Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСЫЛЗАТТЫҢ АСЫЛ БҰЙЫМДАРЫ

АСЫЛЗАТТЫҢ АСЫЛ БҰЙЫМДАРЫ


Асылзат Арыстанбекқызы – ісмер. Мына кестелеп тігілген әсем сәукеле соның қолынан шыққан. Облыс орталығындағы «Қолөнер» дүкенінің тігін цехында жұмыс істейтін шебердің негізгі мамандығы – журналист, яғни бұған дейін ол қаламгерлікпен айналысқан. Бірақ, уақыт өте келе ұлттық дәстүрдің, ұлттық бірегейліктің белгісін жоғалтпай, қолдан келгенін ортаға салуды шешіпті. Кейіпкермен әңгіме барысында оның Астана қаласында да «Асылзаттың әшекейлері» дүкенін ашып, кәсіп қылғанын білдік. Дәстүрлі өнерге ден қойып, оны қайта жаңғыртуды өзіне міндет еткен тігінші бүгінде ізбасарларына да үйретіп, аманат етуді парыз санайды екен.
– Бұйымдардың барлығын бүгінгі трендке сай етуге тырысамын. Әрбір дүниені жасамас бұрын сол әшекейді тағатын қыз-келіншектің бейнесін көз алдыма елестетіп, оның келбетін аша түскім келеді. Қазақи дүниелерге тапсырыс қабылдаймын. Бұл іспен басында хобби ретінде айналысқан болатынмын. Алайда, тұтынушыларымның жылы лебізі мені қанаттандырып, ерекше шабыт сыйлады. Осылайша, аяқ асты тапсырыс қабылдап, іске кірісе кеттім. Қыз-келіншектерге арналған түрлі стильдегі білезіктер, биік тәждер, сырғалар мен алқалар, сәнді сәукелелер жасаймын. Тың дүниелерді сатып алушылар көп. Келушілердің басым бөлігі сувенирлік бұйымдарға ғана емес, ұлттық нақыштағы киім-кешек пен аксессуарларға қызығушылық танытады. Байқасаңыздар, қазір ұлттық оюмен әдіптелген киіз пальто киіп, қазақи ою басылған сөмке ұстап, ұлттық сырға, білезік, алқа таққан қыз-келіншектерді жиі кездестіруге болады, – дейді Асылзат.
Бала күнінен әдемілікке іңкәр кейіпкеріміздің бүгіндері тапсырыс орындаудан тапжылмай, таңнан қара кешке дейін тігін мәшинесінің алдынан ажырамайтынын байқау қиын емес. Бір ғажабы, осы бір өнер әлемінде өрнек салғанда ерекше көңіл тербейді. Ал оны асқан шеберлікпен шынайы дүниеге айналдыру шеберге берген табиғат сыйы деп білеміз. Қысқасы, Асылзаттың асыл дүниелері ұлт болмысын әлі талай жарқырата түсеріне кәміл сенімдіміз.

М.СНАДИНҚЫЗЫ



26 наурыз 2018 ж. 1 248 0