Қарттарға құрмет толастамайды
1 қазан – Халықаралық қарттар күні және Ұстаздар күні мерекесі аясында «Мәді Қажы» ЖШС-нің демеушілігімен, Шіркейлі ауылдық әкімшілігі, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің Сырдария аудандық филиалының және Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында мерекелік кеш өткізілді.
Ізгілікті іс-шараға «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова, «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы Сейіткамал Сұлтанов, еңбек ардагерлері Зылиха Сыздықова, Мағрипа Жүсіпьекова, ауылдың қазыналы қарттары мен ұстаздар қатысты.
Танымдық іс-шара өнерпаздардың жастық пен қарттықты суреттейтін сахналық көрінісімен ашылды. Тағылымы терең көріністе жас буын мен қариялар арасындағы берік байланыс, ізгілік мұрасы, рухани құндылық насихатталды. Бұдан кейін Мақсұт Әбсадықов «Қарттарым, аман-сау жүрші» термесін орындады. Өз кезегінде Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Божанова сөз алып, қос мерекемен жиналғандарды құттықтады. Авторлық кітаптарын ауылдық кітапхана мен іргелі білім ошағына табыстады.
– Тарихы тереңде жатқан Сырдың топырағы қашанда киелі. Қасиетті мекен Шіркейлі ауылынан талай талантты тұлғалар өсіп-өнді. Туған жер атын асқақтатып, биік белестерді бағындырды. Тынымсыз еңбек пен қым-қуыт шаруаның бел ортасынан табылған ауыл адамдары әрқашан құрметке лайық. Уақытында бірлесе атқарған жұмыстарға қолдау көрсеткен елдегі ағайынды ұмытпаймыз. Ардақты әкелер мен ақ жаулықты аналардың қай кезде де шоқтығы биік. Елі үшін, ұрпағы үшін аянбай еңбек ете білген қазыналы қарттарымыз бен халық баласын оқытқан ұстаздарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қос мереке құтты болсын, деді «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова.
«Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы Сейіткамал Сұлтанов ауыл ардагерлеріне арналған мерекелік жылы лебізін білдірді.
– Жыл сайын шаруашылық тарапынан ардегерлерімізге зор құрмет көрсетіліп келеді. Биыл түрлі салада қызмет еткен ардагерлерімізді марапаттауды жөн көрдік. «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген дана халқымыз. Шежірелі қарттарымыздың жүріп өткен жолы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Өткеннен ғибрат ала білген біздер ардагерлеріміздің еңбегін жоғары бағалаймыз. Құрмет көрсетуден жалықпаймыз, – деді серіктестік төрағасы Сейіткамал Абзалұлы.
Кеш барысында халық баласын оқытуда қажырлы қайратын арнаған ардагер-ұстаздарға «Ұстаз мерейі» төсбелгісі табысталды. Сонымен бірге, ерең еңбегі үшін түрлі сала ардагерлері «Тәуелсіздік қыраны» төсбелгісімен марапатталды. Игі іс-шара барысында Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Божанова мен еңбек ардагері Зылиха Сыздықоваға құрмет көрсетілді.
Қарияларға құрмет көрсеткен ауыл өнерпаздары әннен шашу шашып, би биледі. Және де жас домбырашылар күй тартысқа шықты. Ардагер-ұстаз Біләл Мақашов жиналғандарға ақ батасын берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ