Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КИІЗ БАСУ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

КИІЗ БАСУ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


 Киіз басу – ықылым заманнан келе жатқан халқымыздың көркемдік құндылығы ерекше қолөнер түрі. Он саусағынан өнер тамған әжелеріміздің қолынан туған бұл дүние шеберліктің биік үлгісі. Көздің жауын алатын қызылды-жасылды оюлар қараған жанарды бір мезетке еріксіз тоқтатып, әсемдік әлемін паш ете түсетіндей. Сондықтан да болар, көшпелі қазақтың күмбезді ордасының көркі болған киіз халық арасында қашанда өз маңызын жоймаған.     
                          
  Жылына екі мәрте «Киіз басу» науқанын жасайтын ауыл қазақтары үшін бұл кәдімгі тойдан кем түспейтін үлкен дайындықпен өтеді. Бұл науқанның қызығын ауылда өскен өзіміз де бала күннен көріп өстік. Киіз басып жатқан апа-әжелеріміздің әрбір әрекетін қалт жібермей қарап тұратынбыз. Ойын баласы үшін ол да бір үлкен қызық қой. Кейін іске жарап, бойжетіп қалғанымызда біз де бұл шаруаға біртіндеп араласа бастадық. Үлкендердің олай-бұлай деген бағытымен бір кісідей-ақ киіз басу өнерін үйрендік. Ол кезде жасы сексенді алқымдаған кейуаналардан бастап бұрымы желбіреген он жасар қызға дейін бұл қауырт істен шеткері қалмайтын. Сондағысы бұл – қыздарды кішкентайынан қолөнерге баулып өсіруде жатқан тәрбие болса керек. Киіз басуға қолы іс білетін де, білмейтін де әйелдер түгел жиналатын. Киіз басудың кәнігі шебері болып алған апалар басты жауапкершілікті өздеріне алса, бұл өнермен енді-енді танысып жүрген жас келіншектер су ысытып, қажетті құралдарды дайындап, әйтеуір, сол қызу тірліктің ішінде жүреді. Екі-үш жылдан кейін көрсең, олардың да әжептәуір киіз басуға жаттығып қалғанын байқайсың. Соған қарап бұны ауылдағы кішігірім өнерге баулу мектебі екен ғой деген ойға келесің.                                   
   Әлі есімде, киіз басуға анам мен әжем күні бұрын дайындалатын. Тәтті мәмпәсилер мен кәмпиттер, тары мен талқан да арнайы алдын ала сатып алынады. Киіз басатын келіншектердің кәдесі деп қазы-қартаны әдемілеп сақтап, алдарына тосатын. Негізі, қазекем барлық дүниесін сауық-сайранмен, ойын-күлкімен жүріп жасаған ғой. Жүн сабау, бұл шаруаны көпшілік болып атқаратын болғандықтан киіз басып, жүн сабаған шаңырақта үлкен дастарқан жайылып, ет асылады. Қызмет етіп, жәрдемдескен адамдарға осылайша құрмет көрсетілген. Сол кездері біздің жиі еститін «Тулақ шашу» деген салт-жоралығы осыдан қалса керек. Данышпан қазақтың бұл салты бір жағынан бір-біріне жәрдемдесіп, көмек көрсететін ағайынның бауырмалдығын танытып, ауызбіршілігін арттыра түсуде ерекше маңызға ие болған. Себебі, бір көшені жағалай қоныстанған үйлердің отаналары 10-15 күндей кезек-кезек киіз басу науқанына белсенді түрде атсалысады.                                          Бір әттеген-айы, бірінен соң бірі жанығып киіз басатын осындай қызу тірліктен біздің ауылдың да күн өткен сайын ажырап бара жатқанын байқадым. Тек біздің ауыл ғана емес-ау. Иісі қазақтың бүгінде текті өнерін ұмытып бара жатқаны көңілге қаяу салатыны рас. Себебі, өмірін малмен байланыстырған қазақтың оның жүнін де іске асырып, таңғажайып әсем дүниені жасап шығару тек біздің ұлттың ғана қанына дарыған қасиет екені сөзсіз. Мұндай қайталанбас қолөнер туындысын өзге ұлттың мәдениетінен іздеп жүріп таба алмайтыныңыз және анық.                                                          
Өткен күні ғана анамнан киіз басу өнерінің қыр-сырын тағы бір мәрте егжей-тегжейлі сұрап алдым. Көзіммен көріп өстім дегенмен де, біз біле бірмейтін қырлары өте көп екен. Ал, бала күннен киіз басып, көктеудің шебері болған анамның санасында оның әрбір бөлшегі әлі күнге дейін сол қалпынша сайрап тұр.   Анамның айтуынша, киіз басуға қойдың жүнімен қатар пайдаланылатын қозы жүні – жас сәбидің қарын шашымен бірдей екен. Егер жас сәби қырқынан шыққан соң қарын шашын алмаса, бойы сергімей, қышыма болып, кейде бойы да өспей қалатын кездер болатын көрінеді. Сол секілді туғаннан бастап, жаздай енесін емген қозыны тамыз айының соңғы күндерінде жүнін қырқып алады. Біріншіден, бұл қозы жүнін киіз басуға қолдануға кәдеге жаратылса, екіншіден, қозының өрісте еркін тойынуына жақсы сеп болады екен. Сөйтіп қырқылған қой мен қозының жүні жақсылап жуылып, киіз басуға әзірленеді.                                 
      – Ең әуелі киіз басу үшін жүнді жақсылап сабау керек. Оған жылқының жақсылап керіп кептірген тері-тулағы мен жас талдан қиып, арнайы көлеңкеде кептірген сабау-таяқша қолданылады. Киіз басуға іріктеліп алынған жүнді тулақтың үстіне тастайды да, 4-5 адам айнала отырып сабау-таяқпен ұрғылап, көпсітеді, – дейді анам Айдана Смағұлова.                               
Жүн сабалып біткен соң киіз басу үшін жүнді шиге салып, екі қабаттап тартады. Сонда астына салынатын жүнді тым қатты сабамай-ақ, тек көпсітіп қана сабайды. Ал, бетіне тартылатын жүнді әдемілеп, жұмсақ етіп сабайды. Бұл жүн сабаған әйелдердің басты назарында болуы шарт. Үстіңгі қабаты тартылып біткен соң, шөмішпен жүннің үстіне қайнаған суды себезгілеп құяды. Сөйтіп, оны орай бастайды. Аз дегенде 5 адам шиге салынған жүнді 30-40 минут білекпен аунатып, салмақ сала домалатады. Бұрын киіз басу науқанында апа-әжелеріміздің білектері осыдан қып-қызыл болып ізі қалып жүретіндері есімде қалыпты. Ал, айтылған межелі уақыт аяқталған соң, шиден шығарғанда жүннің киіз болып біріккенін байқауға болады. Анам өзінің көп жылдық тәжірибесін ортаға салып, шиден шығарылған киіздің суы көп те, аз да болмауын қадағалау керектігін айтады. Себебі, суы көп болса да, аз болса да киіз бірікпей қоятын көрінеді. Ең соңында киіз ретінде біріккен жүнді бірнеше әйел біріге қарпып, оның берік әрі қайратты болуын қадағалайды. Ал, дайын текеметтің бетіне қошқармүйізден ою-өрнек салып әспеттейді. Қызылды-жасылды қою түсті мақпалдардан әдемі ою салып, жиек жіппен көктеп шығады. Мақпалға қолы жете бермейтін шеберлер жүнді түрлі түске бояп, оған түр салады. Сөйтіп, текеметке жүнді созып сан түрлі ою-өрнек салғанда, киіздің көркі ашыла түседі. Осылайша көп қолымен бітетін керемет қолөнер туындысын халқымыз құтты  қонағына сый ретінде ұсынып немесе қыз жасауына негізгі дүние ретінде апарған. Ендеше, қазақтың аталмыш бұл қолөнері кейінгі ұрпаққа үлкендердің тек естелігімен ғана айтылып, көне жәдігерлер мекенінен іздеп жүріп көретін сирек қолданыстағы өнерге айналып кетпесе екен дейміз.
                                                                                        Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
13 сәуір 2018 ж. 5 657 0