Отбасылық кәсіптің жемісі
Қай кезде де талпыныс табысқа жеткізетіні мәлім. Нарықтық заманда кәсіптің бірнеше түрімен айналысу керек-ақ. Көпшілік сұранысына сай бизнесті жан-жақты жандандыруға мүмкіндік мол. Мәселен, шағын кәсіпкерлікті қолға алған Мирамкүл Әкімжанова «Жеңіл бу» қоғамдық моншасын ашып, бизнес бастаған. Ашылғанына көп болмаса да, қоғамдық моншаға келушілер қатары көп.
Тереңөзек кентінде орналасқан қоғамдық монша заманауи үлгіде салынған. Бүгінде қоғамдық монша нәзік жандыларға қызмет көрсетеді. Сонымен бірге отбасылық жұптар да тұрақты тұтынушысы екенін айта кеткен жөн. Жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан моншаның құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Бір мезетте 9 адамды қабылдайтын кәсіпкерлік нысанды тұрғызуға 6 миллион теңге қаражат жұмсалған.
– Біз Ғани Мұратбаев көшесінде бірнеше жылдан бері тұрамыз. Отбасымызбен жеке кәсібімізді ашуды көптен бері жоспарлаған едік. Қазіргі уақытта қоғамдық моншаға халық арасында қызығушылық басым. Осылайша, отағасы Ғалымжан мен ұлым Марат екеуі моншаның іргетасын қалады. Барлық құрылыс жұмысына аса мән бердік. Заманауи үлгідегі ғимаратты тұрғызуға барлық күш-жігерімізді жұмсаған болатынбыз. Қоғамдық моншада әрбір адам шомылуға арналған арнайы орын белгіленген. Сонымен бірге тұтынушыға жайлы орта қалыптастыру мақсатында бөлек-бөлек сөре қойылған. Жоғары температудағы ыстық булы бөлмеде көпшілік емін-еркін отыра алады. Ал кезек күткен немесе шомылып шыққан кісілер үшін демалыс орны бар. Қоғамдық монша үздіксіз көгілдір отынмен жылытылады, – дейді Мирамкүл Әкімжанова.
Адамның түсінігінде «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұғым қалыптасқан. Жаңа жыл мерекесінде пайдалануға берілген қоғамдық монша адамдардың жеке гигиенасын сақтауына айрықша қызмет етеді. Кәсіп иелері санитарлық талаптың орындалуына аса көңіл бөледі. Жаз мезгілінде сенбі-жексенбі күндері жұмыс жасайтын қоғамдық моншаға аптаның сейсенбісінде санитарлық тазалық жүргізіледі. Қоғамдық моншаға шомылу үшін әрбір адам 700 теңгесін жұмсайды.
Өз кезегінде кент тұрғыны Ғ.Мырхиева қоғамдық монша жөнінде өз пікірін білдірді.
– Тереңөзек кентінде жергілікті тұрғындарға жоғары деңгейде қызмет көрсететін бірнеше қоғамдық монша бар екенін жақсы білеміз. Оның ішінде, «Жеңіл бу» қоғамдық моншасы көңілімізден шықты. Тек азаматшаларға қызмет ететін моншаның тазалығына ерекше мән беріледі. Ғалымжан аға мен Мирамкүл апайдың отбасы жақсы іске бастамашы болды. Тұтынушылар үшін бар жағдайды жасаған кәсіп иелеріне дән ризамыз, – дейді кент тұрғыны.
Кәсіпкерлік саласы экономиканың дамуына серпін беретіні рас. Осылайша, Бакировтар отбасы алдағы уақытта аудан экономикасының өрістеуіне өз үлестерін қоса бермек. Берекелі кәсіп иелерінің жұмысына табыс тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ