жазып, қолтаңба қалдырдық.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ


27 ақпан 2023 ж. 572 0