Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЕГЕЙ РУХАНИ ОРТАЛЫҚ

БІРЕГЕЙ РУХАНИ ОРТАЛЫҚ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел мен жер тарихын қалыптастырып, ұрпаққа үлгі болған тұлғаларды дәріптеуге ерекше басымдық берді.
Сырдария ауданында елдің әлеуметтік-эко­но­микалық өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан елжан­ды азаматтар көп. Біз әркез ғұмыры ғибратқа, тағдыры тағылымға, өмірі өнегеге толы азаматтарды мақтан етеміз. Олардың атқарған қызметі, елеулі еңбегі мен төккен тері өскелең ұрпаққа өшпес өнеге. Осы орайда, бағдарламалық мақаланың «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кент орталығынан «Сырдария ауданының Құрметті азаматтарының аллеясы» мен «Еңбек даңқы» музейі ашылды. 90 жылдық тарихы бар ауданның мол мұрасын қамтитын музей бұрынғы аудандық мешіт ғимаратын қайта жаңғыртудың нәтижесінде жүзеге асты. Ал, аллеяда осы өлкеде аянбай еңбек етіп, ауданның құрметті азаматы атанған жандардың есімі жазулы тұр. Бұл өскелең ұрпаққа олардың өнегелі өмірін ұлықтаудың, насихаттаудың басты көрінісі болды.
«Еңбек даңқы» музейі – аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық. Музей негізгі үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім ауданнан шыққан қоғам қайраткерлерінің өмір жолынан сыр шертсе, екінші бөлімге Тәуелсіздік жылдарында жеткен жарқын жетістіктер қойылған. Ал, үшінші бөлім түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлердің, атап айтқанда, спорт саңлақтарының, білім, өнер, мәдениет қайраткерлерінің, денсаулық сақтау саласы үздіктерінің еңбектерін қамтиды.
Ал, «Құрметті азаматтар» аллеясы – еңбек ада­мына деген ерекше құрметтің жарқын белгісі. Мұн­да «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алған 99 азаматтың есімі жазылған. Олардың ау­данның, аймақтың дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұл орын кейінгі толқынның аға буын өкіліне зор құрметі. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ ауданның қалыптасуына, дамуына, бүгінгідей жетістікке жетуіне кімдердің атсалысқаны жөніндегі толық мәліметпен осы жерде танысады.

Е.БЕРКІНБАЕВ

14 мамыр 2019 ж. 710 0