Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасының ұйытқысы, тыныштық шырақшысы

Отбасының ұйытқысы, тыныштық шырақшысы

Жыл қорытындысына орай облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова ау­дандағы әйелдер кеңесінің төрайымдарымен кездесті. Кездесуге «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева және ауылдық округтерден әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Димаш Баудушев ашып, жүргізіп отырды.

Аудан әкімінің орынбасары қоғамда әйел­дердің рөлі зор екенін атап, аудандағы әйелдер кеңестері әлеуметтік мәселелерді шешуде нәти­желі жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

– Әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Сондықтан әйелдердің қоғамдағы рөлі зор. Аудан бойынша барлық елді мекенде әйелдер кеңестері құрылған. Әйелдер кеңестері ауыл әкімдерімен бірлесе отырып, сол ауылдардағы әлеуметтік, отбасылық жағдайларға байланысты мәселелердің оң шешімін табуына көмектесуде. Жалпы, ауданда әйелдер кеңесінің жұмысы жүйелі ұйымдастырылуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев.


Сөз кезегінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева жыл бойына атқарылған жұмыстарды саралады. 2020 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Отбасы және неке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту бағытында шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына жергілікті бюджеттен 1 млн теңге бөлініп, «Сырдария ауданының әйелдері» қо­ғам­дық бірлестігі арқылы тиісті жұмыстар үйлестірілген. Жоба аясында түрлі деңгейдегі дөңгелек үстел, көрме, акция, байқаулар мен кездесулер өткізіліп, тәлім-тәрбие, отба­сы құндылығы және басқа да тақырыптар қамтылған.


Сонымен қатар қоғамдық бірлестік жанынан құрылған «Әжелер мектебі» мен «Жас отау» клубы жұмыс жасайды. «Әжелер мектебінде» келін мен ене арасындағы туындайтын мәселелер, әулеттің үлкендерінің жақсы дәстүрлері үлгі ретінде айтылып, насихатталса, «Жас отау» клубында жас жұбайлардың аяқтарынан нық тұрып кетуіне байланысты кездесетін қиыншылықтарды шешуге ақыл-кеңес айтылады.
Ауданның экономикасын көтеруде, орта және шағын бизнес саласын дамытуда да әйелдердің үлесі басым. Өткен жылы жеке кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер саны 557-ге жеткен. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша әйелдерге қатысты құны 110,0 млн теңгенің 29 жобасы қаржыландырылған. Ал аталған бағдарламаның «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру тетігі бойынша 130 әйел өз жобаларын іске асырған.


Жалпы, әйелдер кеңесі қоғамдағы отбасылық құндылықтар, ұлттық тәрбиеге қатысты тақы­рыптарды қаузап, ондағы әйелдер рөліне басым бағыт беріп келеді.


Мұнан соң «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бір­лестігінің төрайымы А.Божанова мен облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарова сөз сөйлеп, облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыстық әйелдер кеңе­сінің төрайымы карантиндік шектеулерге байланысты облыс орталығында жыл қорытындысына байланысты жиын өткенін атап, онда көптеген мәселе көтерілгенін сөз етті. Соның нәтижесімен аудандарда кездесу өткізіп, алдағы міндеттерді айқындауды мақсат еткендігін айтты. Сондай-ақ биылғы жылдан бастап салааралық жұмыстарға басым бағыт беріліп, қажырлы еңбек етіп жүрген әйел-аналарды дәріптеу қолға алынатынын жеткізді.


Өз кезегінде ауданның Құрметті азаматы Зылиха Сыздықова, қолөнер шебері, ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева ұсыныс-піірлерін жеткізді. Кездесу қорытындысында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан бірқа­тар әйел-аналар облыстық әйелдер кеңесі төра­йымының және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

05 қаңтар 2021 ж. 1 021 0