Санитарлық талап сақталып жүр ме?
Аудан көлемінде карантиндік талаптардың сақталуына байланысты 3 мониторингтік топ құрылған. Мониторингтік топтар пандемия уақытында карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік нысандарды аралауда. апта ағымында мониторингтік топ Тереңөзек кенті мен барлық елді мекенді аралап көрді. Сала мамандары бұл жолы білім ошақтарында санитарлық талапқа сай жұмыстарды назарға алды.
Қазіргі таңда елімізде коронавирустық инфекцияның таралуы қайта өршуде. Сондықтан сақтық шараларына аса мән беру керек. Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев білім мекемелерін аралап көрді. І мониторингтік топ мүшелері Ақжарма, Іңкәрдария, Шаған, Нағи Ілиясов, Шіркейлі ауылындағы білім ошақтарының карантин уақытында ережеге сәйкес жұмыс жүргізу тәртібі сараланды.
Карантиндік шектеулердің орындалуы – мұғалім мен оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мәселен, аудан бойынша 4 мектепте дәстүрлі түрде сабақ жүргізілуде. Ал 13 мектептің мектепалды даярлық, 1-5 және 9, 11 сынып оқушылары кезекші топтар құру арқылы оқытылуда. Кезекші сыныптарда санитарлық талаптар сақталған. Мектептер мен балабақшалар санитайзерлермен қамтамасыз етілген. Әрбір оқушының денсаулығына бей-жай қарамайтын білім саласы қызметкерлері мектептерде «online» және «offline» форматта оқытуды жүзеге асыруда. Кезекші сыныптарда оқушы санына жіті көңіл бөліп, қорғаныш құралдарын пайдалану ережелерін сақтауға шақыруда.
Карантиндік шектеулерді бақылау мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова бастаған ІІ мониторингтік топ мүшелерімен бірге, Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун және Тереңөзек кентіндегі білім ошақтарының санитарлық талаптарына көңіл бөлді. Ондағы арақашықтықтың сақталуы, сыныптарда антисептиктің жеткілікті болуы басты назарда болды. Ал оқушы мен мұғалімнің бетперде тағып отыруы мұқият қадағаланды. Сонымен бірге шағын орталықтар мен балабақшалардың негізгі санитарлық ережелердің орындалу барысы тексерілді.
Ал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов бастаған ІІІ мониторингтік топ мүшелері Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл елді мекендерінде болып, білім саласы қызметкерлеріне карантиндік шектеулерді түсіндірді. Сонымен бірге мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, мектептерде орын алатын шектеулер таныстырылды. Мектеп ауласында арақашықтықты сақтауды қамтамасыз ету үшін күнделікті қадағалау жүргізу керектігі ескертілді. Сонымен бірге дене қызуын өлшеу, қолды өндеу, бетпердені тағу бойынша сала мамандары ережелерді ескертті. Учаскелік полиция қызметкерлері қаулы бойынша ереже орындалмаған жағдайда айыппұл салынатындығын жеткізді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ