Депутаттық сауалға жауап берді
Аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ұзақбаев Ерлан Амантайұлына "фейсбук" әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы депутаттық сауал жолдады.
Өзіңізге белгілі, Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына карантиндік шараларды күшейту мақсатында тиісті талаптар мен міндеттер жүктелген және құзірет берілген. Осыған орай Сізге тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер мен сұрақтар негізінде бірқатар мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдаймын.
1. Бүгінгі күнге Сырдария ауданы бойынша корновирустық инфекцияның нақтыланған жағдайы және үй карантинінде оқшауланғандар мен стационарда ем алғандардың саны қанша? Ерлер мен әйелдердің қауіпті індетке шалдығуының көрсеткіші жөнінде ақпарат бар ма?
2. Ауданда қанша мониторингтік топ бар? Топ мүшелері бүгінгі күнге дейін қанша нысанды тексерді? Қанша нысанға және жеке тұлғаға айыппұл салынды? Салынған айыппұлдар өндірілді ме?
3. Карантин талаптарын сақтамау салдарынан салынған айыппұлдар қай елді мекендерде көп?
4. Аудан бойынша қанша азаматқа екпе салынады деп жоспарлануда? Бірінші кезекте екпе кімдерге салынады? Жекелеген азаматтар үшін екпе салу тегін бе, ақылы ма?
Өз кезегінде Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ұзақбаев Ерлан Амантайұлы депуттатық сауалға жауап берді.
Құрметті Ақтөре Ибрагимұлы!
Сіздің депутаттық сауалыңызға орай төмендегі ақпараттарды ұсынамын:
1) Пандемия басталғалы бүгінгі күнге Сырдария ауданы бойынша нақтыланған 203 коронавирустық инфекциясымен науқастанған тұрғындардың ішінде: үй карантиніне оқшауланғандары – 42, стационарларда ем алғандары – 160, қайтыс болғаны – 1. Бүгінгі күні 3 ауру белгілері жоқ науқасымыз бен науқастармен тығыз қарым-қатынастағы 8 адам үй карантиніне оқшауланып, тиісті медициналық бақылау жүргізілуде. 203 коронавирустық инфекцияның нақтыланған жағдайының 93 (45,8%) ерлер болса, әйелдер 110 (54,2%) құрап отыр.
2) Сырдария аудан әкімінің 26.10.2020 жылғы №266 өкімімен құрылған 3 мониторингтік топтарымен 2020 жылы 568 нысан тексеріліп, рейдтік тексеру 217 жүргізілді. 2021 жыл басынан бүгінгі күнге дейін барлығы 21 рейдтік тексеру жүргізіліп, 81 нысандарға барылды. Тексерулер барысында анықталған кемшіліктерге сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін 17 нысан қызметкерлеріне және 43 жеке тұлғаларға тиісті хаттамалар толтырылып, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 425 бабының 1-тармағы бойынша 2.500.200 теңге көлемінде айыппұлдар салынып, 2021 жылы бүгінгі күнге 2 жеке тұлғаға отбасылық іс-шара өткізгені үшін 87.510 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілді.
3) Карантиндік режим талаптарын бұзудың 62 деректері бойынша елді-мекендер кесімінде төмендегідей:
Тереңөзек кенті – 38;
А.Тоқмағанбетов ауылы – 6;
Ақжарма ауылы – 4;
Шіркейлі ауылы – 4;
Шаған ауылы – 3;
Қоғалыкөл ауылы – 4;
Қалжан-Ахун ауылы – 2;
С.Сейфуллин ауылында – 1 болса, қалған ауылдарда орын алған жоқ.
4) Жалпы аудан бойынша 2021 жылға коронавирус инфекциясына қарсы бірінші кезекте 1481 тұрғын егілуге жоспарланып отыр, оның ішінде: медициналық қызметкерлері – 282, жалпы білім беру ұйымдарының қызметкерлері – 777, орта кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылары – 135, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері – 190, жергілікті әкімдік қызметкерлері – 75, санитариялық – эпидемиологиялық қызмет саласы мамандары – 22, сонымен қатар учаскелік полицейлер, мемлекеттік қызметшілер, созылмалы ауруы бар тұрғындар және басқалары. Бұдан басқа, кейіннен контингентті кеңейту жоспарлануда. Барлық Қазақстан Республикасының азаматтарына екпе ТМККК есебінен тегін жүргізіледі.