Екі мектепте дәстүрлі түрде сабақ басталады
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты барлық мектепте 1-4 сыныптарға кезекші сыныптар ұйымдастырылып оқытылса, жоғары сынып оқушылары қашықтан білім игермек. Ал оқушы саны аз және интернет желісінің жиілігі төмен елді мекендердегі білім ошақтарында дәстүрлі түрде сабақ өткізіледі. Облыста осындай дәстүрлі түрде оқу жылын бастайтын 71 мектеп болса, ауданда жаңа оқу жылында 2 мектепте дәстүрлі сабақ басталады. Атап айтқанда, Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектеп пен Жетікөл ауылындағы №174 орта мектепте санитарлық талаптар сақтала отырып, сабақ процесі жүреді. Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов аталған білім ордаларына барып, жаңа оқу жылына дайындық барысын көрді.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Іңкәрдария ауылындағы мектепте 2020-2021 оқу жылында 1-11 сыныптарда 203 оқушы білім алады. Ал Жетікөл елді мекеніндегі білім ошағында 146 оқушы дәстүрлі түрде сабақтарға қатысады. Аталмыш мектептердің алдына білім алушылардың арақашықтығын сақтауға арналған арнайы сызба белгілер орнатылған. Сондай-ақ мектептерге дизенфекциялық тунельдер орнатуға жұмыстар жасалуда. Білім ордаларының оқу жылына дайындық барысы жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров айтты.
– Аудан бойынша 17 мектептің 15-інде 1-4 сыныптарға кезекші сыныптар ұйымдастырылса, 2 мектеп дәстүрлі түрде сабақты бастайды. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда дизенфекция құралдары алынуда. Атап айтқанда, дизенфекциялық тунель, санитайзер, антисептик, байланыссыз термометр, кварц шамдары 25 тамызға дейін алынып, мектептерге беріледі. Сондай-ақ сыныптарда оқушылардың арақашықтығын сақтау жұмыстарына аса мән берілуде. Жалпы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылуда, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Аудан басшысы білім ордаларын аралап, мектеп директорларымен және ұстаздармен пікірлесті. Қазіргідей жағдайда оқушылардың қауіпсіздігіне өте мұқият болу керектігін атады.
– Жаңа оқу жылында сабақты дәстүрлі түрде бастайсыздар. Қашықтан сабақ оқытатын ұстаздар сіздерге қызығушылық танытуда. Демек, қазіргідей жағдайда қос мектептің ұстаздарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сол себепті сабақ барысында сақтық шараларына аса мән берген жөн. Маскалық режимді сақтап, талаптарды қатаң ұстану қажет. Сабақ барысындағы үзіліс кезінде оқушылардың сыныптан кезекпен шығуын ұйымдастырып, індеттің таралмауына жол бермеген абзал, – деді аудан әкімі.
Білім мекемелеріне барған аудан басшысы мектепті әжетханамен қамту мәселесін де пысықтады. Қазіргі таңда 17 білім ошағының 15-інде әжетхана мектеп ішіне кіргізілген, 2 мектепте құрылыстары жүргізіліп жатыр.