Қарттарым – асыл қазынам
Жылдағы дәстүрге сай «1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде» аудан ардагерлеріне құрмет көрсетілді. «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында салтанатты жиынға аудан әкімі Руслан Рүстемов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қатысты.
Қазыналы қарияларды аудан әкімі мерекемен құттықтады.
– Адамзат баласы ықылым заманнан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді жалғастырып келеді. Оның ішінде қазақ халқы әрқашан қариясын қадірлеп, қазынаға теңеп, құрмет көрсетуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда жыл сайын 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» ретінде атап өту жөнінде шешім қабылдағаннан кейін ардагерлер қауымының төл мерекесі ерекше тойланып келеді. Халқымыз «Үйіңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтпаған. Жақсы қартая білген адам күннің жарығы секілді өзгелерге нұрын шашады, санаға сәулесін сіңіреді. Қазыналы қарияларымыз – қоғамымыздың қымбат қазынасы. Олар – біздің тірегіміз, арқа сүйер ардақтымыз, мемлекетіміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз» деп айырықша атап көрсетіп, қарияларды құрметтеп, қадірлеу керектігін айтқан болатын. Расында да, кезінде көп бейнет көрген қарттарымызды құрметтеу, қамқорлық жасау – абыройлы борышымыз. Қарияларды әлеуметтік жағынан тұрақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев та қазыналы қарияларды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аймақта ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетудің үрдісі қалыптасқанын айтты. Биылғы жылы облыс ардагерлері көршілес Өзбекстан мемлекетіндегі тарихи жерлерге саяхат жасап келгенін атап өтті. Мұндай құрмет легі толастамайтынын жеткізіп, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровқа Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісін, Ақжарма ауылының ардагерлер және қоғамдық кеңесінің төрағасы Құрманбек Сқақовқа облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет Грамотасын», еңбек ардагері, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері Анар Ізбасароваға облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын табыс етті. Іс-шарада аудан әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесінің бірлескен Құттықтау хатымен еңбек ардагерлері Рахымжан Бәйменов, Сәуле Өмірзақова, Абзал Сұлтанов, Ермек Әлжіков марапатталды.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы және ауылдық қоғамдық кеңес төрағалары, сала ардагерлері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, аудан әкімдігіне алғыс айтты. Мерекелік салтанатта аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ