Жергілікті халықтың сұранысы орынды
Тілшілік тіршілік барысында жергілікті халықтың талап-тілегін тыңдауға мүдделіміз. Қырық мыңға жуық аудан тұрғыны мен қонақтарының көкейінде жүрген негізгі мәселе бар. Әрине, көпшілікті аудан орталығы – Тереңөзек кентінде қонақ үй мен үлкен мейрамхананың жоқтығы алаңдатады. Негізінен, талапқа сай, заманауи үлгіде жабдықталған кәсіпкерлік нысаны кез келген тұтынушы арасында айтарлықтай сұранысқа ие.
Әрине, шағын және орта бизнестің жандануы – аудан экономикасының өрісін кеңейтеді. Бүгінде аудан орталығында шағын мейрамхана желісі тұрақты жұмыс жасағанымен, сыйымдылығы едәуір жоғары мейрамхана тапшы. Тойшыл қауым 300-500 адамды қамтитын той жасау үшін Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданындағы мейрамхананы жалдауға мәжбүр. Бірнеше есе шығынға ұшырайтын той иесі сапалы қызмет көрсететін, барлық жағдайы жасалған мейрамхана таңдауды дұрыс санайды. Ең бастысы, той жасайтын кез келген адам мейрамхананың ас мәзіріне көңіл бөлетіні жасырын емес. Сонымен бірге гигиеналық тазалықтың сақталуы, қонақты сан түрлі үлгіде күту, оңтайлы қызмет көрсете білу ережесі басты назарға қойылады. Барлық жағынан көңілге қонымды мейрамхана салуға қомақты қаржы жұмсалатыны белгілі. Дегенмен, жергілікті кәсіпкерлер инвестиция құйып, халық сұранысын қанағаттандыра білсе, игілікті іс болмақ.
Тереңөзек кентінде мейрамхана қызметінен бөлек, қонақ үй, хостел бизнесі кенжелеп қалғаны рас. Қай кезде ауданға іс-сапар немесе қызмет бабымен келген іскер жандар уақытша тұрақтайтын жайлы орын іздейтіні рас. Алыс-жақын шетелден немесе республика өңірлерінен келетін қонақтар да Қызылорда қаласына шабылатыны анық. Сонымен бірге жыл көлемінде ауданда бірнеше жоғары деңгейдегі спорттық және мәдени жарыс өткізіліп тұрады. Мұндайда жарысқа қатысушылар жалдамалы пәтерге орналасатыны мәлім. Негізгі санаты бойынша жұлдызға бөлінетін қонақ үйдің бағалары да арта түседі. Қолайлы жатын орын, бірнеше мезгіл ұсынылатын ас мәзірі, тынығу үшін демалыс аймағы, арнайы семинар, келелі жиын өткізуге кіші зал, спортпен шұғылдануға қолайлы жаттығу залы болғаны жақсы.
Өз кезегінде кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмат Сәдуақасов көпті толғандырған мәселеге байланысты өз пікірін білдірді.
– Сырдария ауданы бойынша шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылған. Жергілікті халық ертеректен аграрлық саланы меңгеруге бейімделген. Ауылшаруашылығы саласына ден қойған азаматтар басқада кәсіп түрін ашуға бейімделгені дұрыс. Халықтың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мейрамхана және қонақ үй салу мәселесі орынды. Тереңөзек кентінің аумағы кеңейіп, халықтың тұрмысы жақсаруда. Сондықтан арнайы 300-500 орынға лайықтандырылған мейрамхана керек. Әрине, бүкіл әлемге зардабын тигізген пандемия салдарынан мейрамхана иелері орасан шығынға ұшырады. Соған қарамастан кейбір кәсіп иелері өз бизнесін жандандыру үстінде. Алдағы уақытта той салтанатын өткізетін мейрамхана салынуы үшін жақсы табысқа қол жеткізіп отырған кәсіпкерлерге түсіндірме жұмысын жүргізуге мүдделіміз. Екіншіден, аудан орталығында қонақ үй қызметін үйлестіруге ынтасы бар азаматтар болса, бағыт-бағдар көрсететін мамандар жеткілікті. Туған жерден түлеп ұшқан әрбір ел азаматты да жаңа нысан тұрғызып, қонақ үй қызметін жүргізсе, көпшілікке қолайлы болмақ, – дейді Алмат Сәдуақасов.
Барлық жобаны жүзеге асыру үшін жоғары мөлшердегі қаражат қажет етіледі. Сондықтан жобаның қаншалықты нәтиже беретінін зерделей білген абзал.
– Расында, аудан орталығында бірнеше жыл бұрын санаулы мейрамхананың өзі тұрғындар үшін оңтайлы қызмет үлгісін көрсете білді. Қазақтың әрбір күні тоймен байланысты екені белгілі. Үлкенді-кішілі тойды облыс орталығына немесе Жалағаш ауданына жасағанды көпшілік жөн көреді. Бұрын «Темірқазық», Ақ жол», «Думан», «Шаңырақ», «Рахат» секілді кафе мен мейрамхана тұрақты жұмыс жасаған болатын. Қазіргі уақытта тек үлкен тойды жасау үшін «Шаңырақ» кафесі ғана тапсырыс қабылдауға қолайлы. Сондықтан ел-халықтың атынан бизнес өкілдерінің заманауи үлгідегі мейрамхана ашуға ықпал етуін сұраймыз. Сонымен бірге өзіміз де өзге қалаға қыдырып бара қалсақ, жанға жайлы қонақ үйлерді көріп көзіміз тояды. Адам тіршілік ететін қай жерде де, барлық қызмет көрсететін сапалы кәсіпкерлік нысандар болғаны дұрыс. Жаңадан қонақ үй мен мейрамхана ашылған жағдайда біраз адамға жұмыс орны ашылатын еді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ