Ғылымға сүйенген, ұлттық құндылыққа негізделген білім ордасы
Бүгін Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылындағы №42 мектеп – лицейінде «Серіктес директорлар» лигасының «Ауыл мектебі: Білім.Ғылым.Тәжірибе» тақырыбында облыстық семинары өткізілді. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Сыдықов, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қалалық филиал директорының орынбасары Жайнагүл Жансүгірова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары және «Серіктес директорлар» лигасының мүшелері қатысты.
Жиынға қатысушылар ең алдымен ауылдық әуез мектебінің оқушылар оркестрінің өнерін тамашалап, қонақтарға «Ғылым – жанып тұрған шырақ» ғылыми жобалар көрмесі таныстырылды. Мұнан соң басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы оқушылар дайындаған 15 ғылыми жоба жұмыстарын көріп, өзінің оң бағасын берді.
Іс-тәжірибе алаңында оқушылармен жаратылыстану бағытында тәжірибелер жасауға арналған «Био - тәжірибелік» кабинетіндегі гидропоника, жыл құстары жобасының жұмыстары мен жаңа тәжірибелері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, білім ошағының басшысы Зейнұр Жаманқұлов пен физика пәнінің мұғалімі Баймырзаев Нұрхан химия және физика пәні бойынша 9 сынып оқушыларымен бірге сабақ өткізіп, зертханалық жұмыстарын көрсетті.
Шара барысында ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын білім ордасындағы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Cuzus» бағдарламасы мен «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында дебат ойыны көрсетіліп, «Мектеп театры» жобасы бойынша Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай театрланған әсерлі қойылым қойылды.
Ары қарай шара «Серіктес директорлар» лигасының «Ауыл мектебі: Білім.Ғылым.Тәжірибе» тақырыбындағы көшпелі отырысымен жалғасты. Директорлардың басқосуында Қорқыт Ата университетінің ғалымдары мектептерде ғылыми жобаларды дамыту бағытында баяндама жасап, өздерінің тәжірбиелерін бөлісті.
Пікірталас алаңында Ақзира Бақтыбайқызы бүгінгі күні білім саласына қойылып отырған талаптың жоғарылығына, ғылыми бағытта жұмыстарды дамыту қадамдары мен тетіктеріне тоқталып, ауыл мектебіндегі атқарылып жатқан жұмыстар тәжірибе ретінде басқа білім ошақтарында таратылуы қажеттігін атап өтті.
Амангелді ауялындағы өткізілген шара соңында аудандағы бірқатар мектеп директорлары «Серіктес директорлар» лигасының мүшелігіне салтанатты түрде қабылданды.