Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа бірлестік ашылды

Жаңа бірлестік ашылды

Сырдария ауданында жаңадан «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігі құрылып, әділет органынан мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Бұл туралы бірлестік төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

«Біз, сырдариялық бірқатар белсенді жас ақылдаса келе, аудандағы жастар саясатының дамуына өз үлесімізді қосу және азаматтық қоғам қалыптастыруға атсалысу мақсатында «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігін құрып, Әділет органына мемлекеттік тіркеуден өткіздік. Бірлестік қызметінің негізгі мәні өнегелі өмір иелерімен кездесулер ұйымдастырып, олардың өмірлік үлгісі мен тәжірибесін жас ұрпақтың санасына сіңіру, қоғам белсенділерінің көзқарасы мен пікірін ауданның дамуына бағыттау, түрлі форматтағы іс-шараларды өткізу болып табылады. Мұнан бөлек біз «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілетін басым бағыттар бойынша іс-шараларға, көрнекті тұлғалардың еңбегін, егемен елді дамытуға қосқан үлесін насихаттауға басымдық беретін боламыз. Әрине аудан жастары арасында спорттық, мәдени іс-шаралар өткізу, қарияларға, көп балалы және жалғыз басты аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, әлеуметтік, қаржылай және моралдық көмек көрсету және шығармашыл жастардың идеяларын жүзеге асыруға да өз үлесімізді қосамыз. Сондай-ақ жоспарымызда отбасы құндылықтары мен салт-дәстүрді насихаттау жұмыстары да бар» делінген жазбада.

Атап өту керек, ауданда жастар саясатымен тығыз айналысатын бұған дейін бес ұйым болса, енді оның саны
«Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің құрылуымен алтыға жетті.
18 ақпан 2021 ж. 355 0