Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық мерекені тойлауды бастап кетті

Ұлық мерекені тойлауды бастап кетті


«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымы Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы қарсаңында жұмысқа ұлттық киіммен келіп, қызмет алушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Біздің бөлім үш жыл бұрын осы Наурыз мерекесінің қарсаңында ашылған болатын. Сондықтан бұл күні екі бірдей мерекені атап өтеміз. Біздің жас ұжымда әрбір мереке көңілді өтеді. Бұл жолы да дәстүр бойынша мерекелік бағдарламаны қызықты етіп ұйымдастырдық. Мекеме алдында киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдарына толы кең дастархан жайылды. Қонақтар мен орталыққа келген әрбір адам ұжымға ізгі тілектерін айтты. Қызметкерлердің орындауында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат көрсетілді», - дейді мамандандырылған бөлім басшысы Гүлдана Рахметова.
Шара барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері дәріптелді. Бөлім қызметкері Рүстем Аягөзовтың ұлы Димаштың тұсауын кесу бас маман Жасұлан Абсұлтановқа бұйырды. Сәбидің алғашқы тәй-тәйіне «өмірде жығылмай жүрсін, болашағы жарқын болсын» деген тілектер айтылды. Сонымен қатар жақында дүние есігін ашып, алғашқылардың бірі болып проактивті қызмет арқылы туу туралы куәлігін рәсімдеген тағы бір қызметкеріміздің ұлына арнап «Бесікке салар» рәсімі өткізілді. «Біз осындай салт-дәстүрлер арқылы қазіргі жаңа қызметтерді де насихаттадық. Мәселен, жаңа туған балаға қатысты мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен алудың тиімділігін түсіндіріп, азаматтарға біраз мағлұмат бердік»,- дейді бөлім маманы Гүлназ Бадракова.
21 наурыз 2018 ж. 1 462 0