Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус: Азаматтардан тиісті талаптарды орындауды сұраймыз – Ерлан Ұзақбаев

Коронавирус: Азаматтардан тиісті талаптарды орындауды сұраймыз – Ерлан Ұзақбаев

Қызылорда облысы Сырдария ауданында коронавирус инфекциясымен күрес бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Іске асырылған шаралар жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Қызылорда облысында қатерлі індеттің алғашқы жағдайы биылғы жылдың наурыз айында тіркелген. Ал Сырдария ауданында коронавирусқа шалдыққан адам 7 сәуірде анықталған. Жалпы ауданда бүгінге дейін инфекцияны жұқтырудың 183 дерегі есепке алынды.

«Нақтыланған 183 жағдайдың ішінде 141 науқаста ауру белгісі болса, 42 адамда ауру белгісі байқалған жоқ. Инфекциялық стационарда 125 адам жатып ем алды. Ал үй карантинінде 27 адам бақылауда ұсталса, карантиндік стационарға 31 науқас жатқызылған. Науқастар клиникалық хаттамаға сәйкес емін толық аяқтады. Сондай-ақ, ауданда 14 жасқа дейінгі балалар арасында 13 жағдай тіркелген. Пандемия басталғалы аудан тұрғындарынан жалпы 4927 сынама алынды. Оның 4744-і теріс, 183-і оң нәтиже берді», - деді басқарма басшысы Ерлан Ұзақбаев.

Оның айтуынша, барлық ошақта басқарма мамандары дер кезінде жүйелі эпидемиологиялық зерттеп-тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде індетке қарсы іс-шаралар толығымен орындалды.

«Қатерлі індет шыққан әрбір ошақта «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының аудандық бөлімшесі мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Осы орайда эпидемиологиялық ошақтарда жұмыс жасап, инфекция жұқтырған науқастармен тікелей байланыста болған қызметкерлерге арналған карантиндік орын бөлініп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оған аудан әкімдігі тарапынан қолдау жасалды. Қауіптің бетін қайтаруға жанашыр азаматтар да қол ұшын созды. Бұл азаматтар медицина мамандарына демеу көрсетті. Қажетті құрылғылар мен дәрі-дәрмекті алып берді. Қиындық кезеңінде жергілікті тұрғындар ынтымақ-бірлігін танытты», - деді Ерлан Ұзақбаев.

Індеттің одан әрі таралуының алдын алу мақсатында мамандар тиісті іс-шараларды қолға алып келеді. Халықтың карантиндік талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған мониторингтік топ жұмысы тұрақты жүргізілуде. «Мониторингтік топ мүшелері тарапынан бүгінгі күнге дейін ауданда 312 нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 147 нысанға ескерту парақшасы таратылды. «Карантиндік талаптардың сақталуы және карантин кезінде анықталған құқық бұзушылықтар» бойынша аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, 59 тұрғынға 2,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Ауданда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанымен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан азаматтар өздігінен оқшаулану, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, жеке бас гигиенасын қатаң орындау секілді талаптарды орындауды сұраймыз. Сондай-ақ, ұжымдық және отбасылық іс-шараларды өткізуді тоқтату, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, науқас адамдармен байланысқа түспеу сынды карантин талаптарын бұлжытпай сақтауы тиіс. Ал суық тию белгілері пайда болған жағдайда жергілікті дәрігерден кеңес алу керек», - деді ол.


22 желтоқсан 2020 ж. 328 0