Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтық шарасы күшейтілді

Сақтық шарасы күшейтілді

Әлемді алқымнан қысқан коронавирус пандемиясымен күресте карантин талаптары күшейтілді. Шектеу шараларын мұқият ұстанған жағдайда вирустың таралуы бәсеңдейді. Көпшілік арасында жиын-тойлар мен мерекелік шараларды өткізбеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Індетті ауыздықтау үшін салғырттыққа бой алдырмау маңызды. Медициналық және санитарлық қағидалардың орындалуын қадағалау күнделікті жүзеге асырылуда. Өткен сенбіде аудан әкімдігі мен АУДАНДЫҚ прокуратураның ұйымдастыруымен рейд өткізілді.

Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудан прокуроры Е.Алмазұлы, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев, жергілікті полиция басшысы А.Мұстафаев, дербес бөлім басшылары Е.Ахетов, А.Мырзахметова және сала мамандары қатысты.

Рейд барысында коронавирус инфекциясының алдын алу және оны таратпау мақсатында мониторингтік топтар кент және елді-мекендерді аралап көрді. Үш топқа бөлінген мониторинг мүшелері санитарлық-дезинфекциялық талаптардың орындалуын бақылады. Құрбан айт мерекесінде діни рәсімдер мен тасаттық беру амалдарын онлайн режимде ұйымдастыру керектігін ескертті. Адамдар арасында арақашықтықты сақтау, үш адамнан артық көшеде жүрмеу керектігі айтылды. Мониторингтік топтармен жүргізілген рейд жұмыстары нәтижесінде шектеу талаптарын сақтамаған жағдайлар анықталды. Карантин кезіндегі талаптарды сақтамағандарға аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тиісті шара көруге әкімшілік хаттама жолданды.

Айта кету керек, коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейін төмендету мақсатында алдағы уақытта мониторинг шаралары жалғасын табады. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары мен мекемелердің санитарлық-дезинфекциялық ережелері талапқа сай бақылауға алынады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
04 тамыз 2020 ж. 537 0