Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан дихандарының берекелі жәрмеңкесі

Аудан дихандарының берекелі жәрмеңкесі

Қызылорда қаласында ерекше мереке өтті. Қазақ атауының қайтарылғанына және қаланың астана болғанына 100 жыл толуына орай, сондай-ақ «Қала күні» мен «Алтын күз» шаралары аясында Сырдария ауданы дихандары өз өнімдерін ұсынған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жәрмеңкеде ауданның барлық ауылдарынан әкелінген таза әрі сапалы азық-түлік пен бақша өнімдері қала тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылды. Сауда сөрелеріне 70 тонна күріш, 39 тонна жем, 47 тонна картоп, 32 тонна жуа, 11 тонна сәбіз, 22 тонна асқабақ, 1 тонна қырыққабат, 500 литр ағарған, 6 көлік шөп, 5 тонна балық, 2 тонна жылқы және сиыр еті, 56 тонна қауын-қарбыз, 0,5 тонна бал, 0,5 тонна қызылша, 0,5 тонна қызанақ пен қияр, 1,5 тонна алма, 0,7 тонна жиде жеткізілді. Барлығы 61 көлік өнім саудаға шығарылды.


Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жәрмеңкеде ұсынылған өнімдермен танысты. Өңір басшысы аудан диқандарының еңбегін жоғары бағалап, олардың ауыл шаруашылығын дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті.

Жәрмеңке барысында тұрғындар мен балалар үшін түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылды. Арнайы балаларға арналған ойын алаңы жасақталып, қолөнер бұйымдары қойылған көрме өтті. Келушілер ұлттық нақыштағы қоланнан дайындалған шөп композицияларын тамашалады. Сонымен қатар, кишігірім концерттік бағдарлама ұсынылып, жергілікті өнерпаздар көңілді ән мен күй тарту етті.

Мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыру үшін алтыбақан құрылып, жастар мен балалар ұлттық ойындарға белсене қатысты. Киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарға дәстүрлі ұлттық тағамдар ұсынылды.

Қала тұрғындары мен қонақтары өнімдердің сапасына және баға қолжетімділігіне риза болып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Мұндай жәрмеңкелер жергілікті өнім өндірушілерге өз тауарларын кеңінен таныстыруға, ал тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді азық-түлік алуға мүмкіндік берді.



19 қазан 2025 ж. 55 0